ҚАЗАҚИ МУЗЫКАҒА ЖЕТЕЛЕГЕН АЗАМАТ

0

Домбыра қазақтың ұлттық аспабы ғана емес, жаны, түйсігі, тіпті ары десе болады. Сондықтан домбыраны қадір тұтып, төрімізге ілеміз, тіпті ұлттық рәміздерден бір кем көрмейміз.
Киелі аспапты қастерлейтініміздің белгісі ретінде шілденің бірінші жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» болып бекітіліп, осы күні бүкіл қазақ даласы күмбірлеп тұрғандай болады. Осындайда тілге әуелі Қадыр ақынның «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деген өлеңі оралады. Сосын құйқаңды шымырлататын күйлер, термелер мен жырлар тұрған жеріңнен жұлып алып, шетсіз-шексіз далаға алып кетеді. Домбыра күні ұлттық аспабымызға ғана емес сонымен бірге сол аспапта ойнайтын, домбыра үнін жас буынның санасына құйып, сиқырлы бір тамаша әлемге тартып жүрген жандарға да құрмет көрсетілетін күн. Жалпы ауданымызда қазір жеткіншектерге домбыра үйретіп, қазақи музыка әлеміне жетелеп жүрген жандар аз емес. Соңғы жылдары ашылған шығармашылық орталықтар мен үйірмелерде жүздеген қордайлық балғындар ұлттық аспапты үйренуде. Түрлі байқауларда топ жарып, аудан абыройын көтеріп жүргендері қаншама. Ал, соларды осы бір тамаша өнерге баулып жүрген, көп жағдайда тасада қалып қоятын ұстаздар жайында да сөз етуді жөн көрдік. Солардың бірі «Мұқан Төлебаев атындағы өнер мектебінің» домбыра сыныбының мұғалімі Санат Баекенов. 35 жылға жуық аудан балаларына домбыра үйретіп келе жатқан Санат Молдашұлы 1965 жылы Рғайты қазіргі Ноғайбай ауылында дүниеге келген. Алға ауылындағы орта мектепті аяқтаған азамат Жамбыл мәдени-ағарту училищесін, Шымкент қаласындағы аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетін музыкалық білім мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын сонау 1987 жылы Кенен ауылындағы музыка мектебінде бастаған жас домбырашы өнер ауылының балаларын баулуда үлкен жетістіктерге жетіп, олардың алдыңғы қатары қазір есімі елге танымал адамдарға айналған. Ол ауыл жайында тек жақсы естеліктер қалғанын айтатын кейіпкеріміз, сауықшыл, өнерге өте құмар жерде еңбек еткенімді мақтан тұтамын, дейді.
Кенен ауылындағы музыка мектебі тоқсаныншы жылдары жабылған тұста еңбек жолын аудан орталығындағы «Мұқан Төлебаев атындағы өнер мектебінде» жалғастырады. Аймағымызға аты таныс, ұзақ жылдар аталмыш мектепті басқарған белгілі домбырашы Қалибек Бұтабаевпен тізе қоса жалпы ауданда домбырашылық өнерді дамытуға зор үлес қосқан жандардың бірі. Бүгінде Санат ағадан тәлім алған шәкірттері небір байқауларда топ жарып жүргені мәлім. Мәселен, оқушысы Асылжан Әлдемхан қазіргі таңда Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенті болса, тағы бір шәкірті Ақниет Асқар Құрманғазы атындағы консерваторияның білімгері. Бұл екі оқу орнына шын жүйріктердің қабылданатынын ескерсек ұстаздың үлкен еңбегі жатқанын аңғаруға болады. Ал, қазіргі буын шәкірттері ішінде жастайынан домбыраны серік етіп, ұстаз тәліміне қанық болған Серік Бейбарыс, Серік Сезім, Абылай Кенжебай, Алтынай Кенжебай, Бекжан Бексұлтан есімді шәкірттері республикалық байқаулардың жеңімпазы атанып үлгерген.
Санат Молдашұлын білікті әрі қатал ұстаз ретінде таниды шәкірттері. Бірақ, сол біліктілік пен қажет кезде қаталдық танытып жүрген, отыз жылдан астам уақыт музыка әлеміне, оның ішіне домбыра деген қасиетті аспапты үйретуде талмай еңбек етіп келе жатқан қадірлі ұстазға шығармашылық табыс тілейміз. Той-жиында қазақтың термелерін әуелете орындап, күйшілігімен көптің көңілін баурайтын, серілік мінезі бар Санат ағаны және барша домбыра сүйер қауымды Домбыра күнімен құттықтаймыз.

Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.