Технологиялық даму қарқын алған кезеңде балалардың робототехникаға ерте жастан қызығушылық танытуы – заман талабы. Өйткені робот құрастыру мен оны бағдарламалау техникалық білімді жетілдіріп қана қоймай, баланың логикалық ойлауын, шығармашылық қабілетін және ізденімпаздығын дамытады, деп хабарлайды baq-orda.kz облыстық arainfo.kz газетіне сілтеме жасап.
Меркі ауданында осы бағытта балалардың қабілетін шыңдап жүрген жас мамандардың бірі – Жолдасбек Бахадырұлы. Ол екі жылдан бері робототехника үйірмесін жүргізіп, өскелең ұрпақтың техникалық сауатын арттыруға үлес қосып келеді. Үйірмеге мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерден бастап 15 жасқа дейінгі оқушылар қатысады.
Үйірмедегі сабақтар балалардың оқу кестесіне сәйкестендіріліп, күніне екі мезгіл – түске дейін және түстен кейін өткізіледі. Ата-аналар үшін сабақ ақысының қолжетімді болуы да үйірменің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отыр.