AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Kraken халықаралық криптоплатформасының тең бас атқарушы директоры Дэвид Риплидің кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар цифрлық активтер нарығын дамыту перспективаларын, заманауи қаржылық технологияларды енгізуді, реттеу тәсілдерін жетілдіруді, сондай-ақ Қазақстанның цифрлық экономикасында халықаралық тәжірибені қолдану мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Kraken Қазақстанда цифрлық активтер нарығын дамытуға және блокчейн-технологияларды енгізуге бағытталған Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Тағы бір маңызды оқиға – Kraken компаниясының «Астана» халықаралық қаржы орталығының қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитетінен (AFSA) алдын ала мақұлдау (In-Principle Approval) алуы болды.
Аталған мақұлдау лицензиялау рәсімінің негізгі кезеңдерінің бірі болып табылады және белгіленген талаптар орындалғаннан кейін компанияның АХҚО-ның реттелетін юрисдикциясында қызметін бастауына алғышарттар жасайды.