Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол жоқ

0

Сейсенбі күні Қордай аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығында «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ» акциясы аясында дөңгелек үстел өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Д.Сүгірбай, аудандық полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы С.Мыңжасаров, аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Г.Абдуалиева, Жастар ресурстық орталығының директоры Р.Беделбаев, дағдарыс орталығының директоры Ш.Бейсенбаева және мекеме мамандары қатысты.

Іс-шараны орталық директоры Ш.Бейсенбаева ашып, дөңгелек үстелдің мақсаты мен мекеменің жұмыс барысына қысқаша тоқталып өтті. «Осы акция жылына екі рет өтеді. Біріншісі шілде айында болса, екіншісі қыста «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы аясында жылдық қорытынды шығарамыз»,- деген Ш.Саурбайқызы сөз кезегін аудан әкімінің орынбасары Д.Сүгірбайға берді. Аудан әкімінің орынбасары қоғам дертіне айналған тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жолдарын талқылаудың маңыздылығына тоқталды: «Бүгінгі дөңгелек үстелде көтеріп отырған өзекті мәселе осы шара шеңберінде ғана қалып қалмауы тиіс. Аудандағы елді мекендерді аралап, ауылдық аналар алқасы, билер кеңестерімен бірлесе отырып тұрғындарға, жас отбасыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз қажет»,-деді Д.Сүгірбай.
Осыдан кейін әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың туындауы туралы орталықтың заңгер маманы Н.Досмамбет баяндама жасады. Хабарламашының мәліметінше, биыл орталыққа 35 қызмет алушы қабылданған, оның ішінде 14-і әйел, 21-і бала. Қазіргі уақытта 7 әйел, 16 бала отбасына қосылыпты.
Жиын барысында Қордай АПБ ӘЗЗҚТ-ның 2022 жылдың 5 айында атқарған жұмысы туралы С.Мыңжасаровтың есебі тыңдалды. «Аудан аумағында 2022 жылдың бес айында әйелдерге қатысты барлығы 28 қылмыс тіркелген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 20 қылмысқа төмендеп отыр. Есеп беру кезеңінде АПБ-ның әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерімен халықты ақпараттандыру мақсатында барлығы 27 кездесу-насихаттау жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жылдың 5 айында аудан аумағында 127 қорғау нұсқамасы шығарылып, 22 ерекше талап соттың қаулысымен орнатылды. Сондай-ақ, учаскелік полиция инспекторлары ҚР ӘКБтК-нің 73-бабымен барлығы 37 тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 14 дерекке төмен»,- деп толыққанды ақпарат берген құзырлы орган өкілі көрсеткіштердің азаюының басты себебі азаматтардың ІІО-на деген сенімнің төмендеуінен екендігін атап өтті. Заңға сәйкес, мас күйінде жасалатын және отбасы тұрмыстық қарым-қатынастағы құқық бұзушылықтар бойынша шақыртылған ІІО-ның қызметкерлері құқық бұзушыны 3 сағаттан артық ұстай алмайды. Ал үш сағаттан кейін үйіне оралатын үй бұзақысы қайтадан әйелінің не жақындарының мазасын алуы мүмкін. Инспектордың сөзін орталық директоры да растап отыр. Оған қоса қазақ әйелдерінің көпшілігі әлі де полицияға шағымдануды, дағдарыс орталығынан көмек сұрауды ұят деп санайды, дейді мекеме директоры.
Осылайша жиынға қатысушылар күн тәртібіндегі өзекті мәселеге қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізіп,өз тараптарынан әрдайым қол ұшын созуға дайын екендерін айтты. Сондай-ақ, қаншама әйел мен балаға өз отбасынан ала алмаған жылулықты сыйлап отырған мекеменің жұмысына табыс тіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.