Жамбыл облысында жас сайлаушылардың электоралдық белсенділігін арттыру және олардың құқықтық-саяси сауаттылығын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Осы мақсатта 2026 жылғы 15 маусымда Тараз қаласындағы М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде «Жас сайлаушылардың электоралдық белсенділігі мен сайлау мәдениетін дамыту – өзекті мәселе» тақырыбында жастармен кездесу өтті.
Іс-шараны Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы ұйымдастырды. Жиынға облыстық және аудандық аумақтық сайлау комиссияларының өкілеттігін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асыратын мүшелері, жас сайлаушылар клубтарының мүшелері, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жаңабай Миллионов, «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс Республикалық ҚБ Жамбыл облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Ләззат Еркінбаева мен университет білімгерлері, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің проректоры Арман Құдайбергенов пен университет білімгерлері, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің академиялық жұмыс жөніндегі проректоры Асылбек Касенов пен университет білімгерлері, сондай-ақ, саяси партиялардың өкілдері қатысты.
Сонымен қатар, жастар саясаты саласының өкілдері, қоғамдық кеңес, ардагерлер ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдар өз пікірлерін ортаға салды.
Кездесуге М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің және Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің студенттері белсенді қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың сайлау процесіне деген қызығушылығын арттыру, олардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру, электоралдық мәдениетті дамыту және жас буынның қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына бағыт беру.
Кездесуді Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов ашып, қазіргі кезеңдегі жастардың қоғамдағы орны мен саяси белсенділігінің маңыздылығына тоқтала отырып «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8-қыркүйектегі («Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты) Қазақстан халқына Жолдауында елімізде мемлекеттік жүйе дамып, азаматтарымыздың саяси мәдениеті өсіп келе жатқанын және жаһандық сын-қатерлер мен жаһандық өзгерістерді ескере отырып, бір палаталы Парламент-Құрылтай құру туралы бастама көтергендігін, ал, 2026 жылғы 20 қаңтардағы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында, жоғарыда айтылғандардың негізінде, ҚР Вице призиденті институтын құру, Халық кеңесін құру және бір палаталы Парламентке көшу еліміздің дамуына зор серпін беріп, оның әлеуетін арттыра түсетіндігіне сенім білдіре отырып, Парламенттік реформа аясында жаңа Конституция қабылдау қажеттігін ұсынғандығын айта келе, ағымдағы жылдың 15 наурызында өткен республикалық референдумда қазақстандықтардың 87 пайыздан астамы жаңа Конституцияны қолдап дауыс бергеніне тоқталды.
Бұл жаңа қабылданған Конституция Қазақстанның мемлекеттігін нығайтып, еліміздің саяси жүйесін түбегейлі жаңғыртып, еліміз жаңа тұрақтылық деңгейіне көтеріліп, қазіргі алмағайып заманның сын-қатерлеріне жауап беретіні сөзсіз екендігін атап айтып Мемлекет басшысы жаңа қабылданған Конституцияны жүзеге асыру мақсатында бірқатар конституциялық заңдарға қол қойғандығына тоқталып, солардың бірқатарына тоқталып, қабылданған заңдар мен сайлау туралы заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы түсініктеме берді.
Елімізде жаңа қабылданған Конституцияның негізінде сайлау туралы конституциялық заңға (71 бабына) бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Осы Конституциялық заңмен реттелетін қатынастар бабына өзгеріс:
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заң, Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасы Құрылтай және мәслихат депутаттарын, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауға дайындық және оны өткізу кезінде, сондай-ақ, бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланған мәслихаттардың депутаттарын кері шақырып алу кезінде туындайтын қатынастарды реттейді.
Ал аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерінің сайлауы заңнан алынып тасталды.
Сондай-ақ, сайлау туралы заң Республика азаматтарының ерік білдіру бостандығын қамтамасыз ететін кепілдіктерді белгілейді.
Партиялық тізімге енгізу саяси партияның жоғарғы органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен шешіледі.
Саяси партияның жоғарғы органының шешімі азаматтың партиялық тізімге енгізуге келісімі туралы өтінішімен бірге ҚР ОСК-на тіркеуге және сайлауға қатысуға жіберу туралы мәселені қарауына ұсынады.
Ал тіркеуге бір саяси партиядан оған саяси партиялар арасында бөлінетін депутаттық мандаттардың белгіленген санының (145) отыз процентінен аспайтын адамдар саны енгізілген бір ғана тізім жіберіледі.
ҚР Орталық сайлау комиссиясы заңмен айқындалған өкілеттігі шеңбері негізінде депутаттыққа ұсынылған азаматтардың заң талаптарына сәйкестігін қарайды.
Сайлаудың қорытындысы бойынша әр партия алған дауыстарының үлесіне қарай депутаттық мандатқа ие болады, деп түсініктеме берді.
Тараз қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыру және жастар бастамаларын қолдау секторының меңгерушісі Дархан Байпақ сөз сөйлеп, Қызылорда қаласында алғаш рет Қазақстанның барлық өңірлерінен келген Жас сайлаушылар клубтары мүшелерінің республикалық кездесуі өткенін атап өтті.
Сондай-ақ, Сарысу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының жанынан құрылған Жас сайлаушылар клубы төрағасының орынбасары, аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Мадина Пірімбек өңірлердегі жастармен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндап, сайлау мәдениетін қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталып Сарысу аудандық аумақтық сайлау комиссиясы жанынан құрылған Жас сайлаушылар клубы жастардың сайлау процесіне қызығушылығын арттыру, электоралдық белсенділігі мен құқықтық мәдениетін дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып өтті.
Клуб ашылғаннан бері дебаттар, кездесулер және ақпараттық-түсіндіру шаралары ұйымдастырылып, жастардың қоғамдық-саяси науқандарға белсенді қатысуына ықпал еткенін айта келе, референдум кезеңінде клуб мүшелері мен ерікті жастар халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, азаматтардың сайлау үдерісіне қатысу белсенділігін арттыруға үлес қосқаны туралы баяндады.
Кездесуде университет студенттері де өз ойларын ортаға салды. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 3-ші курс студенті Қалдыбек Алмат сөз сөйлеп, өз сөзінде:
«Бүгінгі жас – ертеңгі депутат, мемлекеттік қызметші, кәсіпкер, ғалым немесе қоғам қайраткері. Сондықтан жастардың қоғамдық-саяси процестерге қатысуы елдің болашағына тікелей әсер етеді. Әрбір берілген дауыс мемлекет дамуының бағытын айқындауға үлес қосады.
М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде 13 мыңнан астам студент білім алуда. Университетте 12 студенттік ұйым мен 5 студенттік деканат жұмыс істейді. Сонымен қатар 1500-ден астам белсенді жас қоғамдық, ғылыми, мәдени және әлеуметтік жобаларға қатысып келеді.
Бұл көрсеткіштер жастардың қоғам өміріне қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді. Студенттік ұйымдар мен өзін-өзі басқару құрылымдары жастардың көшбасшылық қабілетін дамытып қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға да ықпал етеді.
Кездесу барысында жастар атынан сөз алған Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының жанынан құрылған Жас сайлаушылар клубының мүшесі, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Ерасыл Берді жастардың қоғамдық белсенділігі мен азаматтық ұстанымының қалыптасуындағы сайлау институтының рөліне тоқталды. Ол заманауи ақпараттық қоғам жағдайында жастардың саяси процестерге саналы түрде қатысуы маңызды екенін атап өтті.
Жиында М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Ләззат Еркінбаева сөз сөйлеп, «Университетіміз жастардың құқықтық білімін арттыруға, олардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуына жағдай жасауға әрдайым қолдау көрсетеді. Осы мақсатта түрлі танымдық кездесулер, пікірталас алаңдары, дөңгелек үстелдер мен ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Мұндай шаралар студенттердің сайлау үдерісінің маңызын түсінуіне, азаматтық ұстанымын қалыптастыруына және елдің қоғамдық өміріне жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді. Себебі бүгінгі белсенді жас – ертеңгі ел тағдырына әсер ететін саналы азамат» екенін жеткізді.
Кездесудің еркін пікір алмасу бөлімінде қатысушылар тарапынан сайлау заңнамасы мен сайлау органдарының қызметіне қатысты бірқатар сұрақтар қойылды.
Атап айтқанда, саяси партия өкілдері Құрылтай депутаттығына кандидаттарды ұсыну және оларды тіркеу кезінде жүргізілетін тексеру рәсімдеріне қызығушылық танытты. Қатысушыларға кандидаттардың заң талаптарына сәйкестігін Орталық сайлау комиссиясы мен уәкілетті мемлекеттік органдардың белгіленген тәртіппен тексеретіні түсіндірілді.
Студенттер сайлау комиссияларында жұмыс істеу мүмкіндіктері мен оған қойылатын талаптар туралы сұрақтар қойды. Өз кезегінде сайлау комиссияларының құрамы мәслихаттар арқылы қалыптастырылатыны және комиссия мүшелеріне заңнамада белгіленген біліктілік талаптары қойылатыны айтылды.
Сондай-ақ, Жас сайлаушылар клубтарының өкілдері сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістер мен сайлау комиссияларының өкілеттіктеріне қатысты жаңашылдықтар жөнінде сұрақтар қойды. Кездесу барысында сайлау комиссияларының қызметін жетілдіруге бағытталған заңнамалық өзгерістер түсіндіріліп, аумақтық сайлау комиссияларының өкілеттіктері кеңейтілгені атап өтілді.
Қатысушылар барлық сұрақтарына толыққанды жауап алып, сайлау жүйесінің негізгі қағидаттары мен қолданыстағы заңнаманың ерекшеліктері туралы жан-жақты ақпарат алды.
Кездесу барысында қойылған сұрақтар мен айтылған ұсыныстар жастардың сайлау процестеріне деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетті. Қатысушылар мұндай ашық диалог алаңдарының жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, азаматтық белсенділігін қалыптастыруға және сайлау мәдениетін дамытуға оң әсер ететінін атап өтті.
Кездесу қорытындысында, Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы мен өңірдегі жоғары оқу орындары – М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті және Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Меморандумның негізгі мақсаты – жастардың электоралдық сауаттылығын арттыру, сайлау заңнамасын түсіндіру, ғылыми-тәжірибелік іс-шараларды бірлесіп ұйымдастыру және жас сайлаушылар клубтарының қызметін дамыту бағытында өзара ынтымақтастықты нығайту.
Аталған бастама жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуына, азаматтық жауапкершілігін арттыруға және сайлау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.
Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы алдағы уақытта да жастар арасында құқықтық ағарту жұмыстарын жалғастырып, олардың елдің қоғамдық-саяси дамуына белсенді араласуына қолдау көрсететін болады.
Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы