ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМНІН АЛДЫН АЛУ ЖОЛДАРЫ

0

«Экстремизм» термині сөзбе-сөз (лат. Еxtremus – шеткі) шектен тыс көзқарастар мен әрекеттерді ұстану, қоғамдағы тәртіп пен нормаларды жоққа шығару ретінде анықталады. Экстремизм – әруақытта әр қалай көрініс беретін өте күрделі құбылыс.
Ал «терроризм» ұғымына қатысты көптеген анықтамалар мен түсіндірмелер болғандықтан, жұртшылыққа ортақ анықтама беру қиынға соғады. Алайда, оның «зорлық зомбылық», «қорқыныш пен үрей туғызушылық» және «кінәсіз адамдарға кесір тигізу» сынды басты белгілерін айқындай кетуге болады. Бұған негіздесек, терроризм «үкімет немесе қоғамды белгілі бір саяси талаптарды қабылдауға мәжбүрлеу мақсатында жүйелі түрде жасалатын қоқан лоққы мен зорлық зомбылық» дегенге саяды.
Экстремизмге қарсы күрестің бірден-бір жолы – олар туралы өз уақытында шынайы мәлімет беру.
Террорға бейім адамдар мұсылман отбасыларында, яғни біздің көз алдымызда өсіп-жетілді. Біз оларды мұсылман деп санадық. Террорист болу жолында олар қандай күйді бастан кешірді? Біз бұған кінәлі емеспіз бе? деген көптеген сұрақтар алдымызда тұрғаны ақиқат.
Исламның негізін меңгерген адамның террорист болуын елестету мүмкін емес. Террорлық жолға түскен адамның мұсылман болып қалуы неғайбыл. Дінде адам өлтіру арқылы ізгі мақсатқа қол жеткізу деген ұғым мүлдем жоқ. Кез келген жан өз дінін жетік білсе, ақырет күні есеп беру сезімімен әрекет етер болса, террорлық әрекетке беттеуі мүмкін емес.
Террорлық әрекетке барып жатқандар мешіт жамағатынан шыққан, діндар жандар емес. Діндар кісілер мұншама жауыздық әрекетті жасай алмайды. Жанкештілікке көбіне діни сауаты жоқ адамдар барады. Олар әлдекімнің «Мынаны өлтіру керек» дегенін бұлжытпай орындайды.
Мұндай жағдайдан алып шығар жалғыз ғана жол бар – ол адамдарға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білу. Шынайы мұсылман адамның еш уақытта лаңкес бола алмайтындығын түсіну керек: «Кімде-кім шаң тозаңындай жақсылық жасаса, соның (сауабын алады), кімде-кім шаң тозаңындай жамандық жасаса, соның жазасын тартады» («Зилзал» сүресі, 7-8 аяттар). Егер сен атомның салмағындай бір нәрсе жасасаң, соған жауап бересің. Құранда бір адамды өлтіру бүкіл адамзатты өлтірумен бірдей деген аятта бар.
Діннің негізгі ұғымы осы болса, онда осыны үйретуіміз керек. Ислам жайлы түсінігімізді қайта қарап шыққанымыз жөн. Мұсылман ретінде «Мына әлемде өзгелер алға басып, дамып, өркендеп жатқанда, біз неге кері кетудеміз?» деп өз-өзімізге сын көзбен қарап, осының жауабын іздеуіміз керек.
Елдің елдігін сақтау Құран мен сүннетті басшылыққа алып, бұрынғы даналарымыздың көрсеткен жарқын жолымен жүруде екенін түсінетін уақыт жетті. Дінімізде мәңгі өзгермейтін ұлы ақиқаттар мен заман шарттарына қарай бейімделіп отыратын құндылықтар бар.
Ислам діні адамзатқа түрлі халықтар арасында тыныштық, бірлік, ынтымақ қалыптастыру мақсатында түсірілген. Әрбір мұсылман бір-біріне амандасқанда амандық, тыныштық тілеп сәлемдеседі.
Ислам діні өзімшілдікке жол бермейді, Аллаһ алдында барша адам тең. Тәңірі басқаларға ісімен де, тілімен де зарар, зиян келтіруден тыйып, адамдарды мәмілемен, жарастықта, тату ғұмыр кешуге, бір-бірін қуаттап, қолдауға үндейді. Ислам соғысқа, қан төгіске шектеу қойған. Бейбітшілік – адамзаттың басты құндылығы.
Ислам террорға, зорлық-зомбылыққа, бейбіт жандарға күш қолдануға қарсы. Бүгінгі таңда әлемнің түпкір-түпкірінде ислам атымен сандаған жазықсыз адамдардың қаны төгіліп жатады. Жаратушы сөзімен қарасақ, бір адамға қиянат жасап, құрбан ету күллі адамзатқа бағытталған амал ретінде түсіндіреледі. Сонымен Исламның қақтығыс, лаңгестік, зорлық-зомбылықты, өктемдікті айыптаған, керісінше қоғамдық тұрақтылық, ізгілікті, ұстамдылықты уағыздаған дін екендігіне көзімізді жеткіземіз.
Жалпы террордың ұлты да, діні де жоқ. Сол тұрғыдан мұсылман адамның террорист болуы әсте мүмкін емес. Ислам дінінің терроризм, экстремизммен үш қайнаса сорпасы қосылмайды.
Терроризм мәселесін біржола шешу өздерін ислам дініне жатқызатын адамдар Құран мен сүннеттің рухына сай (бұл өз кезегінде барлығын қамти білумен, қайырымдылықпен, көркем мінезбен, әрбір жанды қандай болса сол күйінде танумен және толықтай әділдікпен сипатталады) өмір сүргенде ғана жүзеге асады.
Ең алдымен, мұсылмандардың өздерінің ислам дінінде биік адамдық қасиеттерді, заңды қадірлейтін мейірімді әрі тәртіпке бағынатын тұлғаның қалыптасуына басты назар аударылатындығын терең түйсіне білулері аса қажет. Сол себепті, мұсылмандар арасында орын алып отырған экстремизммен күрес репрессия және жалаң тыйым салу жолымен емес, біріншіден, адамгершілік пен ізгі мінез қалыптастыратын исламның шынайы бейнесін дұрыс діни білім беру арқылы айқындатып күресу керек.
Екіншіден, адамдардың бойына этикалық қасиеттер дарытып, идеологиялық және өмірлік-стилдік плюрализмді қабылдау бейімділігіне үйрететін зайырлы білім беру жүйесі мен ағартушылық арқылы да жүзеге асу керек.
Үшіншіден, ата-аналар мен туған-туыстар жас ұрпақты, балаларын сүйіспеншіліктің бесігіне бөлеу үшін отбасы институтын күшейтудің маңызы өте зор. Сол арқылы, ауылдарда, оқу орындарында, қала аулаларында жұқтыруға жеңіл ұры-қарылық түсініктер мен қатыгездік сынды ауруларға шипа табуға болады.
Бүгінгі таңда терроризм мен экстремизмнің алдын алу мақсатында Қордай ауылдық округі әкімінің аппараты жыл бойына іс шаралар жоспарына сәйкес, жұмыстар атқаруды жоспарлап, жан-жақты ауқымды істер атқаруда. Атап айтар болсақ ең әуелі жастар мен ауыл тұрғындарымен семинарлар өткізуде.
Сондайақ исі мұсылман баласы жаппай бірге болар болсақ, терроризм мен экстримизмнің алдын алуға болады деген ойдамыз.

Қордай ауылдық округі әкімінің аппараты

Leave A Reply

Your email address will not be published.