Қазір YouTube сынды видеохостинг пен түрлі әлеуметтік мессенджерлерді ашып қалсаңыз болғаны, тұлғалық дамыту жөніндегі онлайн курстар мен табысты еселетудің жолдарын үйрететін бизнес-менторлардан, коучтардан, сондай-ақ блогерлерден көз сүрінеді.
«ТАБЫС ЖОҒАРЫ БОЛСА, ЕШКІМ ТРЕНИНГКЕ
БАРМАС ЕДІ…»
Даусыз, цифрлы медиа заманда контент жасауға әркімнің бар таласы, алайда бар тапқан-таянғанын осындай курстар мен әлеуметтік желідегі ұтыстарға әрі қаржылық пирамидаларға жұмсап, соңында сан соғып қалатын отандастарымыз да бар. «Мынаның айтқанын мен де айта аламын ғой». Телевизия саласында жұмыс істейтін әріптесімнің осы бір сөздері әлі есімнен кетпейді. Бұл шамамен үш жыл бұрын еліміздегі жетекші мұнай-газ компаниясының мерекелік жиынына шақырылған ресейлік «бизнес-мотиваторға» қарата айтылған ой. Рас, әдетте қандай-да бір салада жетістікке жеткен жандардан кірісті арттыруға байланысты жүйелі әрі математикалық тұрғыда өлшенген дәйекті кеңестерді күтеміз. Ал жоғарыда келтірілген азамат «нағыз табысты тұлғалар ерте тұрып, әр күнін жоспарлай білуі тиіс», дегеннен әрі аспады.
Жасыратыны жоқ, кейбір «коучтардың» адам бойындағы қабілеттерді дамытуға қатысты кеңестері құлаққа жағымды естілгенімен түбін қазсаң олардың дөңгелеп тұрған кәсібінің жоқ екенін байқайсыз. Өкініштісі сол, халықтың барлығы бірдей кімнің арамза, кімнің кәсіби маман екенін ажырата бермейді. Сонда мұндай күмәнді тұлғалардың қақпанына түспеу үшін қайтпек керек? Осы туралы және тренинг өткізу үрдісі елімізге қай жақтан келгенін сарапшылардан сұраған едік.
Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, корпоративтік этиканы қалыптастыруды көздейтін кез келген компания үшін оқыту курстары мен тренинг өткізу қалыпты құбылысқа айналған. Тіпті кейбір ұйымдардың жеке корпоративтік университеттері бар.
«Айталық, Air Astana және BI Group секілді ірі холдингтерді алып қарайық. Олар өздерінің оқыту орталықтарын ашып, сонда мамандарды дайындап, біліктіліктерін арттыруға күш салады. Жалпы, бұл қалыпты жағдай және қажетті амал. Неге десеңіз, қызметкерлердің біліктілігі мен тәжірибесі артқан сайын жұмыстың сапасы жақсарып, компанияның табысы ұлғаяды. Бұл бизнестің алтын әріппен жазылған қағидасы. Демек, табысты болуды көздейтін кез келген коммерциялық ұйым мықты мамандарды жұмысқа алуға тырысып, қарамағындағы қызметкерлердің кәсіби дағдыларын шыңдауға мән береді. Өйткені нарықта бәсекеге қабілетті болу үшін осындай қадамдар жасауға дайын болуы керек.
Бірақ кейінгі кезде ақпараттық бизнес бағытында «ақпарат сығандары» деген ұғым қалыптасты. Бұл тұтастай әлемдік үрдіс. Дүние жүзін өзіне аудартып, тренинг өткізумен ақша тауып жүрген коучтар бар. Алысқа бармай-ақ елімізге тоқталайық. Таяуда әлеуметтік желілерде қызыл жіпке байланысты қызу пікірталас туғанын білеміз. Таңғалдырғаны, мұндай затты сатып алғандар жоқ емес. Осындай азаматтардың кәсіптерін заңмен қаншалықты тежеуге болатынын білмеймін, десек те халықтың көзі ашылып өзіне қажеттісін таңдап алады деп ойлаймын. Бұған тек уақыт керек. Мейлі, мұндай «бизнес-тренерлер» көбейе берсін. Сауатты қоғамда оларды нарық өзі ысырып тастайды. Бұған байланысты мысал жетерлік. Сондықтан адамдар өздеріне керектісін айқындап алар. Екінші жағынан, халықтың осындай азаматтарға илануы еліміздегі әлеуметтік жағдайдың төмендігін байқатып отыр. Яғни азаматтар «осы тренингке қатыссам, тез байып кетемін», деп ойлайды. Сол себепті тапқан-таянғанын түрлі коучтардың семинарларына жұмсайды. Егер де халықтың табысы жоғары болса, аталған тренингтерге бармай сапалы оқыту курстарын таңдауға мүмкіндігі болар еді. Мысалы, арнайы академиялық білім алып, магистратураны тәмамдап, сондай-ақ шетелде білімін жалғастыруға жолы ашылады. Сондықтан бұл жерде табыстың жоғары болуы мен қаржылық сауаттылық үлкен рөл ойнайды», — деді М.Халық.
ОТАНДЫҚ БІЛІМ САПАСЫ КӨҢІЛ КӨНШІТПЕЙДІ
Экономика институты Заманауи зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Айсұлу Тұрсынбайқызының пікіріне сүйенсек, сайып келгенде мәселенің мәнісі еліміздегі білім сапасының төмендігіне келіп тіреледі. Өйткені отандық білім беру орындарын тәмамдап шығатындардың кәсіби дағдылары көп жағдайда нарықтың сұранысына сай емес. Осыдан кейін көпшілік тренингтер мен түрлі коучтардың қызметіне жүгінуге мәжбүр.
«Жеке адамның, оның ішінде белгілі бір маман иесінің және тұтастай компанияның қосымша білім алуға деген құштарлығы қашан да өзекті. Бұл барлық теориямен дәлелденген. Себебі білімге салынған инвестиция түбі өзін ақтайды. Мәселе алған білімнің дәлдігінде және оны тиімді қолдана білуде жатыр. Яғни қандай да бір тренинг немесе курсқа жазылатын компания немесе жеке адам болсын, алдына нақты сұрақ қоя білуі тиіс. «Осы дамыту курсына қатыссам, компанияға немесе қызметіме пайдамды тигізе аламын ба?», — деген секілді.
Аутсорсинг, фриланс, яғни жалдамалы қызмет пен қашықтан жұмыс істеу түрі дамыған цифрлы заманда бизнес-тренинг және коучинг еңбек нарығының түрленгенінің көрінісі. Жаңа мамандықтар мен дағдылардың пайда болуы әлемдік еңбек нарығында коучинг пен бизнес-тренингтің өркендеуіне алып келді. Осы ретте халықаралық университеттер де өздерінің онлайн курстарын ашып, сатып жатқанын айта кету керек. Мысалы, баршаға мәлім Coursera платформасында көптеген курс сатылады. Онда қажетті курсты тәмамдап шыққан адам тиесілі сертификатына ие болады. Интернет пен әлеуметтік желінің дәурені жүріп тұрған шақта бұл әлемдік үрдіске айналды.
Басқа мемлекеттерде осы іспен университеттер мен арнайы мамандандырылған ұйымдар айналысса, елімізде бұл қызметті жекелеген адамдар ұсынып жүр. Бізде аталған сала әлі дұрыс жолға қойылмаған. Кез келген азамат өзін сертификаты бар маман ретінде таныстырғанымен оның шын мәнісінде кім екенін халық тексере алмайды. Тренинг өткізетіндердің сертификаты болуы міндетті», деді А.Тұрсынбайқызы.
КӘСІБИ ДАҒДЫ ЖЕТІСПЕЙДІ
Қазақстанның кейбір азаматтары сертификаттаудан халықаралық ұйымдар арқылы өтсе, енді бірі еліміздегі ұйымдарды таңдауды құп көреді. Бірақ соның өзінде бұл тұлғалардың кәсіби біліктілігіне байланысты сұрақ көп.
Мәселен, KazLogistics салалық қауымдастығы бар. Олар елімізде көлік-логистика саласында кәсіби біліктілікті жоғарылатуға көмектесіп келеді. Сарапшылар басқа да қауымдастықтардың негізінде бұл бағыттағы жұмысты жолға қоюға болатынын айтады. Әйтсе де халық мұндай қауым-дастықтарға жүгінгеннен гөрі әлеуметтік желідегі ұсыныстарға әуес.
«Неліктен адамдар сан алуан курсқа, тренингке жазылуға мұқтаж? Себебі олардың кәсіби біліктілігі мен мамандығына байланысты қызметтік дағдылары төмен. Білім бар, теорияға қаныққан, алайда қажетті дағды жетіспейді. Жоғарыда айтқанымдай бұл жалпы әлемдік үрдіс. Онда неліктен ол Қазақстанда жабайы түрде жүзеге асырылып жатыр? Еуропада, атап айтқанда Германияда тәжірибеден өткенде байқағаным, жергілікті халық алған білімін мақсатына қарай пайдаланады. Былайша айтсақ, білімі мен дағдылары бір-бірімен үйлесім тауып, мамандық бойынша еңбек етуге оң ықпалын тигізіп отыр. Сондықтан олар жан-жақтан тренинг, курс іздеп, әуре-сарсаңға түспейді. Жазылған күннің өзінде қызметіне қажетті нақты оқуға барады әрі оны арнайы ұйымдар ұсынады.
Әлбетте, біздің жағдайымызда еліміздегі, әсіресе өңірлердегі жұмыссыздық, әлеуметтік жағдайдың төмендігі, отбасылардағы ақшалай кірістің аздығы сынды проблемалар халықтың осындай қосымша жолдарды іздеп, сенуіне әсер етіп отыр. Өкінішке қарай, өңірлерде сапалы білім жоқтың қасы. Осыдан барып, халық әлеуметтік желіге жүгінбей қайтеді?!
Ең алдымен, Қазақстандағы орта және жоғары білім берудің сапасын жақсарту қажет. Сондай-ақ еңбек нарығына қажетті дағдыларды үйретуге дұрыс көңіл бөлінуге тиіс», — деді Заманауи зерттеулер бөлімінің меңгерушісі.
Әлеуметтанушылар айтқандай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп алуан түрлі онлайн курсты әзірлеп шығарған. Десе де оның сапасы мен әлеуметтік желілерде насихатталу деңгейі өте төмен. Тіпті мұндай мемлекеттік тегін оқыту бағдарламаларынан халық бейхабар.
ҚЫЗЫЛ ЖІПТІҢ ӘЛЕГІ
Енді қоғамда резонанс тудырған кейсті қарастырып көрсек. Шамамен бір ай бұрын отандық интернет кеңістігінде қызыл білезіктің, нақты айтқанда қызыл түстес тоқыма жіптен жасалған бұйымның мәселесі біраз пікірталас тудырған еді. Әрине, әлеуметтік желінің инфлюенсерлері (әлеуметтік желіде, қоғамда өзіндік пікірі қалыптасқан ықпалды адам) оқырман санын көбейту үшін иә болмаса кез келген тауарды жарнамалау мақсатында алуан түрлі амалдарға барып жататыны белгілі. Алайда оның да шегі бар екенін кейде естерінен шығарып алатын сынды. Олай дейтін себебіміз, маркетингтің белгілі талаптарын сақтауды былай тұрсын, жарнамалайтын өнімнің тылсым күшке толы екенін, тіпті балалы бола алмай жүргендер аңсаған армандарына жететініне сендіріп бағады. Онымен қоймай, саудаланатын тауарға әулие-әнбиелердің рухы дарыған деп, міндетті түрде табысты болатынына кепілдік беретіндері де бар. Теология тұрғысынан бұл қаншалықты дұрыс? Осы сұрақты дінтанушыларға қойған болатынбыз.
«Тұмарды алып қарайық, оны не үшін тағады? Оның ішіне Алланың сөзі, яғни Құран аяттары салынады. Демек бұл бір Жаратушыға иман келтіріп, оның қасиетті сөздеріне құрмет көрсетудің белгісі. Дәл осындай ниеттегі адамдар үшін бұл сауапты. Сүйектен, жіптен немесе басқа да материалдан жасалған заттарды тағып, олардың бойында Құдайдың күшімен пара-пар құдірет бар екеніне илану бұл Ислам дінімен құпталмайтын әрекет саналады. Одан сақтанған абзал. Ал енді кімде-кім осындай бұйымдарды таратып, өзгелерді оның құдіретіне сендіретіндей көзқарас қалыптастырса, бұл адамдарды адастырғанмен тең. Мұндай істерден барынша аулақ болған жөн», — деді Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл.
БЛОГЕРДІҢ ҚЫЗМЕТІ КӘСІПКЕРЛІККЕ ЖАТА МА?
Заңгер Бек Маратұлы айтқандай, мейлі блогер немесе қарапайым интернет қолданушысы болсын ғаламторға, әлеуметтік желілердің платформасына кез келген тауарды сатуға қоймас бұрын оның сертификаттаудан өткеніне және белгілі бір стандарттарға сай болуына көз жеткізуге тиіс. Сонымен қатар осы қызметтен түсетін табыс расталып, тиісті салықтар төленуі қажет. Сол себепті жеке кәсіпкерлік немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестігі секілді ұйымдық-құқықтық жағы ескерілсе игі дейді заң саласының өкілі. Өйткені бұл кәсіпкерлік қызметке жатады.
«Егер де блогер өз өнімін әлеуметтік желілерде сатып, өткізумен айналысса, ол оның сапалылығына сенімді болуы керек. Себебі тұтынушылар өз құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті органдарға жүгінуге құқылы. Тұтынушының құқығы пайдаланылатын тауармен бұзылмауға тиіс. Шартты түрде блогер қандай да бір өнімді ойлап тапса, аталған өнімнің патенті немесе одан әрі сату үшін тиісті сертификаты болуы қажет. Мысалы, тұтынушылар тарапынан шағым түскен жағдайда тауар өндіруші сотта немесе сотқа дейінгі тәртіпте сатылатын тауарлардың сапасы мен күнделікті өмірде жарамдылығын дәлелдеуі керек», — деді заңгер.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІ ПАЙДАЛАНУ МӘДЕНИЕТІ ТӨМЕН
Цифрлы медианың маманы, журналист Алмас Тоқабаевтың айтуынша, әлеуметтік желі арқылы тауар сату, онлайн курс жүргізіп табыс табу бұрыннан бар үрдіс. Бірақ кейінгі уақытта оның танымалдылығын пандемия арттырды. Оффлайн кездесулер, оқыту процесі мен сауда-саттықтың дәстүрлі түрі шектеліп, қоғамдық өмір тұтастай онлайн форматқа ауысты.
«Онлайн өмір қалыпты дүниеге айналған соң әлбетте оның ішінде алаяқтардың да пайда болатыны белгілі. Әлемжеліде заңсыз ақша табудың белең алуына халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігі алып келді деп ойлаймын. Енді ойлап қараңыз, қарапайым орташа жалақы алатын адамның баспана алуға деген сенімі жоқ. Әртүрлі есептеулерге сәйкес күнделікті тұрмыста жұмсалатын қаражаттан қалған ақшаны жинағанның өзінде үй алуға шамамен 150-200 жыл қажет болады. Ипотекаға алса, оны 25 жыл өтеуі тиіс. Жалақымен күн көру қиындай түскен соң еріксіз жыл-дам байып кетудің түрлі жолдарын іздей бастайды. Нәтижесінде, кейбірі алаяқтарға ұрынып, опық жейді. Десе де аталған мәселеде кінәлілерді іздейтін болсақ, біріншіден бұл жерде жауапкершілік сондай қаржылық пирамидаларға, алаяқтарға сенген адамдардың мойнында. Себебі әр азамат өз қаражатын қайда салатынын, кімдерге тапсырғалы тұрғанын бірінші кезекте өзі тексеруі қажет. Өйткені құр жарнамалау арқылы оның ақшасын ешкім де мәжбүрлеп иемдене алмайды. Көрген жарнамаға иланып, қаражатты өз қолымен апарып берді ме, демек жауапкершілікті де өзі арқалайды. Яғни осы бағытта сауаттылықты арттыру қажет деген сөз.
Танымал блогерлердің, әншілердің және әртістердің ұтыс ойындарын өткізіп, жарнама жасаудан қорықпайтыны, бізде бұл мәселені реттейтін заң жоқ. Олар белгілі бір тауарға немесе қызметке байланысты жарнама жасап, ақша алғанымен іс-әрекеттері заң аясында дұрыс. Неге десеңіз, барлық кодекс түрімен олардың оны өткізуге толық құқығы бар. Жарнама үшін ғана ақы төленетінін ескерсек, тапсырыс беруші компаниялардың жауапкершілігін олар өз мойнына алмайды. Сондықтан заң аясында жарнама жасамаңдар деп айту мүмкін емес. Ал енді моральдық жағы бөлек мәселе. Мұны әр блогер, әнші жеке арына қарай шешеді. «Ақпараттық сығандардың» арбауына түспеу үшін адам өзінің сауаттылығын үнемі арттырып отыруы керек. Олардың белгілерін білуге тиіс. Сақтанудың жолдарын біз үнемі айтып келеміз, бізге дейін де айтылды. Өкінішке қарай, халық ақпаратты оқып тексермейді. Көпшілігі көруге құмар. Көрген нәрсесіне қызығып, сенеді. Ал оқитындардың саны көретіндерден артқан кезде бізде сауат пайда болып, алданатындардың қатары азаяр еді», — деді А.Тоқабаев.
Естеріңізде болса, бір-екі ай бұрын алматылық блогерлер қаржылық пирамидаға қатысы бар деген күдікпен қамауға алынған болатын. Осы орайда Ішкі істер министрлігіне әлеуметтік желіде қаржылық пирамидаларды жарнамалайтындарды қандай жаза күтіп тұрғанын анықтау үшін сауалхат жіберген едік. Министрліктің ресми жауабында еліміздегі қолданыстағы заң аясында қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметін жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделмегені айтылды.
«Аталған іс-әрекетті жасаған адам Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 150-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке (қаржылық (инвестициялық) пирамиданың қызметін жарнамалау) тартылады», — делінген.
Ведомствоның берген мәліметіне сенсек, кейінгі 5 жылда республика аумағында азаматтарды әлеуметтік желілер арқылы компанияларға (ұтыс ойындарына) ақша салуға шақыру фактілеріне байланысты қылмыстық істер тіркелмеген.