«АЯЛА» — КӨМЕК КӨРСЕТУДІҢ ТИІМДІ ТЕТІГІ

0

Қордай ауданындағы «Аяла» отбасыны қолдау орталығының жұмысы: нақты көмек, жүйелі қолдау және әлеуметтік жауапкершілік.

Отбасы – қоғамның негізі. Отбасының берік болуы, әлеуметтік тұрғыдан қорғалуы және қиын жағдайға тап болған азаматтарға дер кезінде көмек көрсетілуі – мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі.

Осы мақсатта Қордай ауданында жаңа әлеуметтік институт – «Аяла» отбасыны қолдау орталығы жұмысын бастап, аз уақыт ішінде тұрғындарға жан-жақты көмек көрсетудің тиімді тетігіне айналып келеді.

Орталық Қордай ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанынан Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, 2025 жылғы 10 қыркүйектегі Қордай ауданы әкімдігінің №303 қаулысымен құрылды.

Бүгінде орталықта әлеуметтік мәселелерді кешенді шешуге бағытталған білікті мамандар еңбек етеді. Олардың қатарында заңгерлер, психологтар, әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандар, кейс-менеджер, халықпен профилактикалық жұмыс жүргізетін мамандар және басқа да қызметкерлер бар.

«Аяла» орталығының басты міндеті – өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар мен отбасыларды анықтап, оларға қажетті көмекті уақытылы ұйымдастыру.

Осы бағытта Қордай ауданында өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды ерте анықтау және қолдау көрсету жөніндегі мобильдік топ құрылды. Оның құрамына аудан әкімдігі, әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер органдары және пробация қызметінің өкілдері кірді.

Мобильдік топтың жұмысы – мәселені тек қағаз жүзінде тіркеп қою емес, отбасының жағдайын нақты зерделеп, қажетті көмекті бір жерден үйлестіру.

Есепті кезеңде орталықтың көмегіне 185 отбасы жүгінді. Оның ішінде пробация қызметі арқылы – 41 отбасы, орталыққа өздігінен келген – 79 отбасы, денсаулық сақтау саласынан – 19, білім беру ұйымдарынан – 15, әкімдік арқылы – 19, әлеуметтік қорғау саласынан – 11 және ішкі істер органдары арқылы – 1 отбасы қамтылды.

Мобильдік топ мүшелері аталған отбасылардың тұрғылықты мекенжайларына барып, олардың әлеуметтік жағдайын жан-жақты зерделеді.

Нәтижесінде 26 отбасы психологиялық көмек алды, 43 отбасыға заңгерлік кеңес берілді, 15 отбасы медициналық көмек алуға бағытталды, 7 отбасы жұмыспен қамтылды.

Сонымен қатар 26 отбасыға профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бір отбасы дағдарыс орталығына орналастырылды. 39 отбасы қайырымдылық көмегімен қамтылды. Оларға қаржылай қолдау, азық-түлік, қатты отын және ет өнімдері түрінде көмек көрсетілді.

Бұдан бөлек, жекелеген отбасыларға мектеп формасын алуға, уақытша қорғаншылық рәсімдеуге, атаулы әлеуметтік және біржолғы әлеуметтік көмек алуға жәрдем көрсетілді.

Қазіргі таңда 10 отбасы бойынша жұмыстар жалғасуда.

Бұл көрсеткіштердің әрқайсысының артында нақты адамның, нақты отбасының тағдыры тұрғанын ескерсек, орталық мамандарының еңбегінің маңызы айқындала түседі.

Орталық жұмысының ерекшелігі – барлық отбасына бірдей тәсіл қолданбай, әр жағдайды жеке қарастыру.

Мәселен, орталық мамандарының – психолог пен заңгердің бірлескен жұмысы нәтижесінде өмірлік қиын жағдайға тап болған 7 отбасы жеке кейс ретінде қабылданып, оларға кешенді психологиялық және құқықтық қолдау көрсетілуде.

Мұндай тәсіл мәселенің себебін анықтап қана қоймай, оны шешудің тиімді жолын таңдауға мүмкіндік береді.

Отбасыдағы жанжал, тұрмыстық зорлық-зомбылық, ата-ана мен бала арасындағы түсініспеушілік сияқты жағдайларда уақытылы әрекет ету аса маңызды.

Орталыққа «111» байланыс орталығы арқылы 8 өтініш түсті. Әр өтініш бойынша жағдай жеке зерделеніп, тиісті шаралар қабылданды.

Зорлық-зомбылық фактісі орын алған бір отбасыға мобильдік топ мүшелерінің ықпалымен анасы мен кәмелетке толмаған төрт баласы Қордай ауданындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығына уақытша орналастырылды.

Тағы бір жағдайда отбасының Қордай ауданында тұрмайтыны анықталып, азаматтарға тиісті аумақтық орган арқылы көмек көрсету мақсатында Тараз қаласының полиция басқармасына ақпарат жолданды.

Сонымен қатар отбасылық жанжал салдарынан күйзеліске түскен отбасыға некені сақтап қалу мақсатында әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсетілді. Ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты жақсарту үшін психологиялық диагностика жүргізіліп, кеңес берілді.

Қарт ана мен қызы арасындағы жанжалға байланысты профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, басқа бір отбасыға психологиялық кеңес беріліп, жағдайды дұрыс бағалап, тиімді шешім қабылдауға бағыт-бағдар көрсетілді.

Ал құқықтық мәселе бойынша азаматқа баласының несиесіне байланысты ай сайынғы төлем мөлшерін азайту жөнінде тиісті орындарға арыздану тәртібі түсіндірілді.

Яғни орталықтың жұмысы – тек көмек көрсету емес, азаматқа қиын жағдайдан шығудың нақты жолын табуға ықпал ету.

Алдын алу – ең маңызды бағыт

Әлеуметтік мәселелерді шешумен қатар, олардың алдын алу да орталық жұмысының негізгі бағыттарының бірі.

Осы мақсатта «Аяла» отбасыны қолдау орталығының ұйымдастыруымен 36 іс-шара өткізілді.

Оның ішінде мемлекеттік отбасылық саясатты іске асыруға бағытталған 23 іс-шараға 427 адам, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған 7 оқыту іс-шарасына 205 адам, әдістемелік және ақпараттық-ағартушылық бағыттағы 6 іс-шараға 638 адам қатысты.

Жалпы алғанда, өткізілген іс-шаралар барысында 1270-нен астам азамат қамтылды.

Кездесулер мен түсіндіру жұмыстары барысында отбасы құндылықтарын сақтау, құқықтық сауаттылықты арттыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әлеуметтік қолдау тетіктері және қиын жағдайға тап болған кезде қайда және қандай көмекке жүгінуге болатыны туралы ақпараттар берілді.

Әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында орталық мамандары ауданның шалғай елді мекендеріне де ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Атап айтқанда, Сұлутөр, Үлкен Сұлутөр, Қаракемер, Кенен, Отар, Қарасу, Бетқайнар, Жамбыл, Қордай, Қақпатас және Жаңатұрмыс ауылдарының тұрғындары қамтылды.

Бұл – әлеуметтік көмектің тек аудан орталығында ғана емес, шалғай елді мекендердегі тұрғындарға да қолжетімді болуына мүмкіндік беретін маңызды қадам.

Қазіргі таңда әлеуметтік салада цифрлық технологиялардың маңызы артып келеді. Осыған байланысты орталық қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында FSM Social цифрлық жүйесін енгізу бойынша мамандарға оқыту семинарлары өткізілді.

Цифрлық жүйелерді пайдалану әлеуметтік жағдайларды бақылауды, ақпаратты жүйелеуді және көрсетілетін көмектің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Аяла» отбасыны қолдау орталығының жұмысы – әлеуметтік мәселелерді бір күнде шешіп тастау емес. Оның басты мақсаты – қиын жағдайға тап болған отбасын жалғыз қалдырмай, қажетті сәтте қолдау көрсету, мәселені ерте анықтау және оны шешуге қажетті мамандар мен мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру.

Психологтың кеңесі, заңгердің көмегі, әлеуметтік қолдау, медициналық қызметке бағыттау, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу немесе дағдарыс орталығына орналастыру – мұның бәрі бір мақсатқа, яғни отбасының қиындықтан шығуына және әлеуметтік тұрақтылығын қалпына келтіруге бағытталған.

Отбасыны қолдау орталықтары – тек көмек көрсететін мекеме ғана емес. Олар – отбасы құндылықтарын нығайтып, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға үлес қосатын маңызды әлеуметтік институт.

Қордай ауданындағы «Аяла» отбасыны қолдау орталығының алғашқы нәтижелері де осыны көрсетіп отыр. 185 отбасының қамтылуы, жүздеген азаматқа көрсетілген психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек, 1270-нен астам адамды қамтыған ақпараттық-профилактикалық жұмыстар – орталық қызметінің нақты нәтижесі.

 

Г. ОРДАШ,

Қордай ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі «Аяла» отбасыны қолдау орталығының директоры

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.