🔹 Қасым-Жомарт Тоқаев Network School ұйымының Қазақстанның технологиялық экожүйесін қалыптастыруға қосқан үлесін жоғары бағалап, ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін атап өтті.
🔹 Президенттің айтуынша, еліміз жаңа буын технологиялық көшбасшыларын даярлау мақсатында білім беру, ғылым және цифрлық құзыреттерді дамытуға белсенді түрде инвестиция салып келеді.
🔹 Осы орайда Мемлекет басшысы Network School негізін қалаушыға өзінің Жолдауында жарияланған «Халықтық құрылыс» бастамасы болашақ ұрпаққа маңызды әрі салмақты мұра қалдыруға мүмкіндік беретінін айтты.
🔹 Бағдарлама аясында әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын, соның ішінде мектептерді, университеттерді және медициналық мекемелерді жаппай салу жоспарланып отыр.
🔹 Қасым-Жомарт Тоқаев Network School Kazakhstan жобасының Астанада іске қосылуын және компанияның қазақстандық университеттермен, стартаптармен әрі технологиялық кәсіпорындармен серіктестікті кеңейтуге деген қызығушылығын құптады.
🔹 Сонымен қатар Президент Баладжи Шринивасанға Astana AI Film Festival кинофестиваліне инвестициялық қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
🔹 Өз кезегінде Баладжи Шринивасан Қазақстанда озық технологиялық шешімдер мен дәстүрлі экономика салаларының табысты үйлесім тапқанын ерекше атап өтті.
🔹 Ол Network School Kazakhstan жобасын дамытудың басым бағыттарын таныстырды. Олар цифрлық шешімдерді ілгерілетуге, адами капиталды дамытуға және инновациялық жобаларды енгізуге қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.