БАС МҮФТИ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҮНДЕУ ЖАСАДЫ

0

Биыл мұсылмандар үшін қасиетті Құрбан айт 9 шілдеге белгіленген.
Осыған орай еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерге
үндеу жасады. Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерді азық-түлік пен
мал бағасын өсірмеуді, халықтың қалтасымен санасуға шақырды. Сондай-ақ биыл да құрбандық шалу ел аумағында офлайн және онлайн режимде жүзеге асатынын айтты.
Бұл бағытта арнайы сайт жұмыс істемек. «Жыл санауы бойынша 8 шілде күні Алла қаласа арафа күні болады. Ал енді Құрбан айт мерекесенің алғашқы күні, Алла қаласа Құрбан айт күні ол тоғызыншы шілдеге келіп отыр. Алла Тағала баршамыздың тілегімізді-ниетімізді қабыл етсін», деді Наурызбай қажы Тағанұлы. Айта кетсек, онлайн түрде құрбан шалам деушілер qurban2022.kz сайты арқылы құрбандық малын таңдап, көрсетілген реквизитке қажетті қаражатты аудара алады. Қой мен ешкіні жеке адам, ал ірі қара мен түйе малын бір немесе 7 адам бірігіп шалса болады. Сондай-ақ төлем жасау барысында хабарламаға тапсырыс нөмірі мен құрбандық шалушының аты-жөнін жазу міндетті.
Құрбандық шалынған соң оның фото және бейне есебі тапсырыс беруші көрсеткен WhatsApp нөмірге жіберіледі.
ҚҰРБАН АЙТ – ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ

ЖҮРЕКТІ ТАЗАРТУ
Құрбан – араб тілінде “жақындау” дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – “шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау” дегенге саяды. Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал “ұдһия” деп аталады.
Құрбандық шалу мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Мына кең-байтақ ғаламды жаратқан Құдіретті Ие жер бетіндегі саналы пенделерін бекерге жаратпаған. Олардың қоғам құрып, дұрыс өмір сүруі үшін тура жол көрсетіп дін жіберген. Қасиетті кітабы Құранда “Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым” (“Зарият” сүресі, 56-аят) деп білдірген. Демек, құлшылық жасаудың түп мәні – Жасаған Иенің жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау.
Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.
Мұсылман адам қара бастың қамын ғана ойламауы тиіс. Өзім ғана ішсем, жесем, өзім тоқ болсам болды, басқалар не болса ол болсын деген түсінік оған жат. Өйткені, “Көршісі аш кезде өзі тоқ түнеген адам бізден емес”, “Өзіңе тілеген жақсылықты басқаға да тілемейінше шынайы мұсылман бола алмайсың”, “Мұсылмандар бір дене тәрізді, бір жері ауырса, басқа мүшелерінің де мазасы кетіп, ұйқысы қашады” деген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері күллі мұсылман жұртшылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға шақырады.
Құрбан айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі. Ол күні Алла разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылатын күн. Қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып, Арафатта жалбарынып, дұға оқиды. Дүйім мұсылман баласы пайғамбарлардың ісін қайта жаңғыртып, Алла жолында құрбандық шалу арқылы бір-бірін дінге беріктік танытуға шақырады.

ҮКІМІ
Қадірі асқан құрбан айтта құрбандыққа мал шалу – Ханафи мәзһабында (шамасы жеткендерге ғана) уәжіп.
Уәжіптігінің аят-хадистердегі дәлелдері төмендегідей:
Алла тағаланың Құран Кәрімде: “Намаз оқы және құрбан шал” (“Кәусар” сүресі, 3-аят), – деп бұйыруы құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) “Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!”, – деп бұйырған. Әрине, мұндай қатаң ескерту, кем дегенде, құрбан шалудың уәжіптігін білдірсе керек.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) “Құрбан шалыңдар! Өйткені ол Ибраһим бабаларыңның сүннеті”, – деуі құрбан шалудың уәжіптігіне қайшы емес. Неге десеңіз, хадисте айтылған “сүннет” – жол деген мағынаны білдіреді. Яғни, бізге уәжіп ретінде міндеттелген құрбан шалу – Ибраһимнің (а.с.) жалғаса келген жолы деген мағынаны меңзейді.
Cондай-ақ құрбандық шалуға байланысты мынандай аяттарды келтіруге болады: “Әрі барша адамдарды қажылыққа шақыр, олар жаяу немесе ұзақ жерден арып-ашып, түйемен саған келсін. Келгесін олар мұның өздеріне тигізген түрлі пайдаларын көрсін. Алладан өздеріне ризық ретінде берілген құрбандық малдарды белгілі күндерде Алланың атын айтып, құрбандық шалсын. Оның етінен өздерің де жеңдер, жоқ-жітікке де жегізіңдер!” (“Хаж” сүресі, 27-28-аяттар).

КІМДЕРГЕ УӘЖІП?
Төмендегідей төрт шартқа ие жандарға құрбан шалу уәжіп:
1. Мұсылман болуы; 2. Ақылды және балиғат жасына толуы; 3.Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы; 4. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы.
Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки соның құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятыны секілді, тек қана еті үшін де союға болады. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанмен, жағдайы келсе құрбандық шалуына рұқсат. (М. Исаұлы, Қ. Жолдыбайұлы, Ислам ғылымхалы, “Нұр-Мүбәрәк” баспасы, Алматы, 2008, 397-б.)

ПАЙДАЛАРЫ МЕН ХИКМЕТТЕРІ
а) Алла тағаланың әмірлерін қалтқысыз орындау пендені Жаратушының ризашылығына бөлеп, ақыретте сый-сыяпатқа кенелтеді. Құрбан шалу да – Алла тағаланың арнайы бұйрығы. Сол себепті бұл бұйрықты шын ықыласпен атқарушы Раббысының ризашылығын алып, ақыретте жүзі жарқын болады, мол сауап иеленеді. Пайғамбарымыз хадисінде бұл ақиқатты былай деп түсіндіреді: “Адам баласы құрбан айт күні (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар”. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) басқа хадистерінде Алла ризашылығы үшін шалынған құрбанның әрбір қылшығы үшін сауап бар екенін былай деп сүйіншілеген: “Сахабалар Расулімізге (с.ғ.с.):
– Уа, Алланың Елшісі, құрбандық деген не? – деп сұрақ қойды.
– Құрбандық – сендердің Ибраһим (а.с.) бабаларыңның сүннеті, – деді.
– Одан бізге қандай сауап бар?
– Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар.
– Қойдың жүнінен ше?
– Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады”.
Алла разылығы үшін риясыз көңілмен сойылған құрбандық мал ақыретте қылдай жіңішке, қылыштай өткір Қылкөпірден өтерде иесіне көп көмектеседі. Пайғамбарымыз бұл жайында өз хадисінде былай дейді: “Құрбандыққа малдың ең жақсысын, көзге жұғымдысын таңдаңдар, өйткені ол – Қылкөпірден өтердегі өз көліктерің”.
Шындығында, Алла тағала біздің шалған құрбандарымыздың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. Біздің шалған құрбандарымыздың еті немесе қаны Алла тағаланың құзырына жетпейді. Бірақ біздің оның әмірін ләббайк деп құлдық ұрып орындауымыздағы ықылас-ниетіміздің Алла Тағалаға жетіп, ризашылығына себеп болары сөзсіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.