Мөлдірдің тәттілер әлемі

0

Соңғы жылдары ауданымызда жеке ісін ашып, кәсібінен нәсіп көріп отырған жандардың қатары көбейіп келеді. Солардың бірі – Мөлдір Жұман. Мөлдірді Бетқайнар ауылында білмейтін тұрғын кемде-кем. Туған күн, той-томалақ, отбасылық жиындардың дастарханында 24 жасар арудың дайындаған тәттілері мақтауға да, сұранысқа да ие. Мөлдірдің негізгі мамандығы – жерге орналастыру. Мамандығы бойынша аудан әкімдігінің жер қатынастар бөлімінде жұмыс істеген. Мемлекеттік қызметпен қатар қосымша торт пісірумен айналысқан кейіпкеріміз кейіннен сүйікті ісіне түбегейлі бет бұруды жөн санапты.
«Мен кішкентай кезімнен тәтті тоқаштар пісіруді, торттарды ерекше етіп сәндеуді ұнататынмын. Жақындарыма, туыстарыма торт пісіріп беретінмін. Бірақ ол кезде қазіргідей тапсырыс қабылдап, торт пісіруден жеке шеберлік сағаттарын өткіземін деп мүлдем ойламаппын. Кейіннен жоғарғы оқу орнын бітіріп, мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Жұмыс істеп жүріп, қосымша табыс көзі ретінде тапсырысқа торт пісіріп жүрдім. Бастапқыда көпшіліктің сұранысына ие, танымал торт түрлерін дайындауды білмейтінмін. Интернеттен 990 теңгеге «трендтегі» торттардың рецебін сатып алдым. Тек ол ғана емес, әртүрлі рецептермен пісіріп көрдім. Қолымды әбден жаттықтырып, торт пісірудің қыр-сырын үйреніп алған соң тапсырыс қабылдай бастадым. Ең алғашқы тапсырысым әлі есімде. «Сүтті қыз» (молочная девочка) деп аталатын тортқа тапсырыс түскен болатын. Ең бірінші тапсырысым болғандықтан, торт клиенттің көңілінен шыға ма екен деп қобалжығанмын. Бірақ тапсырыс беруші кейіннен рахметін жеткізіп, торттың дәмді шыққанын айтқанда қатты қуандым. Менің негізгі мақсатым да сол ғой – дәмі де, безендірілуі де клиенттің көңілінен шығатын тортты дайындау. Осылайша тұрақты клиенттерім де пайда бола бастады. Бірақ негізгі жұмысыммен торт пісіруге уақыт жетпей жататын. Бір күні өзіме «Неге өзімнің жақсы көретін ісіммен айналыспасқа?» деп сұрақ қойдым да, жұмысымнан біржолата шығып, тек жаным қалайтын іспен шұғылданамын деп шештім. Аллаға шүкір, осы кондитерлік салада жүргеніме биыл бір жарым жыл болды».
Жай ғана қызығушылықтан басталған істі табысқа айналдырған Мөлдірге бүгінгі таңда Бетқайнардан бөлек, аудан орталығынан, өзге де ауылдардан тапсырыстар көп түседі екен. «Клиенттердің талғамы әртүрлі, кейбірі дәміне қарайды, кейбірі бағасына қарап таңдайды. Сондықтан торттың белгілі бір түрі ғана емес, барлық түрі жақсы өтеді. Қазіргі таңда кез-келген кәсіптің табысты болуы үшін әлеуметтік желінің маңызы зор. Сондықтан мен де инстаграмға дайындаған өнімдерімді салып, парақшамды белсенді түрде жүргізіп отырамын», — дейді жас кәсіпкер.
Жуырда Мөлдір өзі секілді торт пісіруді үйренгісі келетін қыз-келіншектерге «Тәттілер әлемі» атты шеберлік сағатын өткізіпті. «Вупи пай», «Сүтті қыз», «Трайфл» десерті, «Орео» чизкейк сынды т.б. торттың түр-түрін пісіруді үйренген арулар мастер класстың жоғары деңгейде өткенін айтып, ұстаздарына алғыстарын жеткізіпті. Мөлдірдің қолынан шыққан тәттілерді жақындары да сүйсініп жейді. «Менің өз кішігірім кәсібімді дөңгелетіп отырғаным, жеткен әрбір жетістігім ең біріншіден Алланың, екіншіден осы ата-анамның қолдауының арқасы», – дейді кондитер. Болашақта Мөлдір Қордай ауданынан өзінің кондитерлік дүкенін ашқысы келеді екен. Ендеше ертеңіне сеніммен қарап, өзінің айқын бағытын таңдай білген бойжеткенге мақсаттарына сүрінбей жетуін тілейміз.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.