Бәріңізге мәлім, қазір айрықша маңызды металдардың рөлі артып келеді. Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, бізге де осындай металдардың қорын тиімді басқаратын ұлттық жүйе құру қажет.
Аталған жүйеде тау-кен саласындағы жобаларды ұзақмерзімді қаржыландыруға мүмкіндік беретін нақты тетіктер болуға тиіс.
Елімізде осы бағытта жұмыс істеп жатқан кәсіпорындармен оффтейк-келісімшарт жасау арқылы кепілді сұранысты қамтамасыз еткен жөн.
Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Осы мәселені кәсіпкерлермен бірлесе талқылап, жыл соңына дейін маған нақты ұсыныс енгізу қажет».
«Сондай-ақ сарапшылар мен мамандардың пікіріне сүйенсек, ұлттық түрлі-түсті және сирек кездесетін металдардың қорын қалыптастыру қажеттілігі пайда болып жатыр.
Түпкі мақсат – елімізді жаһандық өндіріс тізбегіне қосу. Экспорттық саясатымыз да осы мақсатқа сай жүргізілуі керек.
Үкімет бұл саладағы дамыған елдермен стратегиялық серіктестік орнатуға тиіс.
Жаңадан ашылған кәсіпорындар жұмыс істеп тұрған жергілікті бизнес нысандарына орынсыз кедергі келтірмеуі керек. Инвесторларды тартқан кезде де осы мәселеге мән беріп, әр аймақты, әр саланы мұқият зерделеген жөн.
Қате шешімдердің салдары қандай теріс нәтижелерге әкеп соқтырғанын көріп отырмыз.
Мәселен, елімізде металл өндіретін Qarmet деген ірі кәсіпорын бар. Соған қарамастан, тағы үш облыста дәл осындай өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Осы кәсіпорындардың өнімі нарықтың сұранысына ие бола ма? Бұл сұраққа нақты жауап жоқ сияқты. Сондықтан осындай үйлесімсіз шешімдердің пайдасы күмәнді екеніне дау жоқ.
Мекемеаралық байланысты нығайтпасақ, экономикамыз өз әлеуетін жоғалтып алады. Әрбір аймақ өзінің басымдықтарын айқындап, соған сай жұмыс істеуі керек.
Осы мәселе бойынша Үкіметтің үйлестіру рөлін әлдеқайда күшейту қажет екені анық. Бірақ аймақтар жекелеген салаға немесе кәсіпорынға тәуелді болып қалмауға тиіс. Сондықтан өңірде негізгі саланы дамыта отырып, оның айналасында және ішінде де толыққанды біртұтас жүйе құру маңызды.
Атап айтқанда, білім беру, қолданбалы ғылым, логистика, қызмет көрсету салаларын, сабақтас өндірістерді және технологиялық кәсіпкерлікті дамытқан жөн».
«Халықтық құрылыс» әр аймақта осындай жүйе, яғни қазіргі тілмен айтсақ, экожүйе құруға оң ықпал ететініне сенім бар».
«Келесі мәселе. Ауыл шаруашылығының одан әрі қарқынды дамуына барлық күш-жігерімізді салуымыз қажет.
Былтыр бұл сала шамамен 6 пайызға өсіп, агроөнеркәсіп кешенінде өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңгеге жетті.
Жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 триллион теңгеден 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғайды.
Дегенмен бөлінген қаражаттың бір бөлігі күнделікті қажеттіліктер мен айналымдағы қаражатты толықтыру үшін жұмсалып отыр.
Шаруаларға алдағы жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік беретін кең ауқымды қаржыландыру жүйесі керек.
Сондықтан Үкімет фермерлерді ұзақ мерзімге арналған инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ету үшін тиімді әрі пәрменді тәсілдерді енгізуі қажет».
«Бәйтерек» холдингі тағам өнеркәсібі саласында жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын әлеуеті зор жобалар тізімін дайындады. Соның бәрін табысты жүзеге асыру үшін қолжетімді әрі жеңілдетілген шарттармен қаржы бөлу мәселесін созбалаңға салмай, сапалы жобаларды дереу жүзеге асыру керек.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласын технологиялық тұрғыдан жаңғыртудың сәті келді.