Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі шаралары талқыланған аппараттық кеңес өтті.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жоспарлау және жедел басқару орталығының бастығы Жеңіс Қайнарбаевтың мәліметінше, 2026 жылы өңірде өткен жылмен салыстырғанда өрт оқиғаларының саны 21,5 пайызға төмендеген. Биылғы жылыту маусымы 15 қазанда басталып, келер жылдың 15 сәуіріне дейін жалғасады. Маусым басталғалы улы газдан улану деректері тіркелмеген.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың үйлеріне улы және табиғи газды анықтайтын датчиктер орнату жұмыстары жүруде. Облыс бойынша барлығы 3 210 құрылғы орнату жоспарланған.
Бұдан бөлек, 8 қазаннан бастап облыста «Ата-анаңның үйін тексер» акциясы өтуде. Оның аясында 11 мыңнан астам тұрғын үй араланып, 29 мыңға жуық азаматқа өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілді. Профилактикалық жұмыстар әлеуметтік осал санаттағы 3 174 үйді қамтыды.
«QazaqGazAimaq» АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Бахтияр Көпбосыновтың айтуынша, өңірде 250 708 газ тұтынушы тіркелген. Филиал мамандары 64 758 тұрғын үйді аралау барысында 6 741 техникалық бұзушылықты анықтаған. Олардың қатарында желдету арналарының болмауы, түтін мұржаларының талапқа сай келмеуі, газ жабдықтарының дұрыс орналастырылмауы сияқты кемшіліктер бар.