Дәстүрлі діни таным дегеніміз ол – біздің ұлттық болмысымыздың өзегі. Жалпы дінге қатысты төрт мәселе бар: діни таным, діни сана, бұларды қамтамасыз ететін діни сенім мен діни ұстаным. Осы төртеуі де қазақта бар. Біздің діни танымымыз фиқһта Әбу Ханифа мәзһабы, діни сенім Матуриди ақидасына негізделген. Осы негіз біздің ойлау жүйемізден, дүниетанымдық қабаттарымыздан, әдет ғұрпымыздан, салт-дәстүрімізден көруге болады. Ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолы исламмен байланысын ешқашан да үзген емес, тіпті қазақ мәдениетін елестету де мүмкін емес. Діни ұстаным — адамдардың санасына, мінез-құлқына ықпал етеді, рухани-адамгершілікке шақырады.
Дін – тұнып тұрған мәдениет. Дәстүрлі дініміз қазақ халқының салт-дәстүріне сай. Біздің әдет-ғұрпымыздың бәрі шариғатқа сәйкес құрылған. Дін — табиғатына сай халқымыздың салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен үндесіп, зайырлы қоғамның мүмкіндіктеріне орай елді ізгілікке шақырады. Дін – өнегелілігімен және діни толеранттылығымен ерекшеленетін гуманитарлық мәдениеттің ажырамас бөлігі. Дін құлдырай бастаса, адамның бүкіл руханияты ауруға ұшырайды, ал егер өркендей түсетін болса, онда мәдени өсуге жол ашылады. Дін — дағдарысқа ұшыраған жағдайда, оған іргелес тұрған мәдениет те құлдырап, жойылуға айналады. Дін — тарихи-мәдени таным ретінде өркениетке өмір сыйлады. Олардың бірлескен өзара әрекетінен әлемдік тарихтың мазмұны құрылады. «Мәдениет» пен «өркениет» бастапқы жабайылықтан құтқарады, халықты адамиландырады, басқаша айтқанда, олар адамды түбегейлі өзгеріске ұшыратады. Дін – мемлекеттік бірлік пен билікті нығайтушы, адамдарды жақындастырушы, қоғам тамырындағы қан айналымын реттеуші, бауырмашылық пен ұйымшылдықты уағыздаушы. Дін — адамдарды білімділікке, еңбек етуге, сабырлылыққа, қайраттылыққа үндейді «дін мен дәстүр үндескенде ғана дін дамып, дәстүр байиды». Дәстүрлі діннің құндылықтары салт-дәстүрлердің рухани өзегіне айнала отырып, қазақ халқына ғылым, білім, діни танымдық көзқарасты тарту етті.
Қазақ халқы ислам дінін өз халқының діні ретінде ұстанғанына да мың жылдан аса уақыт өтіпті. Дәлірек айтқанда, VIII ғасырдан бастау алғанымен, Х ғасырдың екінші жартысында арғы қазақ тайпалары тарихи шынайы таңдау жасап, ислам дінін қабылдады. Міне, осы кезеңнен бастап қазақ жері ислам өркениеті тараған аймаққа айналды. Сунниттік бағыттағы мұсылман діні — қазақ халқының рухани байлығының ажырамас бір бөлігіне айналды. Негізінде, қазақ халқы мәдениеті мен тарихындағы ислам дінінің рөлін екі аспектіде қарастыруға болады. Бір жағынан алғанда, құлдырап бара жатқан нанымдардың орнына келген ислам діні адамдардың адамгершілік тұрғыдан биіктеуіне, интеллектуалды және мәдени ілгерілеуіне ықпал етті. Әсіресе, дін ұлттық сипаттағы ең үздік қасиеттердің қалыптасуына оң әсер етті. Келесі жағынан алғанда, исламнан нәр алған халық тарих белестерінде өзіндік орнын жоғалтпау үшін мәдени күреске ұмтылды. Қазақ даласында «Құран», «пайғамбар», «шариғат», «ислам» сөздері үнемі айтылып жүрді. Араб-парсы классиктерінің шығармалары қазақ ұлттық мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналды. Өзінің бүкіл саналы ғұмырында қазақ халқы араб жазуын пайдаланып келді. Соңынан мұны Ахмет Байтұрсынов реформалап, өзіндік «төте жазуға» айналдырды, оған қазақтың төл дыбыстарын білдіретін таңбалар ендірді.Қазақ мәдениетінің майталмандары атанған ақын-жыраулар, күйшілер, билер ислам өркениетінің көрнекті өкілдері атанды. Олардың діни білімдері ерекше болды. Қожа Ахмет Ясауи мен Асан Қайғыдан бастап Шәкәрім мен Міржақып Дулатовқа дейінгі қазақ мәдениетінің барлық өкілдері ислам руханиятының тасымалдаушыларына айналды. Қазақ зиялыларының барлық өкілдері мұсылмандықты ұлттық-мәдени өмірдің қажетті бөлігі деп санады. Олар осы діннің мәдени, гуманистік және ұйымдастырушы кезеңін өркендетуге ұмтылды. Қазақтар көшпенді түркі халықтарының (ғұндар, орхон түріктері және т.б.) тікелей ұрпағы болып келеді. VI-VIII ғасырларда ұлы далада үстемдік құрған түркі тілдес тайпалар дәуірі, қазақ халқының рухани тарихында ерекше орынға ие. Өйткені дәл осы кезеңде қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген халықтың шаруашылық жүргізу әдістері, тілі, тұрмысы, ұлттық-мәдени және саяси дәстүрлері қазақтардың ислам дінін қабылдауына да өзіндік әсерін тигізді.
Ал қазіргі әлемдік геосаясаттағы діни фактордың күшеюі, қазақстандық қоғамның дінге қатысты жаһандық үрдістерге ашық болуы діни пиғылдағы экстремизм, терроризм және жалған діндер мәселесін алға тартады. «Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау көбейеді» деген негізгі өмірмәндік мәселелер.
Атын атап, түсін түстемесек, жалпы жұртшылыққа белгілі бұл кері ағымдар рухани ізденіс үстіндегі жастардың дүниетанымдық діни мәдениеті қалыптаспағанын пайдаланып, олардың кез келген жас адамға тән болып келетін рухани ізденістерін, кейде, тіпті, әлеуметтік-материалдық мұқтаждықтарын пайдаланып, студент-жастарды тікелей уағыз арқылы немесе интернет ресурстары арқылы оларды өз қатарына тартып алуда. Нәтижесінде қазақ баласы халқымыздың ғасырлар бойы ұстанып келген ханафилік дәстүрлі исламнан жеріп, қоғамнан, мемлекеттен, тіпті отбасы мен құрбы-құрдастарынан оқшауланып, мазхабтан тыс, мақсаты күмәнді жатжерлік ағымдардың қатарын толықтырып, өздері байқамай сыртқы ықпалды күштердің геосаяси ойынының құрбанына айналып кетуде.
Қазіргі жаңартушылық пен жаһандануға тап келіп отырған еліміз бен халқымыз үшін болашаққа дұрыс бағдар ұстануда өткеннің өсиетінен тәлім алу маңызды. Дін – мемлекеттің, ішкі тұрақтылықтың да кепілі.
Қақпатас ауылдық округі әкімінің аппараты КММ