«Ауыл» партиясынан №5 сайлау округі бойынша Қордай аудандық мәслихат депутаттығына кандидат ДЖИНЛИР ГАЩИМ МУХАМЕДОВИЧ
ӨМІРБАЯН
Джинлир Гащим Мухамедович 1963 жылғы 5 қаңтарда Жамбыл облысы Қордай ауданының Масаншы ауылында дүниеге келген. 1980 жылы М. Лермонтов атындағы №16 орта мектепті бітіргеннен кейін Фрунзе қаласындағы орыс тілі мен әдебиеті педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1984 жылы аталған оқу орнын тәмамдаған.
Еңбек жолын 1985 жылы тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. Еңбек еткен жылдары комсомол ұйымының босатылған хатшысынан мектеп директорына дейінгі қызмет жолынан өтті. Сортөбе ауылындағы екі ірі білім беру мекемесінде – №17 орта мектеп пен М. Лермонтов атындағы №16 орта мектепте 32 жылдан астам уақыт басшылық қызметтер атқарды.
1989–1994 жылдары Қордай аудандық халық депутаттары кеңесінің депутаты болды. Сонымен қатар Қордай аудандық мәслихатының V және VI шақырылымдарының депутаты болып сайланды.
2022 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағына ие болды. Ал 2025 жылы еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Шапағат» медалімен марапатталды.
Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жастарды жұмыспен қамтуға, аз қамтылған отбасылар мен жетім балаларға қолдау көрсетуге, жас отбасылардың мәселелерін шешуге, ауылды абаттандыруға және қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыруға атсалысып келеді.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ:
«Қуатты өңірлер – қуатты орталық. Ауыл гүлденсе – ел гүлденеді!»
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының атынан ұсынылған кандидат Джинлир Гащим Мухамедович алдағы қызметінде партияның «Қуатты өңірлер – қуатты орталық» стратегиялық қағидатын, сондай-ақ Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» басымдықтарын, ұлттық дәстүрлер мен рухани құндылықтарды сақтау қағидаттарын басшылыққа алуды көздейді.
Қордай аудандық мәслихатының депутаты болып сайланған жағдайда, ол өз күш-жігерін төмендегі бағыттарға жұмылдыруды мақсат етеді:
- Ауыл шаруашылығын қолдау. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді суармалы сумен үздіксіз қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің мемлекеттік қолдау мен субсидиялар алуына жәрдемдесу.
- Ауыл экономикасын дамыту. «Өнім өндірушіден – тұтынушыға» қағидаты бойынша делдалсыз, тікелей «Егістіктен, фермадан – нарыққа» өнім өткізу арналарын қалыптастыруға, оның ішінде «жасыл дәліздер» ұйымдастыру арқылы ықпал ету.
- Білім беруді дамыту. Сортөбе ауылындағы М. Лермонтов атындағы №16 орта мектепке күрделі жөндеу жүргізуге, С. Торайғыров атындағы №48 орта мектеп жанынан спорт залы мен асхана салуға жәрдемдесу.
- Тарих пен мәдени мұраны сақтау. Сортөбе ауылында тарихи-өлкетану музейін салуға, туған өлкенің өткен тарихын ұлықтауға және жастарды ауыл тарихымен таныстыруға ықпал ету.
- Жастарды қолдау және спортты дамыту. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және бұқаралық спортты дамыту мақсатында заманауи сауықтыру-спорт кешенін салуға жәрдемдесу.
- Жас мамандарды тұрғын үймен қолдау. Білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы салаларында еңбек ететін жас мамандарға арналған коммуналдық тұрғын үй салу мәселесін көтеру.
- Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту. Әлеуметтік-мәдени мақсаттағы барлық нысандарды газбен жылыту жүйесіне қосуға ықпал ету.
- Қоғамдық келісім мен отбасылық құндылықтарды нығайту. Ақсақалдар, әкелер, аналар кеңестерінің, имамдар мен жастардың бірлескен жұмысын ұйымдастыру, отбасы институтын және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдау.
- Халықты әлеуметтік қолдау. Жастарды жұмыспен қамтуға, аз қамтылған отбасылар мен жетім балаларға көмек көрсетуге, сондай-ақ жас отбасылардың өзекті мәселелерін шешуге жәрдемдесу.
- Ауылды абаттандыру және азаматтық белсенділікті арттыру. Қоғамдық және қайырымдылық бастамаларды қолдау, жергілікті билік органдарымен және қоғамдық ұйымдармен өзара байланысты нығайту, ауылды абаттандыруға және ұлттық дәстүрлерді сақтауға ықпал ету.