БИЗНЕС БАСТАУ ҮШІН ЕҢ АЛДЫМЕН НИЕТ КЕРЕК

0

Көпшілік кәсіпкерлерді ақшасы аспаннан түсіп жатқан бай адам ретінде қабылдайды. Дегенмен, тәуелсіздік таңында көп адам ақша таппай қиналып, күн көру үшін өз істерін бастап, кәсіпкерлікке бет бұрған болатын. Жұмыссыздық, күйзеліс жағдайында адамдар қандай болсын жұмысқа кірісіп, ол кейіннен табыс көзіне айналып кеткен. Кәсібінен нәсіп тауып отырған осындай жандардың бірі –
Айгүл Дәрменбаева. Ол кәсіби наубайшы-кондитер.
Кейіпкеріміз еңбек жолын сонау 90-шы жылдары 17 жасында бастаған. Ұзақ уақыт бойы кондитер болып жұмыс істеп, кейін наубайшы-кондитер, торт безендіруші мамандықтарын игеріп алған. Кондитер тағамдарын пісіріп, торт безендірумен айналысты. 2011 жылы үйде жеке наубайхана ашып, жеке бизнеске бет бұрды. Пісірілген өнімді мектеп, нан дүкендеріне тапсыратын. Бәліш, тоқаш, қамырға оралған шұжықшалар жоғары сұранысқа ие болды. Сонымен қатар Айгүл тойдың дастарханын әзірлеп, тауық, балық, үйрек пісіріп, тәтті нан дайындап, клиенттердің көңілінен шығатын. Өз ісін кеңейту үшін саусағынан бал тамған Айгүл мемлекеттік көмекке жүгінеді. Ол 2015 жылы жұмыспен қамту орталығы арқылы 4%-бен жеңілдікпен несие алса, 2017 жылы жылдық 6 % мөлшерлемемен тағы бір несие алып, қамыр жаятын машина, тоңазытқыш, құрылғы сынды қажетті құрал-жабдық сатып алған. Несиеге алған қаражаттың басым бөлігі шикізат сатып алуға жұмсалды.
«Наубайшының жұмысы оңай емес. Біз жұмысты күндізгі сағат 3-4-тен бастап, таңға дейін істейтінбіз. Бұл клиенттерге таң азаннан жаңа піскен өнімді жеткізу үшін қолға алынған шара болды. Өнімді көлікке салып, оны дүкендерге таратанбыз. Содан кейін қажетті шикізат алынып, бірнеше сағат демалып, қайта жұмысқа кірісетінбіз. Сенбі, жексенбі күндері тойларға дайындық басталып кететін», — дейді кәсіпкер.
Әрине, мұндай жұмысқа төзетін адам кемде кем. Жұмысшылар жиі ауысып тұратын, дегенмен Айгүлдің өзінің қолынан да көп нәрсе келетін. Жұмысшының біреуі белгілі бір себеппен жұмысқа шықпай қалса, жұмыс тоқтап қалмайтын. Өз білгенін Айгүл үйдегілерге де үйретті, олар оның негізгі көмекшілеріне айналды. Үйдегі цехте пісірілетін өнім түрі 40-қа жетті.
«Кәсіпкерлікке қалай келдіңіз?» деген сұраққа, кейіпкеріміз біраз ойланып, ол туралы армандамағанын айтады. «Өзі солай қалыптасып кетті. 90-шы жылдары ол туралы ойлаған жоқпыз. Бұл күнкөріс амалы болды. Біз қандай да болын жұмысқа кірісіп, білмегенімізді үйреніп жүрдік. Кәсіпкер болу үшін не қажет деге сұраққа, мен ниет керек деп жауап берер едім. Наубайшының жұмысы қиын, оған әрбір адам шыдай бермейді. Дегенмен, бізде таңдау болған жоқ», — дейді Айгүл Дәрменбаева. Қазіргі таңда ол бала күтіміне арналған демалыста, уақытша жұмысын тоқтатқан. Жақынарада бизнесін қайта жандандыруды жоспарлап отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.