Отбасы – қоғамның тірегі

0

Отбасы – әр адамның өміріндегі ең қымбат құндылық. Адамның тәрбиесі, мінезі мен өмірге деген көзқарасы ең алдымен отбасында қалыптасады. Сондықтан отбасын қорғау, ананы, әкені және баланы қолдау – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 30-бабында неке мен отбасының, ана мен әкенің және баланың мемлекет қорғауында болатыны көрсетілген. Бұл әрбір отбасының құқығы қорғалуы керек дегенді білдіреді.

Отбасының берік болуы ерлі-зайыптылардың бір-бірін құрметтеуіне, түсіністік танытуына және ортақ жауапкершілікті сезінуіне байланысты. Неке ер мен әйелдің ерікті келісімімен құрылып, заң бойынша тіркеледі. Отбасында сыйластық пен татулық болса, бала да жақсы ортада өсіп, дұрыс тәрбие алады.

Балаға қамқорлық жасау, оны тәрбиелеу, білім алуына жағдай жасау – ата-ананың басты міндеті. Әрбір бала мейірім мен махаббатқа бөленіп, отбасында өзін қауіпсіз сезінуі керек. Өйткені бүгінгі бала – ертеңгі ел азаматы. Баланың бойына адамгершілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет және өзге ұлт өкілдеріне сыйластықпен қарау сияқты қасиеттерді сіңіруде отбасының орны ерекше.

Сонымен қатар ата-ананы құрметтеу де – халқымыздың ежелден келе жатқан асыл дәстүрі. Конституцияда кәмелетке толған, еңбекке қабілетті балалардың еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті екені жазылған. Бұл – тек заң талабы ғана емес, адамгершілік пен перзенттік парыздың да көрінісі. Ата-ананы қадірлеп, қартайған шағында қолдау көрсету – әрбір азаматтың міндеті.

Қазақстан – түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан ортақ Отанымыз. Қордай ауданында да әртүрлі ұлттың отбасылары өзара сыйластық пен түсіністіктің үлгісін көрсетіп келеді. Әр отбасының берекесі мен бірлігі – ауданымыздағы қоғамдық келісімнің негізі.

Менің ойымша, мықты мемлекет құру үшін ең алдымен отбасы құндылықтарын сақтауымыз керек. Әр шаңырақта тыныштық, сыйластық пен мейірім болса, қоғам да берік болады. Сондықтан отбасын құрметтеу, балаға дұрыс тәрбие беру және ата-ананы қадірлеу – баршамызға ортақ міндет.

Айнұр Абкаева,
«Қордай ауданының этномәдени орталығының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі

Leave A Reply

Your email address will not be published.