Дархан даласындай пейілі кең қазақ елі өзге ұлт өкілдерін бауырына басқан қайсар халық. Бір шаңырақ астында бірлігі жарасқан ұлттар мен ұлыстардың татулығы басқа елдерге үлгі боларлықтай. Ал өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін азаматтарды кезіктіргенде ішіміз жылып, сол адамға деген құрметіміз арта түседі.
Қазақ тілін туған тіліндей меңгерген өзге ұлт өкілдерінің бірі – Бөлегенова Наталья. Орысша амандасқан маған «Сәлеметсіз бе» деп қазақша жауап қатқан кейіпкеріміз қазақтың қаймағы бұзылмаған құтты мекені Мойынқұм ауданының тумасы. Орыс ұлтының қызы бала кезінен ауладағы қара домалақтармен бірге ойнап жүріп, қазақ тілінде еркін сөйлеуді үйреніп алған. Мектепті орыс тілінде оқыса да, бұл оған мемлекеттік тілді меңгеруіне кедергі келтірмеді. Он сегіз жасқа толғанда кішкентайынан бірге өскен көрші жігітке тұрмысқа шығады. Бір қызығы болашақ жары Андрейдің әкесі – қазақ, анасы – чуваш екен. Аралас отбасы болғанымен қайын атасы қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанатын, үй ішінде тек ана тілінде сөйлеуді талап ететін қатал кісі болыпты. «Алғашқыда қазақ отбасына сіңісіп кету қиынға соқты. Кейіннен барлық жөн-жоралғыларды бес саусақтай үйреніп алдым. Келін болып түскеннен басымнан орамал түспеді, ата-енеме сәлем салдым. Қазақ халқының ұлттық, діни мерекелерін атап өту біздің отбасылық дәстүріміз. Міне, ақырындап алдағы ораза айт мерекесіне дайындықты да бастап жатырмыз», – дейді алты баланың анасы.
Бөлегеновтар отбасы 2012 жылы Мойынқұм ауданынан Қордай ауылына көшіп келген. Бала кездерінен қазақы тәрбиені көріп өскен қыздары бойжетіп, қазақ жігітіне тұрмысқа шықса, ұлдары қара шаңыраққа қазақ келінін түсірген. Бүгінде олардан немере сүйіп отырған отағасы мен Натальяның барлық перзенттері қазақ сыныбында оқыған. «Менің балаларым орысша емес, қазақ тілінде сөйлейді. Оларға өз ойларын қазақ тілінде жеткізген жеңіл. Бұрын ұстаздары жиналысқа шақырып, сіздің балаларыңыз орысша білмейді. Анасы орыс бола тұрып, балаларының орыс тілін білмегені қалай деп таң қалатын»,– дейді кейіпкеріміз. Ұл-қыздарының есімдерін де қазақша қойған: Әсем, Гүлнәр, Расул, Ролан, Қарлығаш және Жеңіс. Үйде жүрген кенжесі Жеңістің өңі мен шашының сарғыштығына қарап орыс дерсің. Сүйкімді балақай шүлдірлеп қазақша сөйлегенде кейбір қазақ балалардың өзін шаң қақтырмайды. Үш жасар Жеңіс өскенде өрт сөндіруші болам дейді. Отағасы Андрей Бекмұратұлы «Қордай су» мекемесінде жұмыс істейді екен. Біз барғанда үйде тек Наталья мен кішкентай ұлдары ғана болып, отбасының өзге мүшелерімен тілдесудің реті келмеді. Ұлты орыс болғанмен, нағыз қазақ қызына тән ұяңдық, сыпайылық, қонақжайлылық қасиеттері бойынан табылған Наталья Юрьевна Қазақстанда туғанына, ұл-қыздарының осы елде қанат жайып, жетілгеніне шүкір дейді. Күміс алқа иегері өмір сүріп жатқан елге құрмет мемлекеттік тілді үйренуден басталатынын айтады. Түрі басқа, тілегі бір өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына, тіліне деген құрметін көріп кеудеңді мақтаныш сезімі кернейтіні рас. Болашақта елімізге деген алғысын мемлекеттік тілді меңгеруімен білдіретін ұлт өкілдері көбейсе игі.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ
ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ – ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕНУДЕН БАСТАЛАДЫ
Prev Post
Next Post