Латын әліпбиі-рухымыздың жаңғыруы

0

Ұлттың ең ұлы қазына ана тілі екені, тілден ажыраған шақта ұлттың да жойылатындығы анық. Халықтың түпсіз даналығы, тәлім-тәрбиесі тілі арқылы сақталып, тілі арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жататындығын біз жақсы білеміз.
Олай болса, тәуелсіз еліміздің шынайы байлығы – қазақ тілі, ол жаңғыруы тиіс. Өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін қазақ тілінің жанданып өзінің табиғи заңдылықтарға ие болуы үшін латын графикасына негізделген әліпбиді, жазуды жаңғыртудың халқымыздың болашағы үшін, қазақ тілінің келешегі үшін өмірлік маңызы зор құбылыс. Сол себепті жаңа әліпби рухымызды жаңғыртудың жарқын жетістігі екендігі тарихи шындық.
Елбасы Жарлығында латын графикасына негізделген қазақ тілінің әліпбиі бекітілді. Ол бірден келе қойған, ат-үсті шешілген іс-әрекет емес. Латын графикасына көшудің жайы ұзақ жылдар бойы талқыланды, сол талқылаулардан келген бір түйінді бір тұжырым, басы ашық әңгіме – латын әліпбиіне көшудің ұлт мүддесіне қызмет ететіндігі рас.
Осылайша жаңа алфавиттің үлгісі жария етілді. Жаңа әліпбимен оқып, жазуды үйрету жұмыстарын 2017 жылдың соңынан бастап кеттік. Бүгінгі күні баспа түріндегі әріптерге көпшіліктің көзі тез үйренгенімен, оның жазбаша таңбаларын игеріп, жазып, оқып кету оңай жұмыс еместігі жасырын емес. Осының негізінде латын әліпбиіне негізделген қазақ әліпбиінің өзгертілген, жетілдірілген нұсқасы бекітілді. Латын әліпбиіне негізделген қазақ әліпбиін жасау – заманымыздың заңдылығы, алдымызға қойған нақты мақсат-міндеттеріміздің айғағы. Сондықтан да бүгінгі таңда осы бағыттағы жұмыстарды барынша жандандырып, ана тіліміздің болашағы үшін атсалысу әрбір саналы азаматтың борышы болуы тиіс деп білемін. Өйткені, қазақ тілі – ұлы Абай мен Мұхтардың сөйлеген тілі. Ата-баба құндылықтарын сақтап, оларды жете біліп, терең меңгеру, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе білу – бүгінгі ұрпақтың парызы. Сондықтан, ең қымбат байлығымыз – ана тіліміз екендігі ақиқат.

А.ҚЫЛЫШБЕКОВА,
Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы

Leave A Reply

Your email address will not be published.