Ауылда туып-өскен, туған жерім деп жүрегі соғатын адамды қалалық өмір туралы айтып қызықтыра алмайсың. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз өмірдің ащы-тұщысын, ыстық-суығын жақсы біліп, еңбекті және адалдықты бағалай білетін жан. Ол 30 жылдан астам уақыт ауылда еңбек етіп, өз таңдауын дұрыс жасағанында еш күмәнданған емес.
Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Қарасай ауылдық округінің әкімі, мамандығы инженер Күлжаһан Елемесова қалай әкім болғаны, ауылдың тыныс-тірлігі жөнінде әңгімелеп, өз армандарымен бөліскен еді.
Құрамына Еңбек және Қарасай батыр ауылдары кіретін Қарасай ауылдық округін басқаратын Күлжаһан Елемесова осы ауылдың тумасы.
Шалғай орналасқан округ көп ұлтты. Онда қазақ, орыс, әзірбайжан, түрік, дүнген, поляк, татар ұлттарының өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Жергілікті әкім бір орында отыра бермейді, күні бойы округты аралап, ауылдастарының жағдайын біліп, проблемалық мәселелерді шешу үшін тыным таппайды.
Әкім боламын деген ой мүлде болмаған, дейді Күлжаһан Алмасқызы.
Жергілікті мектепті аяқтағаннан кейін ол Қазақ политехникалық институтына түсіп, әйелдерге тән емес «инженер-электроншы» мамандығын таңдаған. Оқуды аяқтағаннан кейін жолдама бойынша Тараз қаласына былғары аяқ киім фабрикасына жұмысқа орналасып, инженер қызметін атқарған. 1989 жылы туған жеріне оралып, егіс бригадасының бригадирі, құрылыс цехінің қойма меңгерушісі, есеп айырысу бөлімінің бухгалтері қызметтерін атқарып, 17 жыл бойы ауылдық клубты басқарған. Ауылдың тізгінін қолына ұстаған 4 жыл ішінде Күлжаһан Алмасқызы туған жердің дамуына айтарлықтай үлес қосып үлгерген.
-Ауылдық клубтағы жұмыс өте қызықты, бірақ ол жерде ертең, бір аптадан соң, тіпті бір айдан кейін не болатынын алдын ала біліп отыратынмын. Ал, қазіргі қызметте 2-3 сағаттан кейін сені не күтіп тұрғанын білмейсің. Адамдармен жұмыс істеу қызық. Өзіңнің қажеттілігіңді сезіну, округтің тыныс-тірлігіне өзгеріс енгізу, жұмысыңның нәтижесін көру мен үшін ең қымбат, — дейді кейіпкеріміз.
Оған хатшы арқылы жазылудың қажеті жоқ, ауыл тұрғындары көмек, ақыл керек болғанда тікелей хабарласып жатады. Өз мамандарымен бірге ол ауыл халқымен тығыз байланыс орнатып, нәтижелі жұмыс жүргізуде. Шын мәнінде, төрт жыл ішінде округ адам танымастай өзгерген.
— №20 орта мектебі, ауылдық амбулатория сынды әлеуметтік маңызы бар нысандарда жөндеу жүргізіліп, мектеп қазандығы салынды. «Жомарт түлек» жобасын іске асыру аясында «Қарасай баба» мешітінің жанында 300 орынға асхана салынып, ауыл тұрғындары үшін барлық жағдай жасалды. Асхана қажетті ыдыспен, жиһазбен жабдықталды. Одан басқа, округ жастарының көмегімен 1 млн.теңге жиналып, Қарасай батыр және Еңбек ауылдарында салынған шағын футболға арналған алаңдар жарықтандырылды. Қарасай батыр ауылына кіреберісте «Алмалы» саябағында 2 га жерге 2000 ағаш отырғызылды. Қарасай батыр ауылында стритворкаут алаңшасы, заманауи стелла, «Алмалы» саябағында арка пайда болды, ауылішілік жолдар жөнделді. Еңбек ауылында «Еңбек» мешітінің маңында 300 орынға арналған асхана салынып, ауылдық клубта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ендігі кезекте ауылды газдандыру жұмысын жандандыру қажет.
Елемесованың айтуынша, оң өзгерістер көп болғанымен, алда жұмыс одан да көп. Ауылдық округтің әкімі ауылдағы өмірді қаланікіндей жайлы және жағдайлы етуді армандайды екен. Мәселен, қазіргі таңда Қарасай батырда дене шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысы қарқын алған, өйткені ауылда спортпен шұғылданатындар саны жылдан жылға артып келеді.
-Округ әкімі ауылдың өркендеу жолында көп еңбек етуде. Жергілікті кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетіп, ауыл тұрғындарына қайырымдылық көрсету үшін мүмкіндік іздестіруде. Ауыл әкімі болғанына қарамастан сөмкелерді көтерісіп, бүкіл ауылды сумен қамтып отырған бұлақтарды тазалауға да кірісіп кетеді, — дейді ауыл тұрғыны Бегаим Құрманова.
Күлжаһан Алмасқызы үшін ең бастысы жанында түсінігі мол еңбекқор адамдардың табылуы. Оларға болмашы көңіл аударса, бірігіп талай белестерді бағындыруға болады. Ол әрдайым сенім білдіріп отырған ауылдастарының қолдауын сезеді.
Әйел-басшы болған қиын ба деген сұраққа: «Басшының әйел немесе ер азамат болғанында айырмашылығы жоқ. Ол басшы, демек міндеттері де, сұраныс та бір. Барлығы адамның білімі мен біліктілігінде, адамгершілік айнасында», — дейді К.Елемесова.
ЕҢ БАСТЫСЫ – АДАМГЕРШІЛІК
Prev Post
Next Post