АБЫСЫН ТАТУ БОЛСА…

0

Қазақ отбасының нағыз ұйытқысы – келін. Дана халқымыз ертеден ене мен келін қатынасына жоғары көңіл бөліп, оған аса байыппен қараған. Ата-анасынан көрген тәрбиесі мен қайын жұртының ықыласы мен алғысына бөленіп жүрген келіндер қазірде де бар.
Оң жақтағы қыз баланы «ертеңгі күнгі – келін, ерін сыйлар – адал жар, ана, ақыл айтар – жеңге, тату болар абысын» деп ұлттық тәрбиені өн бойына дарыта білу де оңай іс емес. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан Домалақ ана, Зере мен Ұлжан аналарымыздың салып кеткен сара жолы. Жас қыз ертең-ақ бойжетіп, кәмелеттік жасқа толып, бір үйдің табалдырығын келін болып аттары сөзсіз. «Келіннің аяғынан…» деп барған жері жас келінге сын көзбен қарайды. Отбасындағы әже, аналарынан тәлімді тәрбие алған қыз бала барған жеріне «судай сіңіп, тастай батып», ауыл-аймаққа қадірлі болып кетеді. Бір әулеттің түтінін түтетіп, шаңырағын биіктете түсу – үлкен жауапкершілік. Жас келіннің көтерер жүгі қашанда ауыр. Қайын жұртымен тіл табысу да шеберлікті қажет етеді. Ал, келіндердің ұлттары әр түрлі болса, бұл тіптен қиын деп ойлайтындар жетерлік. Қызылсай ауылының тұрғындары болған Сүйінбай ақсақал мен Баян апаны ауылдастары жақсы біледі. Бұл кісілердің шаңырағында үш ұлттан алған келіндері өзара тату өмір сүруде. «Жақсы ене анаңдай болады» демекші, Баян апа келіндеріне өзі білетін ісмерлікті, тазалық пен көпшіл болуды үйреткен жан.
– Мен ата-енемнің екінші келінімін. Менен бұрын қайным үйленген, жары қазақ қызы. Мен үлкен келін болғаныммен қайнымның келіншегі екеуміз сөзге келген емеспіз. Тілім қырғызша болғанымен шаңырағымызда бір-бірімізді түсініп, күнделікті тірлік еттік. Енеміз үнемі текемет басып, сырмақ салатын, жүн түту мен көрпенің алуан түрін құрайтын. Бақша күтімін де бәріміз бірге жасайтынбыз, – дейді Анархан Тұңғатарқызы. Көп күттірмей бұл отбасына екі келін Назира Қосайқызы мен Аида Сейсенқұлқызы келін болып түседі.
– Бұл отбасына келін болып түскенде Анара абысыным бар болатын. Біз бір-бірімізді ұлт пен ұлысқа бөлген емеспіз. Тату-тәтті тірлік етіп, жақсылығымызды асырып, жаманымызды жасырып, білмегенімізді үйреніп, білгенімізбен бөлісіп жүреміз. Менен кейін Аида келін болып түсті. Оның жасы кіші болғанымен жолы үлкен, – дейді Назира Қосайқызы.
Аида келіні апамыздың өзі іспетті, тігін тігеді. Аспаздықты бітірген келін бір шаңырақтағы көп адамға ас әзірлеумен айналысады. Бұл отбасының дастарханы жиылып, қонағы үзілген емес. Ал, отбасына кіші келін болып түскен Әсел Ханапиқызы түрік ұлтынан. Қырғызстанда білім алған жас келін орыс тілінде оқыған екен.
– Мен абысындардың кенжесімін. Әкем түрік болса, анам қырғыз, ал мен орысша оқығанмын. Сонда да шаңырақтағы татулық менің қазақ тілін тез үйренуімді жетілдірді. Немере келін болсам да абысындардың ақылымен, енемнің тәрбиесімен қазақ салтын тез меңгеріп алдым, – дейді Әсел Ханапиқызы.
«Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп» демекші, бұл отбасының бірлігі мен татулығы көпке үлгі.
Құралай СҮЙМАНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.