Қордай аудандық орталық кітапханаға қарасты балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен Жамбыл облысының «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің тапсырмасымен «Бала күнгі бір кітап» атты әңгіме-сұхбат болып өтті. Іс-шараға ауданымыздан шыққан облысқа белгілі, өнегелі аға буын өкілі белгілі тамаша танымал журналист, аудандық «Қордай шамшырағы», облыстық «Ақ жол» газетінде қырық жылдан астам қызмет атқарған, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Киелі Қордай», «Кебекбай шешен», «Қаламым – алтын қазығым» және бояуы әлі кеппеген жаңа «Қазыналы Қордай» атты кітаптардың авторы Құрманбек Әлімжан шақырылды.
Іс-шараның мақсаты өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын, кітапқұмарлығын арттыру, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кітап оқуға насихаттау және оқу сапасын арттыру. Жас ұрпақ бойына жоғары азаматтық және рухани адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру. Бала уақытының бірнеше минутын күн сайын кітап оқуға бөліп жүрсе, кейін кітаптағы қазынаны өзі түсінеді. Кітап оқу қалыптастыру арқылы Абай атамыз айтқан терең ойлы азаматтарды тәрбиелейміз.
Құрманбек Әлімжанның кітаптары туған жерінің тағылымды тарихы мен танымал тұлғаларын көптеген деректі очерктерге, публицистикалық туындыларға, эссе, естеліктерге арқау еткен. Тілі шұрайлы, жеңіл оқылады. Баспасөзде ұзақ жылдар жемісті қызмет атқарған, шеберлігі ұшталған сақа журналистің қаламынан туған дүниелерінің танымдық маңызы жоғары, тілі жатық.
Журналист Қ. Әлімжан кітапхананың жас оқырмандарына өзінің бала кезінен кітапқұмар болып өскенін, жастық кезінен, жаңадан «Қордай шамшырағы» редакциясына келген кездерінен естеліктер айтты. Сонымен қатар оқушылардың: Бала күнгі оқыған кітабыңыз, кітаптағы ең әсерлі оқиға және кейіпкері, ол кітап сіздің болашағыңызға қалай әсер етті, жастарға қазіргі әдебиет туындыларын оқуға қандай кеңес бересіз, Өзіңізден бата сұрап келген балаға қандай кітап бересіз?,- деген сұрақтардың бәріне толыққанды жауап беріп, оқырмандардың ықыласына бөленді.
Сұхбаттан кейін журналист жас оқырмандарға өзінің «Қазыналы Қордай» атты кітаптарын сыйға таратып беріп, өскелең ұрпақ Қазақстанның болашағы екенін, оның көркеюіне үлес қосу дегеніміз білімді ұрпақ екенін, білімді болу үшін кітапты көп оқу керек,- деп жастарды кітап оқуға шақырды.
«БАЛА КҮНГІ БІР КІТАП»
Prev Post
Next Post