ДӘРІГЕРЛЕР ҮШ НЕГІЗГІ ТАМЫРЫ БІТЕЛГЕН НАУҚАСТЫ АМАН АЛЫП ҚАЛДЫ

0

Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында аз инвазивті коронарлық шунттау әдісіне арналған шеберлік сабағы аясында тағы бір күрделі операция сәтті өтті. Оған Burc Medical клиникасының кардиохирургі, медицина ғылымдарының докторы Алмаз Қиябаев қатысып, заманауи кардиохирургияның мүмкіндігін айқын көрсетті.

Байзақ ауданының 66 жастағы тұрғыны ауруханаға жүрек тұсындағы қысып, жаншып ауырсынуға шағымданып түскен. Ауырсыну сол қолға таралып, тіпті жеңіл қозғалыс кезінде де мазалаған. Сонымен қатар науқасты бас ауруы, бас айналу және әлсіздік жиі алаңдатқан.

Тексеру нәтижесінде науқастың жағдайы өте күрделі екені анықталды: жүректің негізгі үш бірдей тамыры зақымданған, сондай-ақ бұрын инфаркт алғанының белгілері байқалған.

Дәрігерлер науқасқа жүрекке күрделі ота жасап, бірден үш артерияға шунттау жүргізді. Операция жүректі тоқтатпай, жасанды қан айналым аппаратына қоспай жүзеге асырылды.

Жоғары тәуекелге қарамастан, операция сәтті өтті. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы жақсарған, шағымдары жоқ. Ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында.

Аурухананың хирургия және инновациялар жөніндегі бас дәрігердің орынбасары Асқар Садықовтың айтуынша, аз инвазивті операциядан кейін науқастар қалыпты өміріне тезірек оралады. Сонымен қатар инфекциялық асқынулар мен басқа да қауіптер айтарлықтай төмен болады.

Мұндай шеберлік сабақтары дәрігерлердің біліктілігін арттырып, озық емдеу тәсілдерін тәжірибеге енгізуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде Жамбыл облысы тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасы арта түседі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.