бос ұғым болып қалады.
Діндар адам зайырлы бола ала ма?
Негізінде зайырлылық мемлекеттің сипаты, мұндай мемлекет барлық наным сенімдерге, идеологияларға бейтарап қарайды. Зайырлылық мемлекет пен діннің бір бірінен бөлінуі, мемлекеттің әлеуметтік, саяси, және құқықтық негізгі жүйесінің аз да болса діни қағидаларға сүйенбеуін білдіреді. Осы анықтамаға қарап отырып, зайырлылықтың мемлекет болмысына қатысты қағида, ұғым екендігін көруге болады. Дінді бөлетін, діни негізге сүйенбейтін, діндерге тең, тарапсыз қарайтын жеке тұлға емес, мемлекет екен.
Қазір бізде зайырлылықты атеизм ретінде танытқысы келіп, мемлекетке оның конституциялық құрылымына қарсы психологиялық наразылықтағы жастардың бар екендігі байқалады. Зайырлылықты исламға жат не оған қарсы құбылыс ретінде көреді. Себебі оларда зайырлылықтың ұстаным екендігі туралы танымдық білім жоқ яки кем. Яғни ең алдымен зайырлылық ұстанымын тану шарт. Зайырлылық дін болмағандықтан да исламға да басқа дін атаулыға да тарапсыз қарайды. Демек бұл тұрғыдан қарағанда жеке тұлға, мемлекеттің азаматы ретінде әрі белгілі бір діннің өкілі, діндар әрі зайырлы болуы мүмкін екен. Олай болса, атеист те зайырлы әрі атеист болуы ықтимал екен. Себебі зайырлылық дін емес. Егер ол дін болса, бір адам бір мезетте әрі мұсылман әрі христиан бола алмайды, немесе діндар әрі атеист бола алмайды. Сенім — табиғаты жағынан субьективті яғни әр адамға қарай түйсіну, сезіну, қабылдау деңгейі әр түрлі бола береді. Себебі онда әр адамның құдайды тану тәжірибесі, рухани психологиялық процесс ретінде нақты шаблондарға сүйенеді. Бұл табиғи құбылыс. Ал таным негізделуі, анықталуы, қайта тексерілуі, талданып, комментарии жасалуы үздіксіз жүріп отырады. Бұл жерден де діннің сенімге, зайырлылықтың танымға негізделген түсініктер екендігін көруге болады.
Зайырлылық ұстанымында мемлекет өз азаматтарының сенімдеріне, араласпай, бөле жармай, қандай да бір діни сенімнің келесі бір дінге қысым жасамауын, үстемдік етпеуін, қысым көрсетпеуін реттейтін функциясы бар. Мемлекеттің діни қысымды болдырмауының өзі оның демократиялық және зайырлы елдің басты қызметі. Мұны заңымыздағы «ар ождан бостандығы», «діни сенім еркіндігі» ретінде түсінеміз. Қазірдің өзінде қоғамда «сен мен сияқты сенуің керек, мынауы ширк, мынауың бидғат, натижеде сен кафирсің» деген психологиялық, діни, танымдық қысымдар көрініс беруде.
Осы құбылысты реттейтін де зайырлылық ұстанымының кепілі болып отырған мемлекеттік институт болу керек. Ал мемлекеттің де демократиялық, либералистік, зайырлылық сипаты ешқандай сеніммен, діни қағидамен, дінмен қайшы келмейді. Сондықтан да тұлғаның әрі демократ, зайырлы әрі діндар болуында ешқандай қайшылық жоқ. Сондықтан Қазақстан зайырлы ел, құрушысы қазақ мәдениеті, ол мәдениетте ислам басты анықтаушы дін.
Қордай ауылдық округі әкімінің аппараты
Пара – өзінің бас пайдасы үшін немесе қалағанына қол жеткізу мақсатында және ақиқатты жалғанға, бұрысты дұрысқа шығару үшін лауазымды тұлғаға, яки басқа бір адамға берілетін ақша немесе қымбат зат.
Шариғатымыз пара алуға және пара беруге қатаң тыйым салады. Алла Тағала Құранда: «Бір-біріңнің мал-мүліктеріңді харам жолдармен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра ел-жұрттың мал-дүниесінің бір бөлігін күнәлі жолдармен жеу үшін (пара ретінде) басшыларға беруші болмаңдар!» – деп бұйырады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сухт жолымен пайда тапқан адамның жәннатқа кірмейтінін айтқан кезде қасындағылар: «Уа, Алланың елшісі, сухт деген не?» – деп сұрайды. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үкім шығару үшін пара алу» (Ибн Жарир) деп жауап берген. Сәубаннан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта: «Алла елшісі пара беруші мен пара алушыны және дәнекерлік еткенді лағынеттеді», – деген (Имам Ахмад). Яғни пара алушы мен пара беруші арасында дәнекерлік жасаушы да ауыр күнә істеген болады.
Парақорлық – қоғамның баяндылығын бұзатын індет. Пара жүрген жерде әділетсіздік орнап, адам мен қоғам құқығына қол сұғылып, заңның күші жойылады.
Пара ретінде берілген мүлікті не сыйлықты алу харам болғандықтан, оны иесіне қайтарып беру міндет. Егер алынған зат табылмаса, сол заттың құнына тең басқа зат қайтарылады. Пара берген адам дүниеден өткен болса, ол зат оның мұрагерлеріне қайтарылады. Осылайша пара алушы бұл дүниедегі жазадан құтылады. Ал ақыреттік жазасынан құтылуы үшін Аллаға шынайы тәубе етіп, кешірім сұрау керек. Егер мүліктің иесін табу мүмкін болмаса, ол мүлік мұқтаж жандарға үлестіріліп беріледі.
С.ТӨЛЕУЛІ,
Жамбыл облысы әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығының «Қордай ауданы бойынша инспекторы
ҰСТАЙ АЛМАСАҢ ҚАСІРЕТІҢ
Дін – ақылды адамдарға арналған дүниеде және ақіретте бақытқа жетелейтін иләһи заңдылық болып табылады. Дінмен өмір сүргенде ғана адам баласының өркениет өрісі кеңейіп, көркейіп, рухани өміріне қанат бітеді. «Дін» сөзінің мағынасы кең болғандықтан көптеген анықтама беруге болады. Дін тек Құдайға деген құлшылықтан бас көтермеу дегенді білдірмейді. Ол – өмір сүрудің үздік үлгісі, екі дүние бақытына жетелейтін жол.
Дін – адамгершілікке, имандылыққа, ізгілікке шақыратын құдіретті күш. Жаратушы мен жер үстін жайлаған жұмыр басты пенденің арасындағы байланыстың алтын көпірі, адам санасын тәубеге жүгіндіріп, пенделік ойлардан арылтып, жанын тазартатын күш деп те айтуға болады. Сонымен қатар жалқаулық пен бұзық ойлардан аулақ болуға, еліне қызмет етуге, жаратылғанға жанашырлық көрсетуге, адами қасиеттер мен көркем мінез-құлықты болуға, «қоғамнан не алсам» деп емес, «қоғамға не берсем» деген санаға жету жолын көрсететін құндылық болып табылады. Ол кез-келген халықтың мәдениеті мен салтына айналған рухани құндылықтардың бірде-бірегейі.
Қазақстан – зайырлы мемлекет. Қазақстанда 130-дан астам этностар мен диаспоралар, көптеген дін өкілдері тату тәтті бір шаңырақ астында өмір сүріп жатыр. Осымен-ақ Қазақстан әлемге танымал, үлгі десекте болады. Кейбір қоғам мүшелері өздерінің отбасында діни қарама-қайшылықтан, ойларының сәйкеспеуінен берекесі кетіп, ажырасуға, балалар жетім, әйелдер жесір қалуына себеп болып отыр.
Бұл күнкөрістің, әлеуметтік жағдайдың төмендігінен емес, көзқарастардың бөлек болуынан. Осының бәрі сауатсыздықтан, дінді дұрыс түсінбеуден шығып жатыр. Мемлекеттің басшылығына бағынбай, оның заңдарына қарсы келу шариғатта қатаң сынға алынып, қатаң ескертілген. Қасиетті Құран Кәрімде: Аллаға бағыныңдар, оның пайғамбарына бағыныңдар, араларыңынан шыққан басшыға бағыныңдар дейді. Басшылыққа бағыну шариғатта да үкім етілген.
Мұсылмандық тазалық пен бейбітшілікті ту еткен, имандылықты, парасаттылықты, кешірім мен келісімді, шапағат пен мейірімді, қанағат пен рақымды, білім мен еңбекті насихаттаумен қатар ислам жолындағы адамға үлкен жауапкершілік жүктейтінін жан-жақты дәлелердермен келтірген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Жақсы мұсылман басқаларға тілімен және қолымен зиян келтірмейтіндер. Қорқытпаңдар, сүйіншілеңдер. Ауырлатпаңдар, жеңілдетіңдер» деген. Яғни, дінді қорқынышпен, бір адамға қысым көрсету арқылы дінге алып келуге болмайды. Әрбір адам өзінің жүрегімен сезініп, тазалыққа, имандылыққа өз еркімен саналы түрде, дінді жеңіл қабылдауымен келуі керек.
Қоғамда болып жатқан небір жамандық атаулыны дінмен байланыстырып, қаралай беру дегеніміз нағыз – дін дұшпандарының әрекеті болмақ. өйткені, Хақ тағаламыз дінді – Құдайына құлшылық жасау арқылы баянды болашағының бағдаршамына айналдыруды бұйырған. Ал, қаруға айналдырып, қан төгіс жасау немесе өзін өзі жарып жіберу арқылы жанкештілік көрсету ешқандай діннің негізіне жатпайды. Жалпы дін дегеніміз – адамның өзін өзі тәрбиелеп, екі дүниелік бақытына жол ашатын, оқу-білімге жетелеп, бойына ізгі қасиеттер сіңіріп, қараңғы кеудесін иман нұрымен жарықтандырып, көркем мінез сыйлайтын бірден бір ілім. «Иманы кеткеннің жиғаны кетеді» дегенді терең түсінген бабаларымыз: «Жиғанымды алсаң да, иә, Алла – иманымды алма», — деп дұға жасаған. Мына қоғамның ең басты байлығы – адам болғандықтан, адамға тура жол көрсетіп, ақ пен қараны ажыратып тұрған діннің де алар орны ерекше. Дінімізге берік болсақ, ешкім де ішімізден ірітіп, іргемізді ажырата алмайды. Дін діліміз һәм діңгегіміз екенін естен шығармайық.
Қордай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Л.ТУКМЕНБЕТОВА
Жамбыл облысы әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» Қордай ауданы бойынша бөлімінің инспекторы М.САИДОВ
******
ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ
Асыл дініміз – Исламмен біте қайнасқан қазақ қоғамында ертеден-ақ отбасы құндылықтарына, атап айтқанда жанұяның ауызбірлігіне, біртұтастығына, отбасындағы ұрпақ тәрбиесіне, баланың болашағына аса қатты мән берілген. Мұсылмандықты ту еткен қазақ халқында отбасы ұғымы аса қадірлі, баға жетпес құндылықтар ретінде есептелген. Дана халқымыз ежелден дін мен дәстүрді ұштастыра біліп, қоғам игілігі үшін, соның ішінде отбасының бақыты үшін рухани тәрбие мектебін қалыптастырды. Өзіміз өмір сүріп жатқан ортаның, яғни қоғамның отбасыдан құралатынын Хақ елшісі (с.а.у.) уақытында жете түсініп, халықтың бақытты өмір сүруінің айқын жолы – жанұя тәрбиесі мен баға жетпес рухани құндылықтарында жатқанын біз үмбеттеріне өсиет етіп кеткен.
Мәселен, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) өзінің бір сөзінде: «Ер азамат – өз жанұясының бақташысы, сол үшін де ол өзінің қол астындағыларға жауапты» деп айтқаны бәрімізге белгілі.
Бұл өсиеттен отбасы мүшелерінің өзара міндеттері, жауапкершіліктері белгіленгенін байқаймыз. Отбасы құндылықтарының қалыптасуы әлбетте үйдің тірегі болған ер азаматтың жанұядағы орны айқындалуымен тығыз байланысты. Ата-бабамыз «әке көрген оқ жонар» деп, ер азаматты жастайынан болашақ өмірге дайындаған. Тәрбие беру барысында ер азаматтың қадірі жоғары екенін отбасы мүшелеріне үнемі дәріптеп отырған. Бұл тәрбиені көріп өскен ұл да, қыз да келешекте ер азаматты, үлкен кісіні сыйлай білген.
Отбасының бақытты болуында әрине ананың да рөлі зор.Ана өз перзентіне әрдайым тура жолды нұсқап отырып, жақсылыққа баулып, жамандықтан сақтандырып отырады, жан дүниенің рухани баюына зор үлес қосады. Ананы отбасы құндылықтарының негізін қалаушы десек әсте қателеспейміз. Анадан алған тәрбие ұрпақ үшін сарқылмас рухани байлық. «Ана бір қолымен бесік тербесе, бір қолымен әлемді тербейді» деп дана халқымыз тегін айтпаған. Қызымыздың қылықты, ұлымыздың ұлықты болуы – аналарымыздың жастайынан жанұясынан көрген мықты да қатаң тәрбиесінде жатса керек-ті. Осы ретте пайғамбарымыз (с.а.у.) да өзінің өнегелі өсиетінде әйелдің отбасындағы жауапкершіліктерін нақты айқындап көрсеткен. Ежелден жеткен өсиетінде: «Әйел өз үйі мен балаларының бақташысы, сол үшін де жауапты» деп әйелді жанұяның береке-бірлігінің бастауы ретінде бағалаған.
Еркектің ісі – түзде болса, иманды перзент, ұлағатты ұрпақты қалыптастырып, болашаққа дайындау – тек ананың қолынан келер іс.
Дінбасымыз Наурызбай қажы Тағанұлы отбасы құндылықтарын таразылай келе: «Біздің дініміз бен дәстүрімізде, күнделікті өмір сүру дағдымыз бен ұлттық болмысымызда ата-ананың ұрпақ алдындағы аманаты, баланың перзенттік парызы, олардың бір-біріне қатысты тәрбие үлгілері бағзы заманнан қалыптасқан. Осынау құндылықтар ғасырдан ғасырға жалғасып келеді», – деп, бұл мәселенің қоғам үшін қаншалықты маңызды екендігін көрсетіп берді.
Ұлы Абай атамыз: «Балаға көбіне үш алуан түрлі мінез жұғады: біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстаздан, үшіншісі – құрбысынан» деп отбасылық құндылықтың қалыптасуына не әсер ететіндігін анық айтқан.
Отбасы құндылығының қалыптасуында асыл дініміз, салт-дәстүріміз, қоршаған ортамыз, ішкен-жегеніміз, іс-әрекетіміз, төңірегіміздегі адамдармен қарым-қатынасымыз зор рөл ойнайды. Осы ретте «Жеті рухани қазық» қазақстан мұсылмандарыныңрухани тұғырнамасында көрсетілген «Имандылық, Отаншылдық, Білімділік, Ауызбіршілік, Еңбекқорлық, Мәдениеттілік, Әділдік» принциптері отбасы құндылығының қалыптасуына зор септігін тигізетінін айта кеткеніміз жөн.
Алайда қазіргі уақытта отбасылық құндылықтар жоғалып бара жатқандай әсер қалдырады. Бала-шағаны бағудың қамымен ұрпақ тәрбиесін ұмыт қалдырған көптеген ата-аналар баланың бақытын материалдық жағдаймен тығыз байланыстырып, рухани тәрбиені бір шетке ысырып қоюы өкініш тудырады. Болашақ тек материалдық жағдайдың жақсы болуымен қалыптаспайды. Осындай қасаң пікір мен келте ойлаудың салдарынан қарны тоқ, алайда рухани тәрбиеден жұрдай, тек қарақан басын ойлайтын, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпейтін, сый-құрметтің не екені санасына жетпеген ұрпақтар өсіп шығары сөзсіз. Осындайда дана халқымыздың өзіндік тәрбие мектебі қалыптасқанын айта кеткеніміз жөн. «Балаңды аясаң – аяма» деген сөздің мәні – тәрбиеге көнбеген балаңды ұрып, таяқтау деген сөз емес, тәрбиелеу барысында тым шектен тыс жанашырлыққа салынбау дегенді білдіреді. Жүрегі мейірімге толы ата-ана әрине перзентін бетінен қақпай өсіреді. Ата-ананың осындай кеңшілігін бағаламай, бұрыс түсініп өскен кейбір балалар ер жетіп, бойжетіп, отбасын құрғанда еркіндікке салынып, бала тәрбиесіне қырын қарай бастайды. Тек өзінің қара басын ойлаудан әрі аса алмайды. Өз перзенті ақылына құлақ аспаса, жұдырықпен тәрбиелеуге көшеді. Ата-анадан зорлық көріп өскен бала әрине қорқақ, үркек болатыны сөзсіз. Ондай балаөз отбасындаата-ана қамқорлығын сезіне алмай, керісінше жәбір көріп, зорлық-зомбылықтың құрбанына айналады.
Қазіргі уақытта елімізде жасөспірімдердің отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшырау жағдайы жиі кездеседі. Осы жағдайды желеу еткен кейбір үкіметтік емес ұйымдар бала тәрбиесін ата-анасына емес, арнайы мекемелердің қолына тапсыруға барынша күш салуда. Әлбетте бұл біздің кемшін кеткен тұстарымызды білдіреді. Перзенттеріміз Абай атамыз айтқандай «Толық» адам боп қалыптасуы үшін өзгенің қаңсығы емес, өзіміздің атадан балаға жалғасып келе жатқан имандылықпен ұштасқан ұлы тәрбиесін сіңіруіміз қажет. Қазақ атам мұны үш-ақ ауыз сөзбен: «Ұят болады», «Жаман болады», «Обал болады», деп шебер жеткізе білген. Мұның түбінде әрине имандылық жатқаны сөзсіз. Осы құндылықтарды ешқашан ұмытпай, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе білуіміз – біздің адамгершілік борышымыз.
Әбдіжаппар АМИРОВ,
Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази»
мешітінің найб имамы
******