ЖАМБЫЛ МЕН КЕНЕННІҢ ӨМІР ЖОЛЫМЕН ҰШТАСУЫ

0

Шәбден қырғыз, қазақ еліне атағы бірдей тараған, өзі сақа, өзі жомарт, киімі жоққа киім, аты жоққа ат берген, үйінен қонақ, көрмесінен ат кетпеген, өзі патшаға үш барған, Меккеге екі барған, даңқы жерді жарған, ел билеген кісі екен. Бір жолы патшаға сәлем жолдап, Сібірге айдалған адамдардың күнәсін кешіртіп, абақтыдан босаттырыпты. Сол бұқараға әділ, «қара қылды қақ жарған» кісі деп атағы жайылған Шәбденнің қайтыс болғанына жыл толып, ас берілгелі жатқан көрінеді.

Асқа қырғыз, қазақтың атақты ақын-жыршылары, әнші-күйшілері, батыр палуандары, алғыр шешендері, қысқасы, ел аузына іліккен жақсылары шақырылыпты. Әр болыс өз адамдарын хаттап береді. Еркебай Шәбден асында өлең айту үшін мені хаттап беріпті.

— Ойбай, ағатай, мені неге хаттадың? — дедім.

-Даусың зор, әнің бар, көрікті, талантты жігіттің бірісің. Көптің алдына шықпай, елдің көзіне түспей, өнерің өрге баспайды, Кенен. Қашанғы қой соңында жүре бермексің? Өлеңіңді жұптап, даярлана бер, тойға өзім алып барамын, — деді Еркебай.

Бұл сөзден соң мен толқи бастадым. Қойдан босатып, қамқор болған Еркебайдың сенімінен шықсам екен деген ой санамнан кетпей қойды.

Мен 17 жастың ар жақ-бер жағында едім. «Ри, қойым», «Бозторғай», «Қоқшолақ» деген әндерім ел арасына жаңа-жаңа тарап, есімім еміс-еміс белгілі бола да бастаған-ды.

Сол тойға Жамбыл да келеді екен деп естіп, жар құлағым жастыққа тимей, оны бір көруге зар болып жүргенімде, ойда жоқ жерде құдай оң көзімен қарап, үлкен қуанышқа кенелгенімді қалай ұмытармын.

Біз сонымен Шәбденнің ауылына жүріп бердік. Қордай болысынан Еркебай, Мамай, Олжабай бастаған бас-аяғы үш жүз кісі жолға шықтық. Сән-салтанатымызбен төрт жерге (Сұлутөр, Шарбақты, Қаракемер, Тоқмақ) қонақ болып, Шәбденнің ауылына да жеттік.

Мұндағы елдің түрі бөлек. Мінген ат, киген киімдері ерекше. Әйелдер аққудай жасанған. Сырнай, кернейлерін шалып, шертпегін шертіп, қырғыздың жыршылары жүр. Енді бір кезде аты шыққан ақындарды шақыра бастады. Не керек, хатқа тіркелген ақындардың жиырмасы өткеннен кейін барып, мені «Еркебайдың ақыны Кенен» деп шақырды.

Жүрегім суылдап ортаға шықтым. Елдің екі көзі менде. Мен қатты қысылдым. Шығарып, жаттап алған төрт-бес ауыз өлеңімнен де айырылдым. Күздің қара суық желінде қара суға түсіп терледім.

Амал жоқ, Сарбасша құлағымды бұрап айқай салдым. Даусым шырқап кетті де, сөз аузыма түспей, тұрып та қалдым. Ел ду күліп жатыр. Бір қария:

— Ау, халайық, күлмеңдер, бала екен. Қайта шырқасын, — деді.

Қап деп ортаға қайта шықтым. Ауызға сөз түсер емес. Әнді ары созып, бері созып тағы да тоқтадым. Ел менен күдер үзе бастады. Еркебай да, басқалар да ыза болып тұр. Тыңдаған көп ел айқайлап:

— Қайтадан айтқызыңдар, даусы жақсы екен, -деп шулап жатыр.

Мен оны жақтырмай тұрмын. Қалмырза жігер беріп:

— «Ер кезегі үшке дейін» деген, ұялма, шырқа, — дегенде, ер кезегі үшке дейін барып, аузыма өлеңім түсе кетті. Мен шырқап ала жөнелдім:

Ау… Би атам қайтыс болды, қайран батыр,

Қырғызға ақ қалпақты болған ақыл.

Жиналып ойдан-қырдан адамдар кеп,

Жеті ту желбіретіп тігіп жатыр.

Үй тігіп үш мың ақбоз қатар-қатар,

Бәйгеге неше жүйрік жиып жатыр.

Мен өзім Дулат деген елден келдім,

Көл Қопа, Қордай деген жерден

келдім.

Жас бала, жаңа талап, мен бір қойшы,

Туғалы мұндай жиын көрмеп едім.

Астыма ат, үстіме тон берген соң,

Қасына Еркебайдың ерген едім.

Мен өзім жол көрмеген ақын едім,

Атақты Сарбастың жақыны едім.

Өнерім өр қияға алып ұшты,

Астында алты уық үй жатыр едім.

Мен өзім інісімін Сарбастың,

Он үште ел тойына араластым.

Өлерде мені Сарбас шақырып ап,

Тапсырған аманат деп домбырасын.

Жолбарыс, Кебекбай, Ноғайбай,

Ақын болмақ оңай ма-ай.

Сөкпе мені, халқым-ай… — деп тоқтадым.

Көпшілік ду ете қалды.

— Бәсе, бала ғой, қысылып тұрған ғой, бұрын топ алдына шықпаған екен, айналайынның даусын-ай, — десіп, риза болысты.

Осы жолы сыйға кемер белдік тағып, қырғыз-қазаққа ақын атанып келдім. Еркебай қырсығымды кесіп, бұра жолға ақындыққа бет бұрдым.

Сол аста жыр алыбы Жамбыл Жабаевпен таныстым. Сондағы Жамбылдың бейнесін Кенен Әзірбаев:

Кісі екен алпыс жасты алқымдаған,

Салдықтың самалымен салқындаған.

Домбыра ап, төңірекке қарағанда,

От болып екі көзі жарқылдаған.

Аузында айтар сөзі іркілмеген,

Ақынның дер шағы екен бұл күн

деген…

Сөйлесе досын мақтап, қасын

даттап,

Нөсердей дүркін-дүркін дүркіндеген…

Қызынса қияғынан мұртын жеген,

Түк емес қызып кетсе бір күн деген… — деп сипаттайды ұстазын шәкірті Кенен.

Ас тарады. Жамбылға ат мінгізіп, шапан жауып, құрметпен шығарып салып жатты. Менің екі көзім Жәкеңде, қайткенде де жақынырақ барып сәлем беру. Тентек қойдай шыр айналып жүріп, мен де жақындай түстім-ау. Алдына келіп, әдеппен тізе бүгіп, қолымды төсіме қойып сәлем бердім. Сәлемімді ықыласпен алған Жамбыл жылы жүз танытып қарай берді:

— Қарағым, қай баласың? — деді.

Сол-ақ екен:

-Мен өмірде өнер қуып жүрген жас бала едім. Дулаттың бір атасы Қасқарауданмын. Бата, бата беріңізші, ата! -дегенім есімде.

Сонда Жәкең:

Кешегі анау бозүйден

Шыққан дауыс сен бе едің?

Бөдене мен тұрымтай

Бұққан дауыс сен бе едің?

Бүркіт болсаң боларсың,

Үлкен екен шеңгелің.

«Кенен — Кенен» деп жүр ғой елдің бәрі,

Осы тойға жиналған жас пен кәрі.

Сәлем берсең, қарағым, бақытты бол,

Бабалардың балаға көшкен нәрі.

Ақындық Ораздан да үзілмеген,

Сарбас, Әлмен ақынды кім білмеген?

«Бабаның батасынан» деген нақыл,

Жас жүйрікті жарамас тізгіндеген.

Құдай сені сақтасын кесірінен

Жар бағатын жапалақ, құзғын деген.

Досың болсын Алатау аспанында,

Қыран құстай шырқағың қызғынды

өлең,

Әумин! — деп бата береді.

Міне, осы күннен бастап Жамбыл Жабаев пен Кенен Әзірбаев арасындағы өнер жалғастығы ұстаздық-шәкірттік өмір жолымен ұштасып, 50 жылдай біте қайнап, бірге өсіп, толысты.

— Жәкең менің даусымды жақсы көретін еді. Кездескен сайын ән салдырмай жібермейтін. Қайда жүрсем де іздестіріп, сұрастырып, таптырып алатын. Ұзақ уақыт қатынаспай қалсам: «Кененжан-ау, қайда кеттің? Не тындырып жүрсің өзің?» — деп ұрсып та алатын, — деп шәкірті Кенен Әзірбаев ұлы ұстазы Жамбыл Жабаевды осылайша сағынышпен есіне алып, әңгімелеп отыратын.

Ляззат БАРМЕНКУЛОВА, К.Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейінің экскурсоводы

Leave A Reply

Your email address will not be published.