Бүгінгі таңда елімізде денсаулық сақтау саласын жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтуға болады. Әсіресе, ауылдық жерлердегі медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру, олардың еңбегін дәріптеу – қоғамның маңызды парызына айналды.
Осыған орай, Қордай ауданына қарасты Ноғайбай ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда қызмет етіп жүрген жас медбикелер Айзат Ермекбай мен Ұлжан Қалымның еңбегі ерекше құндылыққа ие. Олар – Шарбақты ауылындағы №36 Нығмет Сауранбаев атындағы орта мектебінің түлектері. Айзат Санатқызы – аға медбике, Ұлжан Мұратқызы – балалар мейіргері болып еңбек етеді.
«Мен 2014-2018 жылдар аралығында Алматы Республикалық Жоғары Медициналық колледжінде фельдшер мамандығын оқыдым. Аға медбике ретінде жұмыс істеу – маған үлкен жауапкершілік пен мақтаныш сезімін береді. Ауылда науқастарға жанашырлықпен қарап, оларға көмектесу – мен үшін ең басты мақсат. Көп жағдайда ауылдық жерде дәрігерлер аз, сондықтан біз медбикелердің қызметі одан сайын маңызды»,-дейді Айзат.
Жас мамандар ауылдық жерде дәрігердің жетіспеушілігін сезіндіретін қиындықтарға қарамастан, әр науқасқа қалтқысыз қызмет көрсетуді мақсат етеді. Айзаттың айтуынша, «Мейіргерлік жұмыс – тек кәсіби біліктілік қана емес, жүректен шыққан мейірімділік пен шыдамдылықты қажет етеді.
Ұлжан болса, балалар мейіргері ретінде ауыл балаларына ерекше мейіріммен қарайды. Ол жас маман ретінде жұмысқа келгенде біраз қиындыққа кезіккенін айтады, алайда уақыт өте келе науқастар мен олардың ата-аналарымен жақсы тіл табысқан.
«Мен де 2016-2020 жылдар аралығында дәл осы колледжде мейіргер ісі мамандығы бойынша білім алдым. Балалар мейіргері болып қызмет ету мен үшін ерекше жауапкершілікті қажет етеді. Олар – біздің болашағымыз. Әр баланың денсаулығын сақтау, олардың күлімдеген жүзін көру – мені үнемі жұмысымды жақсы атқаруға ынталандырады. Ауылымыздың тұрғындарына көмек көрсету – мен үшін үлкен марапат»,-дейді Ұлжан.
Айзат пен Ұлжанның еңбегі – ауылдық медицинадағы жас буынның үлгісі. Олардың адалдығы мен еңбекқорлығы ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға зор үлес қосып отыр.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ