«БАҒДАР БЕРЕТІН ТЕМІРҚАЗЫҚ БОЛАДЫ»

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиынға қатысты.

Ақордада өткен іс-шараға Премьер-министр Олжас Бектенов, Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері, облыс, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, сондай-ақ Конституциялық комиссия мен Жалпыұлттық коалиция мүшелері қатысты.

Құрмет қарауылы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын салтанатты түрде ортаға алып шыққан соң еліміздің Әнұраны орындалды.

Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдумның қорытындысын жариялады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Конституциясына және «2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.

Мемлекет басшысы: «Бүгін баршаңыз тарихымыздағы аса маңызды, мән-мағынасы айрықша, ел өмірінде өшпес із қалдыратын оқиғаның куәсі болдыңыздар. Мен Мемлекет басшысы ретінде бүкіл халық атынан Ата заңымызға қол қойдым. Сонымен қатар Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Енді Халық Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енеді. Ал Конституция күнін мемлекеттік мереке ретінде ұлттық деңгейде жыл сайын 15 наурызда атап өтетін болдық. Еліміздің барша халқына Ата заңымыз құтты болсын дегім келеді!»

«Бұл референдум берекелі бірлік пен ырысты ынтымағымыздың тағы бір өнегелі көрінісі және нышаны болды. Біз халқымызға тән нағыз отаншылдық рухын сезіндік, олардың риясыз қолдауына куә болдық. Мемлекет тағдырына бей-жай қарамай, дауыс беру науқанына атсалысқан барша азаматқа зор алғыс айтамын! Ұлт мүддесін терең түсініп, Ата заңды қолдап, дауыс беруді тарихи миссия санаған жұртшылыққа шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл орайда, Павлодар, Ақтөбе, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қызылорда облыстарының және басқа да аймақтардың Ата заңды мақұлдап, дауыс берген тұрғындарына алғысымды айтқым келеді».

«Сондай-ақ осы тұста Қазақстан жастарының ерекше белсенді болғанын атап өту қажет. Олар заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев айтып кеткен «ұлттық жауапкершіліктің» озық үлгісін көрсетті. Мұны заңды құбылыс деп айтуға толық негіз бар. Өйткені жаңа Конституция, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданып отыр. Бұған дейін де айттым, қазір де қайталаймын: еліміздің болашағы – жастарымыздың қолында! Мемлекет басшысы ретінде мен сіздерге сенемін, зор үміт артамын! Жастарымыздың қарым-қабілеті айрықша, талант-дарыны мол, әлеуеті зор, күш-жігері мықты! Қазақстанды әлемдегі ең озық, дамыған елдердің қатарына қосатын да – сіздер! Бұған еш күмәнім жоқ! Бүгін төрге озып, тұғырына қонған жаңа Халық Конституциясы сіздерге бағдар беретін темірқазық болады. Себебі, бұл – келер ұрпақпен бірге жасай беретін қасиетті құжат», деді Мемлекет басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.