ТУҒАН АУЫЛЫН ТҮЛЕТКЕН

0

Әрбір адам кіндік қаны тамған жерін ерекше жақсы көріп, әрқашанда өз Отанын қорғауға дайын тұрады. Туған өлкеге тағзым ету, білім алған алтын ұя мектебіне, ұлағатты ұстаздарына құрмет көрсету – әр азаматтың борышы.
Осы ретте №27 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінде патриоттық жұмыстарға ерекше ден қойылып, Ұлы Отан соғысы кезінде от кешкен майдангерлердің ерен ерлігін, білім беру саласы ардагерлерінің абыройлы еңбегін жас ұрпаққа насихаттауға көңіл бөлініп жатқандығын атап өткен жөн.
Мәселен, осы жылдың наурыз айында педагогикалық кеңестің шешімімен мектеп спортзалына спорт қайраткері, мектеп директоры Сапарбек Жамаштың есімі берілсе, сәуір айында жергілікті ақсақалдар кеңесінен құрылған бастамашыл топ «Еске алу аллеясы» жобасын әзірлеген. Аталмыш жоба мұғалімдер қауымы, ауыл тұрғындары мен округ әкімшілігі тарапынан қолдау тапқан.
Мектеп аумағында орналасқан кешеннің ортасына ҰОС қатысушыларына және мұғалімдерге арналған тұғыр қойылды. Ауылдың тумалары Мұхтар Далбаев, Қайрат Лаков, Ариф Ахмедов, Сейсенбай Сайбировтың, мектептің бұрынғы түлектерінің демеушілік көмектерімен аллея аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, алаңға асфальт төселіп, гүл отырғызылып, тротуар плитасы төселіп, жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ гранит тұғыры қойылып, оған ұрпаққа арналған өсиет сөздер қашалып жазылды. Айта кетсек, ауыл тұрғындары қажетті қаржыны екі ай ішінде жинап, бірден жобаны іске асыруға кіріскен екен.
Ал 1 маусым күні аллеяның салтанатты ашылу рәсімі өтіп, оған жергілікті билік өкілдері, округтің қоғам белсенділері, №27 орта мектебінің педагогтары мен оқушылары, ауыл тұрғындары қатысты.
Жиынды ашқан округ әкімі Бақытжан Құттықов ауыл тұрғындарын елеулі оқиғамен құттықтап, жобаны іске асыруға үлес қосқан азаматтарға алғыс хаттарды тапсырды.
Сондай-ақ салтанатты шара барысында аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков, «Нұр-Ал» ЖШС басшысы Дүйсенхан Онгельдиев, білім саласының ардагері Фарман Алиев, аналар алқасының төрайымы Шолпан Мейрманова, Мейраш Амандықовалар сөз алып, өздерінің жылы лебіздерін жеткізді.
Білім беру мекемесінің директоры Аида Бейсебекова Еске алу аллеясы Ұлы Жеңіске, ең бастысы бейбітшілікке қол жеткізген батыр бабаларын жадыларында мәңгі сақтайтын бірнеше буындарды біріктіретінін атап өтті.
Іс-шара мектеп мұғалімдері мен оқушылары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.