Бұл маңызды ғылыми-әдістемелік басқосуға 2000-ға жуық еліміздің әр облысындағы және халықаралық деңгейдегі Түркия, Нигерия, АҚШ, Үндістан елдерінің беделді сарапшылары мен инженерлері қатысып, заманауи білім беру саласындағы озық тәжірибелерімен бөлісті.
Конференцияның пленарлық отырысы білім берудің жаңа заман талаптарын талқылаудан басталды. Жиынның алғы сөзін «Өрлеу» БАҰО АҚ Басқарма төрағасының стратегиялық даму мәселелері жөніндегі орынбасары Аида Мейірқұлова ашып, шараның маңыздылығына тоқталды.
Ғылыми-әдістемелік бағыттағы салиқалы ойларды Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас ғылыми қызметкері Шолпан Шүйіншина «Индустрия 5.0 дәуіріндегі білім беру мазмұны: жаңа талаптар мен даму бағыттары» атты баяндамасында бүгінгі жас ұрпаққа сапалы білім беру жолында жаңа заман талаптарына сай бейімделудің қаншалықты маңызды екенін терең пайымдап берді. Пленарлық отырыстан кейін конференция әртүрлі білім беру ұйымдарында 6 секциялық бағытта жалғасты.