ЖЕРЛЕСІМІЗ ӘЛЕМ КУБОГІНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АТАНДЫ

0

Қордайлық спортшылардың түрлі байрақты жарыстарда топ жарып, үздіктер қатарынан көрініп жүргені әрдайым көңілге жағымды сезімді ұялататыны рас. Осы жолы жерлесіміз Шәміл Фушанло кикбоксингтен әлем чемпионатында алтыннан алқа тағынып, ел абыройын асқақтатып қайтты.
14-21 қыркүйек аралығында Будапешт қаласында (Венгрия) жасөспірімдер арасында кикбоксингтен Әлем кубогы өтіп, оған 44 мемлекеттен 3 мыңнан астам спортшы қатысқан болатын. Қордай ауданының №17 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Шәміл Фушанло 51 келі салмақ дәрежесінде байрақты додаға қатысқан еді.
«Бұл чемпионатқа дайындық қызу жүрді. Ең бастысы моральдық тұрғыдан дайындалу қажет. Жарыс барысында үш жекпе-жек өткіздім. Бірінші қарсыласым Украинадан, екіншісі Германиядан болды, ал финалда Молдовадан келген спортшымен кездесуге тура келді. Жаттықтырушының айтқанын бұлжытпай орындап, екінші раундта оны нокдаунға жібердім», — деп еске алады чемпион.
16 жасар Шәміл спортқа 8 жасында келген. 2019 жылы жас спортшы Қазақстан чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізсе, 2021 жыл ол үшін табысты болды. Қазақстан чемпионатында 48 келі салмақ дәрежесінде жеңіс тұғырынан көрінген Шәміл, Қырғызстанның Жалал-Абад қаласында өткен Азия чемпионатында 51 келі салмақ дәрежесінде алтын медальға ие болса, енді міне Венгрия төрінде өткен мықтылар бәсекесінде Әлем кубогын иеленіп қайтты.
«Жаттығу барысында дұрыс және тиімді тәсілдерді қолданып жақсы нәтижеге жетуге болады. Осы жарыс алдында біз Семей қаласында спорттық жиында 12 күн болдық. Менің шәкіртім Әлем кубогын жеңіп алды. Маған келгеніне 3 жыл болды, оның бірінші жаттықтырушысы Исмар Люшанло болған еді. Осы уақыт аралығында өзін тәртіпті және келешегінен зор үміт күттіртетін спортшы ретінде көрсетті. Карантин болмағанда жеңісті күндер бұдан да көп болар еді. Бұл додаға менің тағы бір шәкіртім Исмаил Люшанло қатысқан, алайда ол бірінші жекпе-жекте жеңіліп қалды. Шынын айтқанда ол спортшыға үлкен үміт артып едік. Біраз уақыт демалып Қостанайда ақпан айында өтетін Қазақстан чемпионатына дайындаламыз, кейін Әлем чемпионатына іріктеуге қатысамыз. Әрине, №17 спорт мектебінің әкімшілігі мен Алик Нұрмағамбетов, Шакир Муаров, Айдар Нұрмағамбетов, Замин Заманов сынды демеушілерге қолдаулары үшін алғыс айтамыз», — дейді чемпионның жаттықтырушысы Талғат Насыр.
Ауылға оралған спортшыны Сортөбе ауылдық округінің әкімі жеңісімен құттықтап, қошемет көрсетті.

Бекжол ӘПІЛЖАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.