«Geoscience & Exploration Central Asia» халықаралық форумы аясында өткен «Орталық Азияның көмірсутек ресурстары: дамуы мен сын-қатерлері» атты панельдік сессия алаңында Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров жер қойнауын пайдалануды дамытудың стратегиялық басымдықтары мен инвестиция тартуға бағытталған заңнамадағы ауқымды өзгерістерді жария етті, деп хабарлайды baq-orda.kz ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Өз сөзінде вице-министр Қазақстанның жер қойнауын пайдалану секторында жоғары қарқын көрсетіп отырғанын атап өтті: 2023 жылдан бастап геологиялық барлауға салынған инвестиция көлемі шамамен 433 миллиард теңгені құрады, ал көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған қолданыстағы келісімшарттар саны 319-ға дейін өсті.
Ерлан Акбаров Мемлекет басшысының еліміздің геологиялық зерттелген аумағының ауданын 2026 жылға қарай 1,5 миллионнан 2,2 миллион шаршы шақырымға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмаларының орындалуына ерекше назар аударды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін 2022-2025 жылдар аралығында заңнамаға тұжырымдамалық түзетулер енгізілді, соның ішінде «дәстүрлі емес көмірсутектер» ұғымын енгізу, электрондық аукциондар рәсімдерін оңайлату және күрделі жобалар үшін елеулі фискалдық преференциялар беретін Жақсартылған модельдік келісімшартты әзірлеу жұмыстары атқарылды.