Инженерлік ізденіс – өндіріс өркендеуінің өзегі

0
Қазіргі әлемде мемлекеттің қуаты табиғи байлықтың көлемімен ғана емес, оны қаншалықты тиімді игеріп, ғылым мен технологияның көмегі арқылы дайын өнімге айналдыра алуымен өлшенеді. Жаһандық экономикадағы өзгерістер, цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы, жасанды интеллектінің өндіріс саласына енуі, экологиялық қауіпсіздік пен ресурстарды үнемдеу мәселесі бізден қалыптасқан тәсілдерді қайта қарауды талап етеді. Осындай кезеңде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған міндеттер еліміздің жаңа даму бағытын белгілеп, өнеркәсіпті жаңғырту, ғылым мен өндірістің өзара байланысын күшейту, заманауи технологияларды енгізу және сапалы маман даярлау ісіне ерекше жауапкершілік жүктеп отыр.

Жолдауда көтерілген мәселелерді мен химик маман ретінде кәсіби қызметіммен тікелей байланыстырамын. Себебі қазіргі таңда инженерияны химиядан, өндірісті ғылымнан, ал технологиялық дамуды экологиялық жауапкершіліктен бөліп қарау мүмкін емес. Бұл салалардың барлығы өзара сабақтасып, елдің экономикалық қуатын, технологиялық дербестігін және болашақтағы бәсекеге қабілеттілігін айқындайды. Сондықтан Жолдауда көрсетілген бағыттар мемлекеттік органдарға немесе ірі кәсіпорындарға ғана арналған міндеттер емес. Олар жоғары оқу орындарына, ғалымдарға, оқытушыларға, инженерлерге және кәсіби жолын енді бастап келе жатқан студенттерге де тікелей қатысты.

Кез келген елдің өндірістік әлеуетінің негізінде инженерлік ой жатыр. Инженер жаңа кәсіпорын салумен ғана айналыспайды. Ол технологиялық үдерісті жетілдіреді, өндіріс шығынын азайтады, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, табиғи ресурсты үнемдейді және ғылыми идеяны нақты өнімге айналдырады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.