ҚОРДАЙЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНЫҢ ДАМУЫ

0

Биыл тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына орай түрлі саланың жеткен жетістігін жіктеп, арнайы айдар арнауды игі дәстүрге айналдырып үлгердік. Ендеше осы үрдіске орай ауданымыздағы маңызды салалардың бірі – денсаулық сақтау саласының өткені мен бүгініне үңіліп, атқарылған оңтайлы шаруаларға тоқталып өтсек.
Рас, соңғы жылдары мемлекеттік қолдаудың арқасында денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы артып келеді. Аудандық орталық ауруханаға бірнеше жылдың көлемінде соңғы үлгідегі кәсіби құрылғылар сатып алынса, шалғай елді мекендерден заманауи медициналық мекемелер бой көтеруде. Нақтырақ айтсақ, еліміз тәу етер Тәуелсіздікке қол жеткізгелі ауданымызда су жаңа 10 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік-акушерлік пункт, 10 медициналық пункттің іргесі қаланып, ауыл жұртының игілігіне берілген. Осылайша қазір ауданымызда 271 орындық бір аудандық орталық аурухана, бір аудандық орталық емхана, үш ауылдық аурухана (85 орын), екі ауылдық емхана, он сегіз дәрігерлік амбулатория, жеті фельдшерлік-акушерлік пункт және он үш медпункт қызмет жасайды. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Зәуреш Қадырбекова басшылық ететін саланы қажетті жабдықтармен қамту мәселесі мұнымен шектелмей, науқастарды емдеуге қажетті ИВЛ және наркоз аппараттары, шала туған балаларды жетілдіретін кувездер, арнайы реанимациялық үстелдер мен көлеңкесіз шамдар, рентген, флюрография және УЗИ аппараттары алынғанын айта кеткен жөн. Ауылды жерлердегі медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында былтыр ауданға жылжымалы медициналық кешен сатып алынып, дәрігерлер шалғай елді мекен тұрғындарына медициналық-консультациялық көмек көрсетуде. Сондай-ақ, аудандық орталық аурухана жанынан компьютерлік томографиямен жабдықталған «Мейірім» медициналық орталығы ашылып, бүкіл елді дүр сілкіндірген індетпен күресуде зор пайдасын тигізді. Мұнымен қатар, уақыт өте тәуліктік жедел жәрдем қызметінің де қамту аумағы кеңейіп келеді. Егер бұрындары ауданымызда бар болғаны екі бригада болса, қазір тұрғындардың 90 пайыздан астамын қамтитын 9 жедел медициналық жәрдем бригадасы тұрғындарға көмек көрсетеді. Қысқасы, осындай атқарылған оңтайлы істердің арқасында азаматтардың өмір сүру ұзақтығы артып, соңғы 30 жылда өлім жітім көрсеткіші 25 пайызға төмендеп отыр.
Осы тұста денсаулық сақтау саласының 30 жылда жеткен жетістігімен қатар, өткеніне тоқтала кеткеніміз артық болмас. Мәселен, Қордай аудандық орталық ауруханасының тарихы 1924 жылдан бастау алады. Сол кезде Георгиевка аталатын елді мекенге жалғыз фельдшер жіберіліп, ол ауылдың орталығындағы бір бөлмелі ескі ғимаратта сырқаттанған тұрғындарға ем-дом жасаған екен. Осылайша 1930 жылы 10 науқасқа арналған ең бірінші учаскелік аурухана құрылып, онда А.Чириков есімді дәрігер келеді. Арада үш-төрт жыл өткенде Қасық және Благовещенка ауылдарында екі фельдшерлік-акушерлік пункт, ал Қаракемер, Черная речка және Успеновка ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар бой көтереді. Осы кезде Мәскеу медицина институтына түскен алғашқы қазақ әйел, Қазақстанның құрметті дәрігері, Ленин орденінің кавалері Ж.Шуринаның келіп, ұзақ жылдары ауданымызда қызмет еткенін айта кеткен жөн. Кейіннен уақыт өте Қордай ауданына алғашқы хирург Л.Юшкевич, алғашқы терапевт дәрігерлер М.Добрынина және Киржалова, алғашқы педиатр М.Ахмет-Заде сынды көптеген білікті мамандар тартылып, ауруханадағы жатын орындардың саны артады.
Осы орайда ауданымыздағы денсаулық сақтау саласын дамытуға өз үлесін қосып, басшылық еткен азаматтарды атап өтсек. Мысалы, 1964 жылдан 1994 жылға дейін бас дәрігер қызметін атқарған «КСРО денсаулық сақтау саласының үздігі» Б.Доев. Ол басшылық еткен 30 жылда саланың қызметі жүйеленіп, бірқатар жетістікке жетіпті. Б.Доевтан кейін аудандық орталық аурухананың бас дәрігері қызметіне Э.Заманов тағайындалды. Оның тұсында ауданның емдеу саласында көптеген заманауи өзгерістер орын алып, барлық медицина мекемелері қажетті санитарлық көліктермен, орталық аурухана жоғарыда аталған наркоз, ИВЛ апараттарымен, реанимациялық кешенмен, гемодиализ және өзге бөлімшелермен қамтылған. Ал, 2014 жылдан бері аудандық орталық аурухананы З.Қадырбекова басқарып келеді. Осы уақыт аралығында З.Қадырбекова да саланың дамуына елеулі үлес қосып, атқарған еңбегі аудан, облыс және республика көлеміндегі марапаттармен еленген.
Әлібек ОСПАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.