ЖҮЗДЕН ЖҮЙРІК, МЫҢНАН ТҰЛПАР

0

Қордай ауданында спорттық іс-шаралардың дамуына үлкен көңіл бөлінуде, әсіресе бұқаралық спорттың маңызы артты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған әртүрлі шаралар ұйымдастырылуда. Ауданда бұқаралық спортты дамыту үшін ардагерлеріміздің қатысуымен тұрақты түрде спорттық жарыстар өткізіліп келеді.

Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 81 жылдығына арналған аудандық спартакиада осы мақсатта өткізілді. Қордай аудандық спорттық сауықтыру кешенінде өткен бұл жарыс аудан ардагерлері үшін елеулі шара. Ашылу салтанатына Қордай аудандық мәслихатының төрағасы Нұрдин Садықов қатысып, жарыстың ерекшелігін атап өтті. Ол қатысушыларға сәттілік тілеп, спорттық бәсекенің маңыздылығына тоқталды.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет те жарыстың ашылуымен құттықтап, ардагерлердің спортқа белсенді қатысуы жастарға үлгі екендігін айрықша атап өтті. Спартакиада барысында ардагерлеріміз өздерінің сүйікті спорт түрлерінде бәсекеге түсті. Жарыс бағдарламасына волейбол, бильярд, үстел теннисі, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, дартс, асық ату және қол күресі секілді спорт түрлері кірді.

Жарыс барысында командааралық және жекелеген спорт түрлері бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, ұйымдастырушылар тарапынан медальдар, дипломдар және заттай сыйлықтармен марапатталды. Спорттық жарыс ардагерлердің тек денсаулығын нығайтып қана қоймай, сонымен қатар қоғамда олардың белсенділігін арттырып, жастарға үлгі көрсететін жақсы мүмкіндік.

Жарыс қорытындысы бойныша дойбы жарысында ерлер арасында бірінші орынды Жәнібек Ермекбай (Жамбыл) иеленсе, екінші орынды Т. Кибраев (Қордай), үшінші орынды Қырықбай Туркменов (Бетқайнар) алды. Әйелдер арасында У. Минжасарова (Масанчи) жеңімпаз атанып, Куляйда Чайкасымова (Қордай) екінші, ал Айкен Кульдибаева (Сарыбұлақ) үшінші орынға ие болды.

Шахмат бәсекесінде ерлер арасында Ильяс Ханзиян (Сортөбе) бірінші орынды жеңіп алса, Алтынбек Байсугуров (Жамбыл) екінші, Анатолий Мамедов (Сарыбұлақ) үшінші орынға тұрақтады. Әйелдер арасында Күміскүл Сарсенбаева (Қордай) жеңімпаз атанып, Мария Кимурова (Сортөбе) екінші орынды иеленді.

Бильярд жарысында Қалибек Бұтабаев (Қордай) үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын Ескендір Ильясовқа (Степной), ал үшінші орын Омар Харбиевке (Сортөбе) бұйырды.

Үстел теннисінде ерлер арасында Эрсмане Бейшанло (Масанчи) жеңімпаз атанса, Құрманғазы Жетігенов (Қарасай) екінші, Сарди Кимуров (Сортөбе) үшінші орынға ие болды. Әйелдер арасында Раушан Джолдыбаева (Отар) бірінші орын алып, Гүлнаш Досымқұлова (Қақпатас) екінші, Шамшакүл Карипқұлова (Қарасай) үшінші орын алды.

Тоғызқұмалақ ойынында ерлер арасында Нұрғали Өмірзақ (Қордай) жеңімпаз атанса, Сарсехан Амиров (Бетқайнар) екінші орынға ие болды. Әйелдер арасында Султан Османова (Сарыбұлақ) бірінші орынды иеленіп, Гүлнәр Айтқұлова (Жамбыл) екінші, Сайма Амирханова (Қордай) үшінші орын алды.

Дартс жарысында ерлер арасында Тұрғынбай Нұрмаханбетов (Жаңа-Тұрмыс) бірінші орын алса, Арли Мусаров (Сортөбе) екінші, Әбділда Отарбаев (Степной) үшінші орынға ие болды. Әйелдер арасында Айнаш Кенжебаева (Қордай) жеңімпаз атанып, Динагүл Айтбаева (Қордай) екінші, Қарлығаш Қабылбекова (Ауқатты) үшінші орынға тұрақтады.

Асық атудан Жылысбек Джахаев (Бетқайнар) үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынды иеленсе, А. Токчаков (Ауқатты) екінші, Зарлық Жалғасбаев (Қарасай) үшінші орын алды.

Қол күресте Малик Малиев (Масанчи) жеңімпаз атанып, Гафар Агачиев (Қайнар) екінші, Жұмантай Топчаков (Бетқайнар) үшінші орынға ие болды.

Волейбол жарысында Масанчи ауылының командасы бірінші орынды жеңіп алса, Қордай ауылы екінші, Сарыбұлақ ауылы үшінші орынды иеленді.

Жалпы командалық есеп нәтижесі бойынша Масанчи ауылы жеңімпаз атанып, Қордай ауылы екінші, Сарыбұлақ ауылы үшінші орынға тұрақтады.

Осы арқылы ауданымызда ардагерлер мен жастар арасындағы байланыс нығайып, салауатты өмір салты насихатталады. Жарысқа қатысушылар өзара ойын өрнегін көрсетіп, достық қарым-қатынастарын ұштады.

Ауданымызда бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, ардагерлеріміздің белсенділігі мен қызығушылығы, жастар мен қоғамның салауатты өмір салтын ұстануы үшін үлкен септігін тигізуде. Әрбір өткізілген жарыс, ұйымдастырылған іс-шара аудан тұрғындарының спортқа деген ынтасын арттырып, бәсекеге қабілеттілікті қағидат етіп көрсетуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.