ЖАУАПКЕРШІЛІК БАРШАҒА ОРТАҚ

0

Дүйсенбі, 6 қыркүйек күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Мәден Мұсаевтың төрағалығымен коронавирустық инфекцияға қарсы күрес жөніндегі аудандық штабтың отырысы өтіп, жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, тиісті мекеме басшылары мен жергілікті кәсіпкерлер қатысты.

Аудандағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуал мен вакцинациялаудың жайы талқыланған келелі жиын барысында ең әуелі Мәден Тоқтарбайұлы сөз алып, өзектілігі өршіп тұрған мәселенің мән-жайын анықтады.
«Қазіргі таңда ауданда орын алған ахуалға, азматтардың қауіпсіздігі үшін елде енгізілген шектеу шараларына қарамастан тұрғындар тарапынан карантин режиміне қайшы әрекеттер әлі де орын алып келеді. Бұл, біріншіден, өзіміз бен жақындарымыздың денсаулығына қауіп төндіретін жағдай екенін естен шығармаған жөн. Мысалы, кешегі бір тәулікте коронавирустық жұқпаны жұқтырудың алты жағдайы тіркеліп, қазіргі таңда аудан бойынша COVID-19 ауруымен 1467 адам ауырып жатыр. Сондықтан, жағдайды одан әрі ушықтырмас үшін санитарлық талаптарды қатаң сақтап, тиісті қадағалауды күшейту қажет», — деді аудан басшысы.
Осыдан кейін аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Зәуреш Қадырбекова баяндама жасап, ол өз сөзінде 2020 жылы COVID-19 індетінің расталған 611 жағдайы (220 симптомды, 391 симптомсыз), 2021 жылы 1238 жағдайы (820 симптомды, 418 симптомсыз) анықталғанын алға тартты. Сондай-ақ, өткен жылы провизорлық және инфекциялық стационарларда 594 науқас емделсе, биыл бұл көрсеткіш 1467-ге жетіп, 873-ке артқан. Ал, вакцина алғандардың арасынан 101 ауыру жағдайы тіркелгенімен, аурудың ауыр немесе аса ауыр жағдайлары не болмаса өлім дерегі тіркелген жоқ.
Жалпы, аудан бойынша 66685 адам екпе алуы тиіс. Бұл аудан халқының 80 пайызын құрайды. Қазіргі таңда 45440 адам вакцина алып, бас-аяғы 23 екпе салу пункттері қызмет атқаруда. Бүгінде Сұлутөр, Үлкен Сұлутор, Жаңатұрмыс, Көгадыр, Мұзбел, Гвардейский, Күнбатыс-1 ауылдары сынды 7 елді мекен вакцинациялау жұмыстарын толығымен аяқтады. Дейтұрғанымен, ауданда тұрғындарының 50 пайызын да вакцинамен қамтымаған Масаншы, Қаракемер, Ноғайбай, Аңырақай, Бел ауылдары бар екенін айта кеткен жөн.
Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Марат Асаровтың айтуынша, екпе алған азаматтар арасында бұл ауру жеңіл түрде өтеді. Десек те, қоғамда ұжымдық иммунитет қалыптаспаған, сондықтан тұрғындарды жаппай вакцинациялау бойынша жұмыстарды белсенді түрде жалғастыру қажет.
Осы орайда кәсіпкерлердің басым бөлігі Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің Қаулысын дұрыс қабылдамай, санитарлық талаптарға салғырт қарап, «Ashyq» жүйесін тиісті деңгейде қолданбайтынын атап өткен Марат Аппазұлы келушілер саны бойынша мәлімет «Ashyq» жүйесінің деректерімен салыстырылатынын және бұзушылықтар анықталған жағдайда айыппұл салынатынын ескертті.
«Бүгіннен бастап аудан әкімінің орынбасары Б.Болатбековтың басшылығымен мониторингтік топ жұмысы күшейтіледі. Сұраныс қатаң болады», — деген аудан әкімі отырысты қорытындылап, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмаларын берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.