Жер сілкінісі – кенеттен болатын қауіпті табиғи құбылыс. Ол адам өміріне, денсаулығына және мүлікке үлкен зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан әрбір адам жер сілкінісі кезінде қалай әрекет ету керектігін білуі тиіс.
ЖЕР СІЛКІНІСІ БАСТАЛҒАН СӘТТЕ:
Егер сіз үй ішінде болсаңыз, сабыр сақтап, үрейге берілмеңіз. Терезеден, айнадан және ауыр жиһаздардан алыс тұрыңыз. Мықты үстелдің немесе есік жақтауының астына тығылған дұрыс. Лифт қолдануға болмайды.
КӨШЕДЕ БОЛСАҢЫЗ:
Ғимараттардан, электр бағандарынан және ағаштардан алыс ашық жерге шығыңыз. Себебі олар құлап, жарақаттауы мүмкін.
КӨЛІКТЕ БОЛСАҢЫЗ:
Көлікті қауіпсіз жерге тоқтатып, ішінде отырыңыз. Көпірлерден, туннельдерден және ғимараттардан алыс болуға тырысыңыз.
ЖЕР СІЛКІНІСІНЕН КЕЙІН:
Газ бен электр қуатын тексеріңіз. Егер зақым болса, бірден сөндіріңіз. Қираған ғимараттарға кірмеңіз. Жарақат алғандарға көмек көрсетіп, қажет болса құтқару қызметіне хабарласыңыз.
Жер сілкінісіне алдын ала дайын болу да маңызды. Үйде алғашқы көмек қобдишасын, су, шам және қажетті заттарды дайындап қойған дұрыс.
Қауіпсіздік – әр адамның өз қолында. Дұрыс әрекет ету арқылы өзіңізді және жақындарыңызды сақтай аласыз.
А.КЕНЕТАЕВ, Қордай ауданы ТЖБ инженері, азаматтық қорғау лейтенанты