Үгіт жүргізу мәселелері бойынша заңнаманы бұзғаны үшін құқықтық жауапкершілік

0

Қордай аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы А. Сырлыбаевпен Үгіт жүргізу мәселелері бойынша заңнаманы бұзғаны үшін құқықтық жауапкершілік сұхбат.

Асылбек Төреханұлы, сайлауалды үгіт жүргізу кезінде қандай негізгі талаптарды сақтау қажет?

– Сайлауалды үгіт – сайлау процесінің маңызды кезеңдерінің бірі. Үгіт жүргізу барысында кандидаттар, саяси партиялар және олардың өкілдері Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасында белгіленген талаптарды қатаң сақтауы тиіс. Үгіт материалдары заңда белгіленген тәртіппен орналастырылып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтірмеуі қажет.

Үгіт жүргізу кезінде заң бұзушылықтарға жол берілсе, қандай жауапкершілік қарастырылған?

– Сайлау заңнамасын бұзған тұлғалар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Жағдайға қарай әкімшілік немесе өзге де заңда көзделген жауапкершілік шаралары қолданылады. Сондықтан үгіт жүргізетін барлық тұлға заң талаптарын алдын ала біліп, оларды сақтауы қажет.

Үгіт жүргізудің белгіленген мерзімдерін бұзу заң бұзушылық болып санала ма?

– Иә. Үгіт жүргізудің басталу және аяқталу мерзімдері заңмен белгіленеді. Әсіресе сайлау алдындағы «тыныштық күні», яғни 22 тамыздаталаптарын сақтау маңызды. Осы кезеңде сайлаушылардың еркін таңдауына әсер ететін үгіт жүргізуге жол берілмейді.

Әлеуметтік желілер арқылы үгіт жүргізуге қатысты қандай талаптар бар?

– Қазіргі таңда әлеуметтік желілер сайлауалды коммуникацияның маңызды құралдарының біріне айналды. Алайда интернет кеңістігінде де сайлау заңнамасының талаптары сақталуы тиіс. Әлеуметтік желі арқылы үгіт жүргізу заңда белгіленген мерзімдер мен талаптарға сәйкес жүзеге асырылуы қажет.

Үгіт материалдарын орналастыру кезінде қандай талаптарды ескерген жөн?

– Үгіт материалдарын орналастыру үшін белгіленген орындар мен тәртіп сақталуы керек. Мемлекеттік органдардың ғимараттарына, бірқатар заңмен қорғалатын объектілерге және рұқсат етілмеген орындарға үгіт материалдарын орналастыруға болмайды. Сонымен қатар басқа кандидаттардың, партиялардың үгіт материалдарын заңсыз жоюға немесе бүлдіруге жол берілмейді.

Сайлаушыларға ақша, сыйлық немесе басқа да материалдық игіліктер ұсынуға бола ма?

– Жоқ. Сайлаушыларға олардың таңдауына ықпал ету мақсатында ақша, сыйлықтар немесе басқа да материалдық құндылықтар ұсынуға байланысты заң талаптары бар. Мұндай әрекеттер сайлау заңнамасын бұзу ретінде бағалануы мүмкін және тиісті жауапкершілікке әкеледі.

Үгіт жүргізу барысында жалған немесе арандатушылық ақпарат таратуға бола ма?

– Үгіт жұмысы заң шеңберінде жүргізілуі тиіс. Кандидаттар мен саяси партиялар туралы көрінеу жалған мәліметтер таратуға, азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеу қажет. Әрбір үгіт жүргізуші ақпараттың мазмұнына жауапкершілікпен қарауы керек.

Заң бұзушылық анықталған жағдайда азаматтар қайда жүгіне алады?

– Азаматтар заң бұзушылық туралы тиісті сайлау комиссиясына хабарлай алады. Құзыретіне қарай құқық қорғау органдарына немесе басқа да уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінуге болады. Кез келген өтініш қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаралады.

Сұхбатымызды қорытындылай келе, сайлауалды үгіт жүргізетін азаматтарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Менің басты кеңесім – үгіт жүргізу кезінде заң талаптарын мұқият сақтау. Сайлау процесінің ашықтығы мен заңдылығы оған қатысушылардың жауапкершілігіне тікелей байланысты. Әрбір кандидат, партия өкілі және үгіт жүргізуші өз құқықтарымен қатар міндеттерін де жақсы білуі қажет. Заң талаптарын сақтау – әділ әрі ашық сайлаудың маңызды кепілі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.