КҮНДІ БАҚҚАН КҮНБАҒЫС АЛҚАБЫ

0

Отар ауылдық округіне қарасты аумақта «Энем Агро» ауыл шаруашылығы бағытындағы кооператив бірнеше жылдан бері күнбағыс өсірумен айналысып келеді. Күннің бағытын аулап өсетін майлы дақыл қазіргі таңда жайқалып тұр. Күнге ұқсас сары гүлдері бар мыңдаған күнбағыс алқабы көздің жауын алады. Біздің өңіріміздің климаты оған өте қолайлы болып табылады екен. Ең бастысы күтіп-баптаудың қарапайым әдістерін ұмытпау қажет. Әрине, білімді агроном осының барлығын ескерсе,

өнім сапалы болмақ. Ал сапалы өнімге әрдайым

сұраныс жоғары екені белгілі.Кїнді баќќан кїнбаєыс алќабы

Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ә.Қаспақбаевпен бірге барған сапарымызда, кооператив басшылығы бізді жұмыстарымен таныстырып, алға қойған жоспарларымен бөлісті. Кооператив төрағасы Оразхан Жұмабеков пен шаруашылықтың агрономы, қытайлық маман Хуан Хуаншон келген қонақтарды егістік басына алып барып, бір жыл бойғы еңбегінің жемісін көрсетті. Журналистік құрал-сайманымызды сайлап алған біз, ең алдымен күнбағыс егістігін араладық. Ауданымызда көптен бері үлкен көлемде күнбағыс өсіріп жатқан шаруашылықтардың жоқтығынан болар, осы дақылдың егістіктерін көруге ерекше қызығушылық бар еді. Адамның бойынан ұзын өнімнің бастары күнге бұрылып, егістік даласына ерекше реңк беріп тұр. Егіс даласына жеткен соң Оразхан Оразғалиұлы бізге биылғы өнім көңілінен шыққанын жеткізді. Жалпы, шаруашылық биыл Қытайдан алып келінген тұқымды 150 гектар жерге еккен екен. Құрғақшылыққа және тұқымды кешігіп егуіне қарамастан шыққан өнім жаман емес.

«Осының барлығы Хуан ағаның арқасы, біз өзіміз егін шаруашылығымен 5-6 жылдай айналысып келеміз. Білгенімізден, білмегеніміз көп екен. Күш-қайрат жетіп жатыр, алайда білім мен тәжірибеміз аздау. Қазір агрономымыздың қасында өзіміздің қазақ балалар жүріп, қыр-сырын үйреніп жатыр. Агроном тәжірибесімен аянбай бөлісіп жүр», — дейді Оразхан аға.

Хуан аға атанып кеткен қытайлық агрономның қазақшасы тәуір екен. Қытайда қазақ ауылында туып өскен ол қазақ тілін де, салт-дәстүрін де жақсы білетінін жеткізді.

«Негізі Қазақстанға бес адам болып барамыз деген жоспарымыз бар еді. Бірақ қазақ еліне келуге рұқсат алу үшін көп құжат жинау керек екен. Сондықтан жолдастарым, сапардан бас тартып, мен жалғыз келдім. Бұл жерде бос жатқан жерді көріп, жаның ашиды. Қазақ бауырларыма айтарым: аяқтың астында нағыз алтын жатыр. Аздап еңбектенсеңдер, жемісін аласыңдар. Бұл жақсы жер. Біздің Қытайда адамдар 10 сотық жерден 2-3 рет өнім алып, күнін көріп жүр», — деп өзінің байқағанын жеткізді.

Күнбағыс егілген егістіктен қасында жатқан жүгері алқабына өттік. Кеңес заманында «дала аруы» аталып кеткен дақылды шаруашылық 120 гектар жерге егіп, толықтай тамшылатып суғару жүйесін енгізген. Осы аймақта өсіп шыққан жүгеріні шаруашылық басшысы сүрлемге жіберуді жоспарлап жатқан көрінеді. Сол үшін Кенен ауылының әкімдігімен келісіп, сүрлем жасауға арналған шұңқырға жер бөліп беру туралы келіссөз жүргізіп жатқандығын жеткізді. Жалпы, 120 гектар жерге жүгерінің 3 сұрыпы егілген, оның екеуі Қытайдан алынған. Одан бөлек кооператив 40 гектар жерге жеміс-жидектер: қызанақ, қияр, қарбыз-қауын еккен. Жалпы, кооперативтің қолында 7000 гектар, оның ішінде 2500 гектар суармалы жері бар. Суармалы жерлердің 630 гектарына шаруашылық тамшылатып суару жүйесін енгізген. Айта кетсек, қазіргі таңда тамшылатып суғару жүйесі енгізілген жерде суғару жүйесі кеңес заманында да болған. Арнайы бетон лотоктарға 10 су ұңғымаларынан су шығарылып, толтырылып, егістіктерге айдалған. Алайда, сол уақыттан бері 10 ұңғыманың 7-і ғана жұмыс істеп, бетон лотоктар жүйесі толық қирап қалыпты. Барлық суғару жүйесі ескіріп, жаңартуды қажет етеді. Кооператив басшылығы жүйені толық қалпына келтіріп, жаңа ұңғымаларды бұрғылап, тамшылату негізінде суғару жүйесін жасауды жосарлап отыр. Келесі жылы суғармалы жердің көлемін ұлғайтып, қосымша 200 гектар мақсары егу де ойда бар. Тағы бір енгізуге дайындалып жатқан жаңалық – жер астымен суғару жүйесін 50 гектар жерге орналастыру. Әзірше жұмыстың барлығын кооператив мемлекеттің көмегінсіз атқаруда.

Оразхан ағаның айтуынша, жалпы жұмыс басталғалы мемлекеттің көмегіне жүгініп көрмеген екен. Кооператив 2015 жылы алғашқы жұмысын бастаған кезде 120 гектар жүгері, 40 гектар бұршақ, 70 гектар көкөніс егіп, бірден бұршақ өнімін экспортқа шығарыпты. Жиналған бұршақ Грузия еліне жөнелтілді. Өзінің жұмысында ғылымның жетістіктерін кеңінен қолданған кооператив басшысы барлық жерде тамшылатып суару жүйесін пайдаланудың маңыздылығын насихаттап жүреді екен. Әңгіме барысында Оразхан аға шаруашылық алдында тұрған қиыншылықтарды да атап өтті. Бастысы жұмысшылардың тапшылығы. Отар ауылының тұрғындары арасынан жұмысшы табу мүмкін болмаған соң, былтыр шаруашылық есебінен арнайы автобус жалдап, Қордайдан жиырма шақты әйелді жұмысқа күнде алып келіп жүрген. Әрине, бұл үлкен шығын. Сондықтан шаруашылық басшысы қазіргі таңда автоматтандыру және механикаландыру мәселесін ойластырып жатыр. Басқа шаруашылықтардан айырмашылығы аталмыш кооперативте өнімді өткізу мәселесі өзекті емес. Барлық өндірілген өнім сатып алушыларын табуда. Оразхан Оразғалиұлының арманы мен жоспары көп, суармалы егістік жерді көбейту, бос жатқан жерді айналымға енгізу, мықты шаруашылық құру, қазақтың өнімін сыртқа шығару, Отар даласын гүлденген аймаққа айналдыру. Бұл бүгінде аяғына нық тұрған шаруашылықтың қолынан келеді деп сенеміз.

Серғазы Манасбаев, Айбек Накен

Leave A Reply

Your email address will not be published.