Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді түсіндіру және өңірдің өзекті мәселелерін талқылау мақсатында Құрылтай мен Үкімет өкілдері облысқа жұмыс сапарымен келді. Талдықорған қаласындағы Достық үйінде және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында өткен кездесулерге депутат Екатерина Самойликова, Қазақстан Халық Кеңесінің өкілі Қайрат Кереев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова, Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков, қоғамдық ұйымдар мен іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері қатысты.
Алғашқы кездесу Достық үйінде өтіп, онда әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл шаруашылығын дамыту және тұрғындарды толғандырған мәселелер талқыланды. Құрылтай депутаты Екатерина Самойликова Жалпыұлттық құрылыс жылын тек жаңа ғимараттар салумен шектемей, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағыттау қажеттігін атап өтті.
Келесі кездесу «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында іскер әйелдердің қатысуымен өткізілді. Онда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, жеңілдетілген несиеге қолжетімділікті арттыру және әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау мәселелері талқыланды.
Жұмыс сапары аясындағы тағы бір маңызды басқосу паралимпиадашылармен өтті. Кездесу барысында Құрылтай депутаты Екатерина Самойликова инклюзивті қоғам қалыптастыру мәселесіне тоқталды. Қазіргі таңда елімізде ерекше қолдауды қажет ететін 240 мыңға жуық бала бар. Оларға медициналық, психологиялық-педагогикалық және оңалту көмегін уақтылы көрсетілуінің маңызы үлкен. Осы бағытта балаларды кешенді қолдау жөніндегі заң жобасы әзірленуде. Сонымен қатар ерте диагностика жүйесін жетілдіру, қажетті қызметтерді цифрлық форматта қолжетімді ету және ымдау тілі мамандарының тапшылығын азайту мәселелері көтерілді.