АРМЫСЫҢ, ЖАҢА МЕКТЕП!

0

Әні-міне дегенше жаз да өтіп, онымен бірге жазғы демалыс та бітіп, жаңа оқу жылы басталды. Дейтұрғанымен, күздің алғашқы күндері әрбір адам, әсіресе мектеп оқушылары үшін жылы сезімдерге толы. Бұл кезеңде барша адамзат баласы жаңа табыс, жаңа жетістіктерге жетуге талпынса, мектеп жасындағы балалар сөмкесін асынып, таң азанан алтын ұя мектебіне асығады.
Жалпы, көптен күткен Білім күніне арналған салтанатты іс-шара аудан аумағында жоғары деңгейде аталып өтті. Бірқатар мектептерде карантин талаптары сақтала отырып дәстүрлі алғашқы қоңырау, тәрбие сағаттары ұйымдастырылды. Айта кетсек, ауданымызда балақайларға білім беретін 48 мектеп бар. Аудандық білім бөлімі мамандарының мәліметіне сай, 2021-2022 оқу жылында 1-11 сыныптарға 31741 оқушы барса, оның 3195-і мектеп табалдырығын алғаш аттаған балақайлар. Өткен жылмен салыстырғанда бірінші сыныпқа барған балалардың саны 216-ға ұлғайған. Осы орайда ауданымызда орта біліммен қамтылмаған балалардың жоқ екенін айта кеткен артық болмас.
Білім күні қарсаңында аудан мектептеріндегі салтанатты шарамен қатар, Бетқайнар ауылында 100 балаға арналған «Өнегелі ұрпақ» атты жаңа жекеменшік мектеп ашылды.
«Құрметті ата-аналар, балалар, мұғалімдер және қонақтар. Біздің мектепке қош келдіңіздер. Мекемемізде баланың қабілетін ашуға, оның дарынын дамытуға, тұлғалық әлеуетін іске асыруға назар аударылады. Баршаңызды Білім күнімен құттықтаймын. Бұл жыл қызықты және табысты болмақ, әрбір күн жемісті болсын», — деп ізгі ниетін білдірді жаңа білім ошағының директоры Марал Ержанқызы.
Осыдан кейін құттықтаулар легін аудандық мәслихат депутаты, кәсіподақ ұйымның басшысы Қ.Қыпшақпаева жалғастырды.
«Мемлекеттің қолдауымен жеке кәсіпкерлер жаңа мекемелер ашып, жұмыспен қамту мәселесі біртіндеп шешілуде. Міне, бүгін ауылдарыңызда жаңа мектеп ашылып, нәтижесінде 8 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылды. Мектептің басшысын құттықтаймын, себебі білім саласында жұмыс істеп, білімді, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу – игі іс», — деді Қ.Қыпшақпаева.
Сонымен қатар, аталмыш мектептің директоры Марал Ержанқызына білім әлемінің есігін ашқан алғашқы ұстазы Несіпкүл апай өз құттықтауларын жеткізді. Салтанатты түрде бірінші сынып оқушыларына алғашқы оқулықтары — «әліппе» таратылды. Іс-шара соңында салт-дәстүрге сай әжелер шашу шашып, жаңа білім ордасының лентасы қиылды.
Бекжол ӘПІЛЖАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.