ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ-ЕЛБАСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚОРДАЙҒА
КЕЛГЕН РЕСМИ ЖӘНЕ БЕЙРЕСМИ САПАРЛАРЫ
Нұрсұлтан Әбішұлы Қордай ауданында сан мәрте болған. Ал, әр сапарының өзіндік себебі, тарихы бар. Оның бір себебі — қордайлықтарды нағашы жұртым деп санайтындығы баршаға мәлім. Нағашылары Досымқұл, Айдапкел, Бөлеген деген ағайынды кісілер болды. Досымқұл Ұлы Отан соғысынан оралмады, Бөлеген нақақтан «халық жауы» атанып атылып кетті. Айдапкел фин соғысынан бір аяғын қара саннан қалдырып, мүгедек болып оралған. Олардың қарындасы Әлжан (Нұрсұлтанның анасы) ФЗО-ға алынып, Шамалған жақта тас жол құрылысына қатысып жүргенде, өзіндей бейнетқор Әбішпен танысып қосылған ғой. Бала кезінде Нұрсұлтан анасымен бірге Қасық ауылына бірнеше мәрте келген, Айдапкел нағашысының үйінде апталап жатып талай достар тапқан. Кейін билік баспалдақтарымен өрлеп Президент болған кездері де Айдапкелге көзі тірісінде арнайы сәлем бере келіп, нағашысы дүниеден өткен соң да бейітінің басына барып құран бағыштап тұрды.
1983 жыл. Қазақ ССР КП Орталық Комитетінің хатшысы Н.Назарбаевтың Жоғарғы Кеңестің депутаттығына Меркі, Қордай, Шу, Мойынқұм аумағынан кандидат ретінде сайлаушылармен кездесуі Қордай ауданы, Қасық ауылындағы мәдениет үйінде өтті. Кездесу аяқталып Нұрекең мінберден түсіп келе жатқанда аудан басшысы Өмірбек Байгелді оған бала кездегі достарының бірі Тұрғанбек Тұрысбаевты таныстырды. Тұрғанбек болса жиырма бес жылдай бұрын оның Шамалғандағы үйінде талай бірге болғанын, Әлжан әпкесінің қолынан дәм татқанын еске салып, қалтасында сары майдай сақтап жүрген сыртында «Ескерткіш. Қымбатты досым Тұрғанбекке. Шын досың Нұрсұлтаннан. 26 апрель, 1957 жыл.» деп жазылған суретін көрсетті. Тұрекең досының Президент кезінде де Қордайға соққан сапары сайын жүздесіп қалуға тырысты. Тіпті, Тараздың 2000 жылдығын мерекелеу салтанатында Елбасы ескі досына қолындағы сағатын шешіп тарту еткені бар.
1986 жыл. 8 қараша. Н.Назарбаев Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы кезінде жол-жөнекей Қасық ауылына аялдап нағашысының үйінде болған.
1992 жыл. 14 сәуір. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның серіктері мінген тікұшақ аудан орталығындағы стадионға күндізгі он бір жарымда келіп қонды. Бұл оның еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі және Мемлекет басшысы ретіндегі Қордайға алғашқы келуі. Президентпен бірге еліміздің Премьер министрі С.Терещенко, вице-президент Е.Асанбаев бастаған үкімет мүшелері, көрші облыстардың әкімдері болды. Үкімет басшылары мінген автомобильдер шеруі аудан орталығының көшелерімен «Құнарлылық» бірлестігіне қарай бет алды. Мұнда ауылшаруашылығы өндірісінің жаңа технологиялары және агроөнеркәсіптік кешенін басқарудың жаңаша құрылымы бойынша семинар өткізілмекші. Семинарға Жамбыл облысының басшылары мен аудандардың әкімдері түгел қатысты. Оларға америкалық «Монсанто» фирмасының ауылшаруашылығы техникалары, тұқымдары, гербицидтері көрсетілді. Облыстың сол кездегі әкімі Ө.Байгелдиев қонақтарды «Қордай» аграрлық-өндірістік ғылыми бірлестігінің «Құнарлылық», «Селекция», «Агропромтехника», «Агропромстрой» шаруашылықаралық кооперативтерінің қызметімен, Роза Люксембург атындағы, «Георгиевка» кеңшарларының егістіктерінде шетелдік технологиялардың қолданылу барысымен таныстырды.
Мемлекеттік маңызы зор осы ресми сапарының соңына қарай Нұрсұлтан Әбішұлы Қасық ауылының тұрғындары мен «Талапты» кеңшарының еңбеккерлерімен кездесуге уақыт тапты. Президенттің қонақ болуы небәрі бір жарым сағатқа созылғанымен, бұл кездесу талаптылықтардың өміріндегі шуақты оқиғалардың біріне айналды.
1992 жыл. Күз мезгілі. Екі жыл бұрын жасы жүзге таяла қайтыс болған нағашысы Айдапкелдің асына Нұрекең арнайы келіп қатысты. Ол машинадан түскен бойда өзін күтіп тұрған дүйім жұртпен емен жарқын амандасты. Үлкендермен қолдасып, жақын туыстарымен құшақ жая көрісті. Көптің қалауымен суретке де түсіп жатты.
«Бәріңіз Президентті көрейік деп келдіңіздер ғой, міне, ол да өздеріңіздей адам», — деп күлдіріп те қояды. Сол сапар Елбасының Орта Азия республикалары Президенттерімен кездесуге бара жатқан беті екен. Үлкен астан аттап кетпей, арнайы бұрылып дәм татуы, нағашысының аруағына құран бағыштауы оның биік адамгершілік қасиеттерінің бір қырын көрсетеді.
1994 жыл. 15 тамыз. Елбасы Н.Назарбаев Кенен ауылында 1981 жылы ашылған К.Әзірбаевтың әдеби-мемориалдық музейін аралап көріп, Құрметті қонақтар кітабына өзінің қолтаңбасын қалдырды.
1995 жыл. 30 тамыз. Бішкекте өткен «Манас» эпосының мың жылдығына арналған салтанаттан қайтар сапарында Елбасы Қасық ауылына ат басын бұрып, нағашысының бейітінің басына барып тізе бүкті. Мал сойылып, ауданның бас имамы М.Сәменқұлов құран оқыды.
1999 жыл. 29 шілде. Мемлекет басшысының Жамбыл облысына жасаған ресми сапары Қордай ауданында жалғасты. Батыс көкжиектен көрінген үш тікұшақ «Сарыбұлақ» өндірістік кооперативінің егістігіне келіп қонды. Елбасымен ілесе облыс әкімі С.Үмбетов, облыстық және орталық теледидардың өкілдері келді. Мәртебелі мейманды аудан әкімі Қ.Уәлиев, аудандық мәслихат хатшысы Т.Сүгірбаев, аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы С.Тоқаев қарсы алды. Жиналғандармен жүздесіп, жүгері плантациясының жай-күйімен танысқаннан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы баршаға жүгері дақылын өсірудің тиімділігі жайлы мысалдар айтты. Түс ауа Президент тікұшағы қазақтың қас батыры Қарасайдың атын иеленген және оның тікелей ұрпақтары мекендеген ауыл шетіне келіп қонды. Сәлден соң Мемлекет басшысының кортежі батырдың алты ұлына арналған мемориалдық кешенге жақындады. Қазақ дәстүрі бойынша, құрметті қонақты ауылдың сыйлы анасы, ақ кимешекті әже дәм-тұзбен қарсы алып, ақ батасын жаудырды. Нұрсұлтан Әбішұлының қарасайлықтармен кездесуі жылы қолалысулармен басталды. Өткен жылғы (1998) тамыздың соңында мұнда Қарасай батырдың 400 жылдығын тойлап, ескерткіштерін ашу салтанатына Елбасы келе алмай қалған-ды, бірақ қарасайлықтарға келуге сөз берген болатын. Мінеки, содан он бір ай өткен соң Нұрекең өз уәдесін орындап отыр. Бабалар рухына құран бағышталып, құрбандыққа ақсарбас шалынды. Содан соң Елбасы кесенеге көтеріліп, сол жерде үнсіз тәу етіп, ұзағырақ тұрып қалды. Н.Назарбаев қазақтың көне тарихынан біраз әңгіме қозғады. Қарияларға сұрақ беріп, өзі де олардың сауалдарына жауап беріп жатты. Кездесудің келесі сәті ауыл орталығында жалғасты. Мұнда екі ауылдың жұрты тайлы-таяғы қалмай жиналып Елбасын күтуде болатын. Қарасай батырдың рухы мен ескерткішіне лайықты құрмет жасаған соң Нұрсұлтан Әбішұлы ауылдықтардың ахуалын, тіршілік жайын тәптіштеп сұрады. Қатаң тәртіппен белгіленген аз ғана уақыттың ішінде Елбасы адамдармен ең басты мәселелер тұрғысында сұхбаттасып үлгерді. Кездесу соңына қарай ата салты бойынша қадірлі мейманға аудан әкімі Қ.Уәлиев барша қордайлықтардың атынан ақалтеке тұқымды сұлу арғымақ, омырауы оқаланған ханға лайық көк түсті бөрік-шапан сыйлады.
2001 жыл. 29 шілде. Қырғыз Республикасына іссапармен келген ҚР Президенті Н.Назарбаев қайтар жолында Қордайда салынып жатқан халықаралық кеден бекетіне арнайы тоқтап, оның құрылысымен танысты. Танысу кезінде Елбасының қасында облыс әкімі С.Үмбетов, аудан әкімі Қ.Уәли, облыстық кеден басқармасының бастығы Б.Құлжанов, аудандық кеден бөлімшесінің бастығы Б.Үсенов болды. Кеден құрылысы барысына көңілі толған Нұрсұлтан Әбішұлы Қордай жұртына ыстық сәлемін жолдап, Алматыға аттанды.
2002 жыл. 2 қараша. ҚР Президентінің ауданға іссапары бірнеше нысандар бойынша белгіленді. Алғашқы нүкте — шекара және кеден кешені болатын. Сағат тілі 11-ді көрсеткен кезде Қырғыз шекарасы жағынан Нұрсұлтан Назарбаев бастаған өкілетті делегация көрінді. Бішкек қаласында өткен халықаралық Тау жылына арналған Саммитке қатысқан Қазақстанның Президентімен қырғыз жағының ресми өкілдері жылы қоштасып, өз аумақтарында қалды. Біздің Президент қасиетті Қордай жеріне жарқын қабақпен қадам басты. Оны облыс, аудан басшылары қарсы алды. Кеден кешені ғимаратының ішінде ауданның көрші мемлекетпен шектесетін тұстары белгіленген карта ілінген. Президент таяу болашақта бұл шекараға демаркация жүргізілетінін айтты. Еліміздің аумағын халықаралық терроризмнен және экстремистік ұйымдардың етек алуынан қорғаудың маңыздылығын ескертті. Бақылау өткізу пунктінің жоғары техникалық жағынан жабдықталуы Президенттің қызығушылығын тудырды.
Осыдан кейін Елбасы «Сапа-Қордай» ЖШС-де болып, аудан орталығындағы «Бауырхан» базарына ат басын тіреді. Бұдан хабардар жұрт Жібек жолы көшесінің қос қапталын түгел жайлап, Нұрсұлтан Әбішұлын қош көңілмен қол бұлғап қарсы алды. Базар ішін аралап шыққан соң Елбасы сырттағы жұртпен жүздесті. Олардың тіршілігі жайына қанығып, сұрақтарына жауап берді. «Жағдайларыңыз жақсы ма? Әкімдеріңіз қалай?» деген сұрағына жерлестерінің атынан зейнеткер Т.Момбаев жауап берді. Ол қордайлықтардың тұрмыстық жағдайы анағұрлым жақсара түскенін айтып, аудан басшысы Қ.Уәлидің жұмысына оң бағасын берді.
Келесі кезекте «Талапты» ӨК егінжайының шетінде құрылған бастырма астында ауданның АҚ, ӨК, ШҚ-ы басшыларының, ақсақалдар мен ауылдық округтердің әкімдерінің кездесуі өтті. Елбасы жерге меншік қатынасын ендіру туралы заң жобасын Парламентке ұсынар алдында қордайлық диқандардың да пікірін тыңдап көргісі келетінін айтты. Аудан әкімі Қ.Уәли және С.Сарғасқаев, К.Құттықова, Б.Құттықов, Қ.Түкешев тәрізді агроқұрылымдар басшылары мен мамандар сөз алып, өз еңбек ұжымдарындағы ахуалды тілге тиек етті, жер туралы ұсыныстарға қолдау білдірді. Ал Ұлы Отан соғысының ардагері Керімқұл Қосақов Қордайға арнайы келгені үшін Нұрсұлтан Әбішұлына алғыс айтып, аталық батасын берді. Өз кезегінде Мемлекет басшысы қордайлықтарға бұдан да әрі гүлдену мен мол иіліктер қалайтынын білдірді. Осы сапарда Президентпен бірге сол тұстағы ҚР Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев та бірге келген еді.
2020 жыл. 1 наурыз. Естеріңізге сала кетсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы 19 наурызда Президенттік өкілеттігін тапсыратыны туралы халыққа үндеу жолдап, мемлекет басқару міндеті заң бойынша 20 наурыздан Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткен болатын. Сол жылы 12 маусымда Қ.Тоқаев Президент ретінде ант қабылдады. Ал, 2020 жылғы 7 ақпанда Масаншы ауылында орын алған жағдайға байланысты Президент пәрменімен оқиғаның салдарын жойып, себебін анықтау бойынша мемлекеттік комиссия құрылып, 1 наурызда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қордай ауданына арнайы келіп, Қаракемер, Сортөбе ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Осы кезде Жамбыл облысының жаңа басшылығының алдына өңірдің өсіп-өнуін тежейтін кедергілерді жойып, халықтың әл-ауқатын арттыратын шаралар қабылдау міндетін қойды. Соның нәтижесінде өткен жылы ауданға мемлекет қазынасынан бұрын-соңды болмаған көлемде (35 миллиард теңге) қаражат бөлініп, жүздеген шақырым жолдар жөнделді, табиғи газ желісі, су құбырлары тартылды, әлеуметтік нысандар салынды.
Міне, осылай, Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарынан еліміздің тұғырын нықтап, төрткүл дүниеге танытуға жол ашқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қасиетті Әулиеата өңіріне, оның ішінде киелі Қордай еліне деген ықыласы ерекше болды. Оны Елбасының ауданымызға жасаған әрбір сапары аңғартып тұрғандай. Аудан көлемінде атқарылып жатқан сан салалы іргелі істердің барлығы да Ұлт көшбасшысының сарабдал саясаты мен алысты болжай білетін көрегендігімен ұштасып жатқаны анық.
Құрманбек ӘЛІМЖАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі