Бұл өзгерістер кітапхана қызметін де жаңа форматта ұйымдастыруға жол ашты. Бүгінде кітапхана тек кітап сақтайтын орын емес, оқырманға қажетті ақпарат ұсынып, рухани мұраны цифрлық форматта қолжетімді ететін заманауи білім орталығына айналып келеді.
Осы бағытта Ш. Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мекеме мамандары кітап қорын цифрландыру, жергілікті қаламгерлердің шығармаларын электронды форматқа көшіру және өңір тарихына қатысты құнды деректерді сақтау бағытында бірқатар жобаны жүзеге асыруда.
Солардың қатарында «Қасиетін жоймаған құнды басылымдар», «Шоқан асулары», «Жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын цифрландыру», «Жамбыл облысы: адамдар, оқиғалар, фактілер», «Тарихы терең, еңбегі ерен өлкелік басылымдар» жобалары бар.