Ресми деректер бойынша, шетелде жеті миллиондай этникалық қазақ тұрады. Олар уақыт өткен сайын өздері тұратын елдің ортасына сіңісіп, ассимиляцияға ұшырап бара жатқандай. Түрі қазақ болса да, тілі бөтен ұрпақтың пайда болуы алыстағы ағайын мен атажұрттағы қазақты алаңдататыны анық. Жалпы, шетелде қазақ тілін оқытатын орталықтар бар ма? Жағдайлары қалай?
Бұлай алаңдауымызға себеп те жоқ емес. Өйткені шеттегі бауырларымыз білім алатын қазақ мектептері жабылып, қазақ тілінің пән ретінде оқытылуы тоқтаған. Қазір шетелдегі қазақ диаспоралары арасында Өзбекстан мен Моңғолияда ғана қазақ мектептері бар. Ал қазақ мектептері жоқ басқа мемлекеттерде тіл курстары тілдің жойылып кетпеуіне, ұмыт қалмауына сеп болып отыр. Қазақ диаспорасы өкілдерінің, жастардың қазақ тілін бастауыш деңгейде болсын үйренуіне мүмкіндік беретін курстар АҚШ, Еуропа, Түркия, Иранда тұратын қандастар үшін аса маңызды. Бұдан бөлек, қазақ тіліне қатысты шетелде оқытылатын оқулықтар мен басқа да оқу-әдістемелік құралдардың арасында алшақтық басым. Яғни, қазақ тілінің грамматикасы мен басқа да шарттары түрліше оқытылып жүр.
Осы тектес мәселелер кесірінен шартарапқа тарыдай шашылған қазақтардың басқа елдегі бауырларымен ауызша тілдесе алғанымен, жазбаша ұғынысы өте қиын жағдайда. Қазақ тілінің елдегі қолдану аясын кеңейтіп, мемлекеттік деңгейде талап күшейсе де, шеттегі қандастарымыздың ана тіліне қатысты жоғарыдағыдай мәселе тасада қалып отыр. «Омбы қазақтары» ұйымының негізін қалап, осы аттас газет шығарып отырған Торғын Әшенованың айтуынша, әр елдегі тіл үйретудің мәселелері де сан алуан. Айталық, Омбы өңірінде 100 мың қазақ тұрады. Заң бойынша, мектептерде қазақ тілі оқытылмайды. Губернаторлықтағы 40 ауылдың 15-інде қазақша үйрететін қосымша үйірме ғана бар. 2016 жылы губернатор Омбыдағы мектептерде 7 қазақ тілі орталығын ашты. Қазақтардың 52 пайызы қалада тұрады. Олар күнделікті өмірде орысша сөйлеседі. Қазақша тілдесетін, пікір алмасатын мүмкіндік аз. Тек қарттар ғана қазақша жақсы сөйлейді. Ал 30-40 жастағы орта буын мен жастар мүлдем ана тілдерін білмейді. Сондықтан 3 жылдан бері «Омбы қазақтары» ұйымы «Отандастар» қорымен бірігіп, қазақ тілін үйретуді қолға алған. Қазақша үйренуге көбіне ойы қалыптасып, қырыққа жақындаған ата-аналар келеді екен. Олар «қазір қазақ тілін үйрене бастамасақ, ертең ұрпақтарымыз ана тілін ұмытып кетеді» деп санайды.
Осы уақытқа дейін шетелдегі ағайын қолдарынан келгенше тілімізді сақтап қалу үшін түрлі орталық ашып, тіл курстарын өткізіп келді. Алайда қаржылық қиындықтарға байланысты мұндай орталықтардың жұмысы ілгерілей қойған жоқ. Бұл қазақ тілін сақтап қалу үшін Қазақстан тарапынан арнайы қолдаудың қажет екенін аңғартқандай. Өйткені қазақ тілі тек қазаққа ғана керек. Мысалы, 150-ден астам елде «Орыс әлемі» атты қор жұмыс істейді. Кеңес Одағы тарағаннан кейін орыс тілі ұмыт қалмай, халықаралық тіл деңгейінен түспес үшін бұл орталықтар елшіліктен де артық жұмыс істеп жатыр. Қордың негізгі мақсаты – ғылымды, орыс мәдениеті мен тілін шетелде насихаттау, экспорттау. Әрине, «Орыс әлемінің» жандануына Ресейдің айрықша көңіл бөліп отырғаны жасырын емес. Осы бағытта біздің елімізде «Отандастар» қоры құрылған еді. Қор шетелдегі қандастарға онлайн және офлайн форматта ана тілін үйретуді қолға алған. Жобаны Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп 3 жылдан бері жүргізіп келе жатыр.
–Қазақ тілін үйрететін курстарға білікті мұғалімдер мен қаржылай қолдау қажет. 2020 жылы 5 мемлекетте, 2021 жылы 7 мемлекетте және биыл 10 мемлекетте оффлайн қазақ тілін үйрететін орталық аштық. Жылдан-жылға қандастарымыздың қазақша үйренуге деген сұранысы артып келеді. Мұғалімдерді елшіліктер немесе коммерциялық емес ұйымдар ұсынады. Сосын біз ішкі конкурс өткізу арқылы білікті маманды таңдаймыз. Жобаның басты ерекшелігі – оқытушыларға ай сайын еңбекақы төленеді. Сәйкесінше, біз де оқытушылардан шығармашылық есеп пен нәтиже күтеміз. Жұмыстарын бақылап отырамыз,– дейді «Отандастар» қорының баспасөз хатшысы Нұрымжан Жұмағазиев.
Оның айтуынша, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы апта сайын мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсетеді. Тіл үйрететін орталықтарға көп жағдайда елшіліктер арнайы орын ұсынады. Ал аудитория болмаған жағдайда қор қаржылай көмектесіп, жалға кеңселер алып береді. Ал онлайн қазақ тілі курсы қазақ, ағылшын, түрік және парсы тілдерінде оқытылады. Тілді үйренуге тек қандастарымыз ғана емес, шетелдік азаматтар да қызығушылық танытып жатыр. Оның ішінде қазақ мәдениетіне қызығатын ғалымдармен қатар Димаштың жанкүйерлері де бар екен. Айта кету керек, бұл курс оқимын деген ниетті жандарға тегін өткізіледі. Шетелдегі ағайынға тіл үйрететін арнайы оқулықтың жоқ екені белгілі. Осыған орай былтыр «Отандастар» қоры «Шетелгі қандастарды оқытуға арналған әмбебап оқулық» шығарған. Оқулық қазақ, орыс, түрік ағылшын тілдерінде жарық көрген. Электронды нұсқасы көпшілікке қолжетімді. Франциядағы қазақ тілінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Құралай Қалиеваның пікірінше, шеттегі қандастарға қазақша үйрететін арнайы әдістемелік оқулықтар санын арттыру керек. Өйткені әр елдегі азаматтардың тіл үйренудегі мәселесі әртүрлі.
– Шетелде қазақ тілін оқытып жүргеніме 4 жыл болды. Францияда «Қорқыт-Абай» атындағы қазақ тілі мен мәдениетін насихаттайтын орталық бар. 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бірақ орталықта қазақ тілін оқытатын кәсіби маман тапшы. Қазақ тілін үйрету үшін Франциядағы Қазақстан елшілігі арнайы кабинет те берді. Қазір «Отандастар» қорымен бірігіп шетелдегі ағайынға қазақша үйретіп жүрмін. Бұл жақтағы қандастарымыз қазақ тілін меңгергісі келеді. Бірақ Париж үлкен қала болғандықтан, үйренем деушілерге келіп-кету қиындық тудырады. Сондықтан қалаға қазақша үйрететін бірнеше орталық керек, – дейді Құралай Қалиева.
Шекара сыртындағы қазақ тілінің жағдайы осындай. Шетелде ашылып жатқан қазақ тілі орталықтары мен курстары санының артып жатқаны ағайынның ана тілінен ажырамағанын аңғартты. Дегенмен атажұрттан алыс қалған ат төбеліндей ғана қандастардың ұлт ретінде сақталып қалуына әлі де жағдай жасауымыз керек. Ол үшін қазақ тіліне деген шеттегі ағайынның қызығушылығын оятып, жыл сайын түрлі байқау ұйымдастырсақ, артық етпейді. Қазақ тілін күнделікті қолданыста қолданбай үйрену қиын. Сондықтан әртүрлі Speaking club ұйымдастыру, тілді үйретудің әдістемелерін жүйелі зерттеу керек.