Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Корея Рес-публикасы» бірінші бизнес-саммитіне қатысушыларға ілтипат білдіріп, Қазақстан Корея Республикасының Орталық Азия елдерімен экономикалық байланысты жан-жақты дамыту ниетін жоғары бағалайтынын атап өтті.
– Әлемдегі геосаяси шиеленіс жаһандық сауда мен экономикалық тұрақтылыққа бұрын-соңды болмаған қатер төндіріп тұр. Бұл жағдайда мемлекеттер арасындағы өзара түсіністік пен сенім табысты әрі ұзақмерзімді бизнес-серіктестіктің маңызды факторларының біріне айналады. Онсыз елдеріміз арасындағы сан салалы қарым-қатынас нәтижелі дамуы мүмкін емес. Бұл Қазақстанға да қатысты. Біз Корея Республикасымен ықпалдастықты ілгерілетуге бейілміз. Мемлекетіңізге, оның байырғы дәстүрлері мен мәдениетіне зор құрметпен қараймыз. Орталық Азияда табиғи ресурстардың мол қоры бар. Жаңа ғана Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёң мырза айтып өткендей, аймақта тұтыну нарығы ұлғайып, халық саны артып келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті өткен жылы аймақтағы елдердің ішкі жалпы өнімінің жиынтық көлемі 550 миллиард долларлық межеге жуықтап, өсім 6 пайыздан асқанын жеткізді. Бұл – әлемдегі орташа көрсеткіштен екі еседей жоғары.
Президенттің айтуынша, Орталық Азияның жиынтық ішкі жалпы өнімінің шамамен 60 пайызы және аймаққа шетелден тікелей тартылатын инвестицияның 70 пайызға жуығы Қазақстанға тиесілі.
Мемлекет басшысы бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін әлеуеті зор бағыттарға тоқталып, өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды негізгі басымдық ретінде атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев аса маңызды материалдар саласындағы серіктестікке назар аударып, Қазақстан минералдар мен сирек кездесетін металдар кеніне бай екенін айтты.
– Біз Корей Үкіметі стратегиялық басымдыққа ие ресурстар деп таныған мыс, хром, титан және басқа да элементтерді өндіреміз. Ал Кореяның озық технологияны өркендетуде мол тәжірибесі бар. Осыны ескеріп, геологиялық барлау, кен игеру, аса маңызды материалдарды терең өңдеуге қатысты толық циклді инвестициялық жобалардың тізімін жасақтауды ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент көлік байланысын кеңейту мәселесін өте өзекті деп санайды. Осы орайда, Орталық Азияның географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасуы тұтас Еуразияның көлік-логистика жүйесін нығайтуға мол мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының айтуынша, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың әлеуеті зор. Қазақстан бұл бағыттың табысты дамуына барынша күш салады.
– Елімізде салалық министрлік құрылды, Alem.ai халықаралық орталығы ашылды, екі суперкомпьютер іске қосылды. Цифрландыру және жасанды интеллект жылын жариялау осы саланың дамуына тың серпін берді. Бірқатар маңдайалды бастамаларды іске асырып жатырмыз. Олардың қатарында қуаты 1 гигаватт болатын «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру жобасы да бар. Кадрлық және ғылыми әлеуетіміз де нығайып келеді. Еліміздегі алғашқы арнаулы университет – Qazaq AI Research University маман даярлауға кірісті. Технологиялық серіктестігімізді жаңа әрі сапалы деңгейге шығару үшін Астанадағы Alem.ai базасында «Орталық Азия – Корея» озық технологиялар орталығын құруды ұсынамыз, – деді Президент.
Ауыл шаруашылығы саласы да назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы былтыр Қазақстан рекордтық көлемде, яғни 27 миллион тоннадай астық жинағанын мәлімдеді.
Президенттің пікірінше, аймақтың экономикалық табысын елдердің орнықты дамуынан бөлек қарауға болмайды.
– Орталық Азияның өзара байланысын нығайту өңірдің экономикалық әлеуетін толық танытады, халықаралық бизнеске жол ашып, ауқымды бірлескен жобаларды іске асыруға тың серпін береді. Әлемде технологиялық және экономикалық тұрғыдан көшбасшы саналатын Корея Республикасымен ынтымақтастықты тереңдету осы мақсаттарға жедел қол жеткізуге ықпал етері сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ іс-шара барысында Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёң, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.