Сайлауалды науқан партиялардың сайлауалды бағдарламалары тікелей эфирде сынға түсетін жаңа кезеңге қадам басты. Кеше «Qazaqstan» телеарнасында Құрылтай депутаттығына үміткер жеті саяси партияның қатысуымен ұлттық дебат өтті. Бұл саяси дода сайлаушылармен кездесулерге толы аптаның басты оқиғасына айналып, бүкіл сайлау аптасының саяси күн тәртібін айқындады.
Ойын тәртібі: әділдік жеребемен айқындалды
Дебат ұйымдастырушылары кез келген ашық пікірталастағы ең басты мәселе – қатысушыларға тең жағдай жасалуын алдын ала шешіп қойды. Тікелей эфир басталар алдында партия өкілдері Әдеп хартиясына қол қойып, пікірталас барысында жеке басқа тиіспеуге міндеттеме алды. Ал сөз сөйлеу кезегі эфирге санаулы минуттар қалғанда, қатысушылардың көз алдында кездейсоқ сандар генераторы арқылы анықталды. Жеребе нәтижесінде партиялар мынадай ретпен орналасты: «Ауыл», «Байтақ», «Әділет», ЖСДП, «Ақ жол», Respublica және Қазақстан Халық партиясы.
Алматы медиаорталығының студиясында екі түрлі ахуал тоғысты. Бір жағынан, камералар, жүргізушілер мен сарапшылар қатысқан тікелей эфирдің қатаң әрі барынша жинақы атмосферасы сезілсе, екінші жағынан, өз кандидаттарын қолдауға келген партия жақтастары залға ерекше серпін мен жанды эмоция сыйлады.
Адами капитал – басты саяси бәсекенің өзегінде
Дебат модераторлары талқылаудың негізгі тақырыбы ретінде әрбір сайлаушыға тікелей қатысты мәселені – адами капиталды дамыту мәселесін таңдады. Әңгіме білім беру, әлеуметтік қолдау, жастардың мүмкіндіктерін кеңейту және болашақ экономикасына қажетті кадрларды даярлау төңірегінде өрбіді. Партиялар өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырумен ғана шектелмей, қай бастаманың тиімді екенін дәлелдеуге тырысты және студиядағы саяси қарсыластарының ұстанымдарымен ашық салыстырды.
Пікірсайысты «Ауыл» партиясы ауылды дамыту тақырыбымен бастады. Партия өкілі Серік Егізбаевтың айтуынша, қуатты мемлекет ең алдымен өңірлердің тұрақты дамуынан басталады. Сондықтан партия ауыл жастарына арналған білім беру квотасын сақтауды, жас мамандарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді және ауылдық жерде еңбек етуге ниетті азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуді ұсынады.