МЕЙІРІМ МЕН ШИПАНЫҢ МЕКЕНІ
Масаншы ауылдық округі аудан орталығынан небәрі 50 шақырым жерде орналасқан. Бұл елді мекенде 18 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Осыған байланысты Масаншы ауылдық ауруханасының маңызы артып, соңғы жылдары жаңа дамуға бет бұрып келеді. 2023 жылдың 20 қазанында ауруханаға қосымша ғимарат құрылысы басталды. Бұл жоба 2024 жылдың қазанында аяқталып, заманауи стандарттарға сай дәрігерлік қызмет көрсетуге мүмкіндік берді.
Аурухананың қызмет көрсету аясы кеңейіп, ересектер мен балаларға дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Бұл қызметтер кәсіптік түрде жүргізіледі, сондай-ақ, аурухананың қуаттылығы бір ауысымда 105 адамды қабылдауға мүмкіндік беруде. Бұл көрсеткіш ауыл тұрғындары үшін өте маңызды, себебі, медициналық көмекке деген сұраныс артып отырған кезеңде, халықтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін мұндай қуаттылық аса маңызды.
Ғимарат заманауи нормаларға сәйкес жабдықталған. Мұнда пациенттерді қабылдау кабинеті, процедура бөлмесі, дезинфекциялық құралдарды сақтау бөлмесі және күту залы бар. Аурухананың жаңа ғимараты сапалы медициналық көмек көрсету үшін қажетті барлық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, аурухана жоғарғы эксперттік класстағы ультра-дыбыстық зерттеу құрылғысымен, соңғы модельдегі электрокардиография құрылғысымен, физио-терапевтік құрылғылармен, сондай-ақ клинико-диагностикалық зертханасы үшін қан мен зәр талдауларының анализаторларымен жабдықталған.