Тараз қаласындағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайы білім беру саласындағы өзекті тақырыптарды талқылайтын маңызды диалог алаңына айналды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Мұнда «Цифрлық трансформация жағдайында мектептің оқу-тәрбие процесінің сапасын арттыру» тақырыбымен IV халықаралық ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын бастады. Ауқымды жиын «Ustaz Ulytau» педагогикалық трансформация орталығының бастамасымен ұйымдастырылып, отандық және шетелдік сарапшыларды бір ортаға тоғыстырды.
Іс-шараны «The Ulytau Educational Foundation» қайырымдылық қоры» қоғамдық қоры, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы және облыс әкімдігі білім басқармасы бірлесіп өткізді. Конференцияға білім басқармаларының жетекшілері, ғылыми орта өкілдері, мектеп басшылары, тәжірибелі педагогтер мен халықаралық ұйымдардың сарапшылары қатысты.