СІБІР ЖАРАСЫ (КҮЙДІРГІ, ТҮЙНЕМЕ)

0

Сібір жарасы (күйдіргі, түйнеме) – адам және жануарлардың жоғары өлімімен өтетін аса қауіпті жұқпалы ауру, оның қоздырғышы – сібір жарасының таяқшасы (Bacillus anthracis). Көбінесе тері жамылғысында көрініс береді, өкпе мен ішекте сепсиз түрінде өтуі – сирек кездеседі. Сібір жарасының қоздырғышы қоршаған ортаға төзімді болып келеді: топырақта ол ондаған жылдар бойы сақтала алады. Ауру жеке органды ғана емес, тұтас ағзаны да зақымдайды. Инфекция көзі науқас жануарлар болып табылады: ірі қара мал, жылқылар, есектер, қойлар, ешкілер, бұғылар, түйелер. Сібір жарасы (қойда — топалаң, жылқыда — жамандат, ірі қарада — караталак, түйеде — ақшелек, қарабез) мал және жабайы жануарлардың бациллус антрацис микробы коздыратын, жіті түрде өтетін аса қауіпті жұқпалы ауруы. Топалаңнан өлген малды сойған кезде оттегінің әсерінен қоздырғышы спораға айналатындықтан мұндай малды жарып көруге қатаң тиым салынады. Спора әр түрлі химиялық заттар мен физикалық құбылыстарға аса төзімді, тіпті ол тікелей түскен күн сәулесінен 4 күнге дейін өлмейді, қайнаған суда 45-60 минутқа, 140 градусқа дейін қызған ауада 3 сағатқа, 1 пайыз формалин мен 10 пайыз күйдіргіш натрий ерітіндісінде 2 сағатқа төзеді. Ол тұздалған теріде де тіршілік ете береді. Ауру қоздырғышы сыртқы ортада сапрофит ретінде өмір сүріп, шаң-тозаң, ағынды су, қан сорғыш кенелер аркылы бір жерден екінші жерге ауысып жаңадан індет ошағын құрайды. Аталған аурудың клиникалық белгілері барлық мал түлігінде негізінен ұқсас болады. Соның ішінде қой топалаңын сипаттауды жөн көрдік. Бұл індет қойда аурудың клиникалық белгілері білінбейтін және білінетін болып екі түрде жүреді.
Бірінші түрінде қой бірден, 1-2 күнде өліп тынады, ауру өте жіті өтеді, көп ретте ішектер қабынады. Екінші түрінде қой денесінде жара мен тері және тері асты ісіктері пайда болып, індет 5-7 күнге созылады. Әуелгі кезде қой денесінің әр жерінде көлемі онша үлкен емес, ұстап көрсең, мал ауырсынып, қолға қатты тиетін қызулы қайткан ісікке, одан қайтадан ортасы сарғыш қатерлі жараға айналады.
Топалаң әдетте аса жіті және жіті, сирегірек жітіден төмен өтеді. Созылмалы түрі шошқада кездеседі. Аса жіті топалаң негізінен қой мен ешкіде, сирегірек жылқы мен сиырда байқалады. Ауырған мал кенеттен, аурудың клиникалык белгісі байқалып үлгермей-ақ, өліп кетеді. Мұндай жағдайда қой ентігіп, дірілдеп-қалшылдап, кейде орнында секіріп барып құлайды да, бірер минуттың ішінде өледі.
Сібір жарасынан өлген жануардың қаны қара май түсті болады, ұйымайды, сондықтан өлген жануарлардың ішін жаруға немесе терісін кесуге болмайды және өлексені аң-құстардың тасуына жол берілмеу керек. Себебі, мұның салдарынан жаңа ошақтар пайда болуы мүмкін.
Сібір жарасының түрлері:
• тері түрі – қоздырғыш енген жердегі теріде жазылмайтын жара пайда болады.- қоздырғыш енген тері жамылғысында 2-3 күн өткен соң қызылтым немесе көкшіл түсті дақ пайда болады. Сол жер қышып, теріні сәл күйдіргендей боп басталып, үдей түседі. Бөртпе 12-24 сағат өткеннен кейін диаметрі 2-3 мм, ішінде ашық түсті сұйықтығы бар күлдіреген бөртпеге айналады, уақыт өте келе оның ішіндегі сұйықтық қою түске боялып, қан араласады. Бөртпе қышып шыдатпаған соң, ауруға шалдыққан адам оны қасып, бетін жаралап тастайды. Ірінді бөртпенің орнына беті ашылған өлі етті қабыршақ пайда болады. Дәл осы қабыршақ сібір жарасының негізгі белгісі, дерттің атауы да осы қара даққа байланысты шыққан (anthracis-углевик). Қабыршақ қатты , тығыз, күйдірілген сияқты болады, оның айналасын қызыл түсті жиек қоршайды. Алғашында қабыршақ көлемі үлкен емес , диаметрі 2-3 мм. құраса, бірте-бірте оның мөлшері ұлғайып, оның шығыңқы бөлігі тері деңгейінен төмен түсіп, түсі қап-қара болып, тығызданады. Тері жамылғысы өзгеруінің алғашқы сағаттарында дертке шалдыққан адам әлсіреп, селқос болып, басы ауырады, алғашқы тәулік өткен соң немесе 2-ші күні дене қызуы 39-40 градусқа көтеріліп, хәлі нашарлайды. Мұндай температура 5-6 күн сақталып күрт төмендейді.
өкпе түрі – ауыр пневмонияның дамуымен сипатталады.- ентігу, кеуде клеткасының шаншып ауырсынуы, серозды-геморрагиялық қақыру, тыныс жетіспеушілігі, қанмен құсу, қалшылдау, қызба.
Ішектік түрі — бас ауырып, айналуы, қалшылдап, қызба, ішінің кесіп ауырсынуы, қанмен құсу, қан аралас суйық нәжіс, ішек парезі, перитонит.
септикалық түрі – қоздырғыш қанмен бүкіл ағзаға таралады, ең ауыр түрі- қалшылдап тону, бас ауыру, құсу, тахикардия, гипотония, геморрагиялық бөртпелер, интоксикациялық синдром, менингиальды симптомдар, ентігу, инфекциялық-токсикалық шок.
Адам ауру жануарлардан, мал сойғанда, малға күтім көрсеткенде, асқа ауру малдың етін, сүтін қабылдағанда, споралары бар терісін қолданғанда жұқтырады. Аурудың формасына байланысты адамда дене қызуының көтеріліуі, тері жарасы, ісіну; ауыр формаларында қанды іш өту және құсу, ішінің ауыруы, өкпе аурулары, жүрек әлсіздігі пайда болады. Емдеусіз ауру өліммен аяқталады. Инкубациялық кезең бірнеше сағаттан 14 күнге дейін көбінесе 2-3 күн.
Сібір жарасы ауыруы бойынша сиппатама 18 ғасырда жасалған- аталмыш дерт Сібірде кеңінен таралғандықтан сібір жарасы атауына ие болған. Ауру көбінесе Азия, африка, Оңтүстік Америка, Ресей, Татарстан, Қазақстан және басқада елдерінде бар. Қазақстан Республикасы аумағында соңғы 60 жыл ішінде 1700-ден астам сібір жарасы бойынша стационарлы –қолайсыз пунктер тіркелген, бұл пунктерде 2600-ден аса сібір жарасы анықталған ошақтар тіркелген.
Адамдар мен жануарлар арасында сібір жарасының ең тиімді алдын алу шарасы – жыл сайын ауруға қарсы егу жүргізу. Екпе жүргізу ең тиімді әдіс болғандықтан, жануарлардың барлығын қамтуға тырысқан жөн. Бүгінгі күнде егу жұмыстары жоспарлы түрде ветеринария мекемелерінде тегін жүргізіледі. Үй жануарларының иелері малдарды екпеге қатыстырмау – дерттің кең етек жайылуына себепші болып, мұның салдарынан адамдар сібір жарасына шалдығатының естерінен шығармаса игі болар еді.
Жамбыл облысы бойынша ағымды 2022 жылы сібір жарасының эпидемиологиялық-эпизоотиялық жағдайы өте күрделі болып тұр. Себебі өткен 4 ай ішінде адамдар арасынан 4 жағдай тіркеліп 1 адам (Жуалы ауданы) қайтыс болған. Эпидемиологиялық анамнезде науқастардың барлығы мал союға, малдың етін бөлшектегенге қатысқан. Яғни, ағымды жылы сібір жарасы ошақтарының белсенділігі байқалып отыр.
Қордай ауданы аумағында Сібір жарасының тұрақты стационарлы –қолайсыз пунктері 13 ауыл округтерінде 41 күйдіргі (сібір жарасы) ошақтары орналасқан.
НАЗАР АУДАРЫҢЫЗДАР!
Өзіңіздің денсаулығыңызды қауіп-қатерден сақтау үшін тағамға қолданылатын мал өнімдерін, оларды өңдеуден өткізу тек қана ветеринар сараптамасынан кейін ғана қолданғаныңыз жөн!
Сараптамадан өткен етті сатып алсаңыз да, өзіңізге ереже етіңіз: етті үйде қолғаппен бөлу керек, тақтай, пышақ тек қана шикі етке ғана арналған болуы керек. Оларды ыстық сумен кір сабынмен жуып, қайнаған сумен шайыңыз.
Аурудың алғашқы белгілері пайда болғанда міндетті түрде тез арада медициналық көмекке жүгініңіз, себебі ем неғұрлым ерте басталса, нәтижесі де қолайлы болады.
Есте сақтаңыз: сібір жарасы аса қауіпті жұқпалы аурулар қатарына жатады.
Сарып, бруцеллез (Brucellosіs), медицинада — адам мен малдың жұқпалы ауруы. Аурудың қоздырғышы бруцелл — суыққа төзімді, ыстыққа төзімсіз бактерия. Мұны 1886 ж. ағылшын дәрігері Д.Брюс (1855 — 1931) тапқан.
Сарып кең таралған аса қауіпті инфекция. Бұл инфекция әсіресе мал шаруашылығы дамыған аймақтарда көптеп кездеседі. Қазақстан Республикасында сарып ауруы, оңтүстік аймақтарында кеңінен таралған.
Эпидемиологиясы. Бруцеллез — нағыз зооноз. Аурудың негізгі көзі – жануарлар, яғни ешкі мен қой, ірі қара мал, шошқа болып табылады. Сарып ауруы адамға көбінесе жанасу мен алиментарлы жолдар арқылы жұғады. Сондықтан тұрғындар ауру малды төлдету, қойдың жүнін қырқып, одан өнім алу кезінде аса сақ болғандары жөн. Төлдеп жатқан малдың жанына арнайы киімсіз, резеңке қолғапсыз баруға болмайды. Өйткені бруцелла бацилласы малдың қағанақ суында көп шоғырланады.
Сарып ауруының аурушаңдылығы көктем-жаз айларына қарай көтеріле бастайды. Себебі бұл кезде мал төлдеп, жүнің қырқұ кезендеріне сай келеді. Сарып ауруының адамға жұғу жолдарының бірі тамақ арқылы жұғады. Яғни шикі және термикалық өңдеуден шала өткен малшаруашылық өнімдерін (сүт, әсіресе ешкі сүті, сүт өнімдері — қаймақ, ірімшік, уыз, шашлык, стейк, т.б.) қолданғаннан болады. Атап айтқанда, сүтте, қаймақта, сары майда, ірімшікте бруцеллалар қалыпты температурада 16-20 күн, сүтқышқыл өнімдерінде (простокваша, сүзбе) – 2 күн, ал төмен температурада (тоңазытқышта) – 18-20 күн, әлсіз тұздалған (10%) және әлсіз қышқыл уызда – 72 күн сақталуы мүмкін. Бруцеллалардың сүтте, әсіресе ешкі сүтінде ұзақ сақталуы оның эпидемиологиялық ролін анықтайды
Етте және ет фаршында бруцеллалар сақталу температурасына және құрамындағы тұздың деңгейіне байланысты 14 күннен 40 күнге дейін тіршілік етеді. Бұл фактор ет өңдеу өндірістердің жұмысшыларына және тутынушыларда үлкен маңызға ие. Әсіресе, жануарлар түсік тастағаннан соң сойылса жүзеге асатын еттің интравитилді залалдануы қауіпті. Түсік тастаған жануарлардың еті аса қауіпті. Бруцеллалардың полипатогенділігі мен едәуір тұрақтылығы олардың тек қана жануар организмінде ғана емес, сонымен қатар сыртқы орта заттарында да сақталуына әсер етеді.
Сарыптың алғашқы клиникалық белгілері: Аурудың клиникалық белгілері біртіндеп басталады. Науқаста дене қызуы көтеріліп, қалтырау мен тершеңдік байқалады. Әсіресе, науқастың дене қызуы кешкілік мезгілде көтеріледі. Науқастың жалпы жағдайы қанағатты болады да, дәрігерлерге қаралмай жүре береді. Бірақ, бұл жағдай ұзаққа созылып (бір неше аптадан 3 айға дейін), науқас дене салмағын жоғалтады.Негізінен буындар ауырып, бұлшық еттер мен жүйке жүйелері зақымданады. Жыныс мүшелеріне әсер еткен жағдайда ерлерде орхитке, әйелдерде түсік тастауға, жатырдың қабынуына, мастит ауруларына әкеліп соқтырады. Ал балалар мен жасөспірімдерді белсіздік ауруымен зақымдауы мүмкін. Сондықтан дер кезінде дәрігерге қаралмаған жағдайда бруцеллез асқынып, мүгедектікке әкеліп соқ¬тырады.
Аурудан сақтану жолдары: Ең алдымен ауру малдың көзін тез арада жою қажет. Малды төлдету кезінде сақтық үшін арнайы қолғап, аяқ киім киген дұрыс, қолды сабынмен екі қайтара жуып, залалсыздандыру керек. Сонымен қатар сапалы өңдеуден өткен ет, сүт өнімдерін тұтыну қажет. Ауладағы малдың арасында түсік тастау, өлі туу жағдайын дереу мал дәрігеріне хабарлау керек. Әр отбасы мал дәрігерімен тығыз байланыста болғаны абзал.

З.УАЛИЕВА,
Қордай аудандық санитарлық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының жетекші маманы

Leave A Reply

Your email address will not be published.