БАЛАЛАРҒА ТАМАША БАЗАРЛЫҚ

0

Ауыл тұрғындары үшін жұмыспен қамту деңгейін көтеру, өмір сапасын және әлеуметтік қызметтер қолжетімділігін арттыру мемлекетіміздегі маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөздерінің бірінде елді мекендер жолдармен, байланыспен, интернетпен, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарымен қамтамасыз етілуі тиіс деп атап өткен болатын.
Алға қойылған міндеттерді іске асыру аясында бүгінгі күнде ауылда тұру үшін қолайлы жағдай жасалуда.
Сарыбұлақ кезінде алдыңғы қатардағы ауылдардың бірі болатын, алайда шаруашылық құлдырап, ауыл ажарынан айырылған болатын. Енді, еліміз еңсесін тіктеп, ауыл тамырына қан жүгіргендей болды. Сарыбұлақ ауылдық округінде, ауданның басқа округтерінде сияқты әлеуметтік маңызы зор нысандардың құрылысы қолға алынған. Жуырда ауылда балалар ойын алаңшасы ашылды.
Нысанның ашылу салтанатына жергілікті әкімдік қызметкелері, ақсақалдар кеңесінің өкілдері, тұрғындар және ауыл балалары қатысты. Басқа қонақтардан бұрын ата-аналарымен келген балақайлар төбешіктен сырғанап, құмсалғыштарда, әткеншекте ойнап мәре-сәре болып жатты.
«Балалар – ата-ана үшін ғана емес, бүкіл ел үшін басты байлық. Олар біздің болашағымыз. Олардың болашағы бізге байланысты. Біз оларды белсенді, адал және адамгершілігі мол адам ретінде тәрбиелеуіміз керек. Балалар бір-бірімен ойнап, араласып, уақыттарын көңілді өткізу үшін оларға барлық жағдай жасау қажет. Бұл ойын алаңшасы тиісті талаптарға сай келеді», — деді өз сөзінде Сарыбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Мұрат Ибраимов.
Сонымен қатар М.Ибраимов қазіргі таңда жаңа су құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын және бұл жұмыс аяқталған соң әкімдік тарапынан ауылішілік жолдарды жөндеуге қаражат қарастырылатынын айтып, ауыл тұрғындарымен жақсы жаңалығымен бөлісті.
Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуантай Бұзаубаев ауылдастарын бұл тамаша оқиғамен құттықтап, нысанды күтіп-ұстау бойынша ақыл айтып, қажет болған жағдайда балалар алаңшасында тәртіп сақтау бойынша кезекшілік ұйымдастыруды алға тартты.
Балалар алаңшасы жаңа спорт кешенінің маңында ашылды, ал аталмыш кешен жаңа оқу жылында пайдалануға берілмек. Сонымен бірге, алаңша жанында жаңа стриворкаут орналасқан. Жақын арада бұл жер Сарыбұлақтағы таза ауада белсенді демалу үшін ең тартымды орын болмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.