29 сәуір күні «AMANAT» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында Қордай аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Жиынды Қоғамдық кеңестің төрағасы Нұржан Молдабеков жүргізді.
Отырыстың күн тәртібінде екі негізгі мәселе қаралды. Бірінші мәселе – қылмыстық жазасын өтеп шыққан азаматтарға әлеуметтік және өзге де көмек көрсету жайы. Аталған тақырып бойынша «Қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, әлеуметтік-мәдени салалар және қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдармен байланыс мәселелері жөніндегі комиссияның» төрағасы Жаңабай Орақбай баяндама жасады. Баяндама барысында көтерілген сұрақтарға Қордай аудандық пробация қызметінің бөлім бастығы, әділет майоры Темирхан Ошанов жауап берді.
Екінші мәселе – аудан аумағындағы жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану, сондай-ақ «Жер аманаты» жобасы аясында пайдаланылмай жатқан немесе заңсыз жекеменшікке берілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы болды. Бұл мәселе бойынша зерделеу қорытындысын «Аграрлық саясат, табиғатты және жер ресурстарын пайдалану, техногендік үдерістер, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі комиссияның» төрағасы Еркен Әбілдаев таныстырды. Зерделеу барысында туындаған сұрақтарға Қордай ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Ғабит Сейдекеш жауап берді.
Күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды. Ұсыныстар дауысқа салынып, бірауыздан қолдау тапты.
Жиын қорытындысында Қоғамдық кеңес мүшелері қаралған мәселелердің маңыздылығын атап өтіп, алдағы уақытта да өзекті мәселелерді бірлесіп шешу қажеттігін жеткізді.